ЕЖЕЛГІ ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Тараз қаласы – Жамбыл облысының орталығы. Қаланың іргетасы қытай деректері бойынша б.з.б. 40 жылдары қаланған. Қала атауы тарихта әртүрлі аттармен «Талас, Далосе, Ианги Тараз, Әулиеата» аталып келген. Тараз қаласы – Батыс Түркі, Түргеш, Қарлұқ, Қарахан, Қарақытай мемлекеттерінің саяси астанасы болған. Бірде қытайлар ғұндарды шауып, тас-талқан етеді. Сол ғұндардың солтүстік әскерін басқарған Шөже Тәңірқұт Алтайдан ығысып, оңтүстіктегі Талас жеріне келеді. Осы өңірдегі Қаңлы, Үйсін қағанаттарының басын қосып, қытайға қарсы соғыс ашады. Баяғы кегін қайтаруды ойлайды. Өзінің уәзірлерін жинап алып:
Менің игі жақсыларым! Қытай біздің ата-баба жерімізді шауып, халқымызды қырғынға ұшыратты. Тәңірі биік көрген Көкбөрінің ұлдары ешқашан жасымайды, рухы сынбайды. Біз кек алатын уақыт келді. Қалайда қытайды шауып, үлкен олжаға батамыз, — деп сөзін аяқтайды.
Иә, Тәңірінің қалаулысы Шөже Тәңірқұт! Сіз бастаңыз, біз қостаймыз. Дұшпанымызды жер жастандыруға рухтанып тұрмыз, — деп шабыттана түседі әскерлері. Сонымен әскер жиналып, жауға қарсы аттанады. Екі жақтың әскері үш күн бойы соғысып, аяғында Шөже Тәңірқұттың әскері жеңіп, көп олжаға батады. Байлықтың көп болғаны соншалық, оны сақтайтын, сыйғызатын да орын қажет болады. Сонда Тәңірқұт тұрып:
Уа, халқым! Дұшпанды жеңдік, байлыққа кенелдік. Енді мұны қорғайтын да, қорға алатын да бір орын керек. Сол себепті, Талас өзені жағасынан бір қала тұрғызайық. Бұл біздің жеңісіміздің құрметі болсын. Қала атауын Талас деп қоямыз, — деп жарлық беріпті. Міне, сол күннен бастап қаланың іргетасы қаланып, ол үлкен қалаға айналады. Кейіннен гүлденіп, өркениеті өскен шаһарға айналып, әлем саудагерлері сауда жасайтын ордаға айналыпты.
Comments (0)
Add Comment