Баға жетпес байтақ даламыздағы әрбір мекен өскелең ұрпақ үшін ардақты аманат, қастерлі қоныс. Ал, тарихи деректер мен жауһар жәдігерлерінің саны бойынша қасиетті Әулиеата жерімен еліміздің ешбір өңірі таласа алмайды. Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асқан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына өңірімізден бір емес, сегіз мәдени–тарихи нысанның енгізілгендігі осы сөзімізді тағы бір мәрте дәлелдеп тұрғандай.Соның бірегейі – Ежелгі Тараз қалашығы.
Жалпы, Ұлы Жібек жолында орналасқан Тараз қаласы (Талас) – б.д.д 36-40 жылдары тарихи-мәдени орталықтардың бірі болып қалыптасқан. Ол жөнінде алғаш рет Византия деректерінде көрсетілген. Ал, 630-жылдары осы өңірге саяхаттап келген Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь: «Тараздың аумағы 8-9 ли. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, түрлі заттар әкеліп сатады» деп жазған. Араб саяхатшысы Ибн Хаукальда қаланы дәл осылай: «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы» деп суреттейді. Сондай-ақ, араб тарихшысы әл-Макдиси: «Тараз – бақтары мол, тұрғындары тығыз орналасқан үлкен қала» – деген мәліметтер қалдырады. Х ғасырдың ортасында Тараз қаласы Қараханидтер империясының ірі мәдени орталығы болды.
Осылайша, Кіші Азия тарихындағы Троя шаһарымен тағдырлас, Жер-ананың жеті қабатына іргесі қаланған көне Тараз қаласының орталығы 3 бөліктен тұрды. Олар цитадель, шахристан және рабад. Тараз қаласының көне негізгі тарихи орталығы «цитадель» деп аталады. Мұнда қаланы билеушілердің резиденциясы орналасқан. Цитадельге жапсарлас қабырғамен қоршалған қаланың «шахристан» деп аталатын бөлігінде зиялы қауымның, бай саудагерлердің, қолөнершілердің үйлері, шығыс базары мен мешіт, ал, шахристан қабырғаларына жапсарлас қолөнершілердің шеберханалары, үйлері «рабад» орналасты.
Ежелгі Тараз қаласының аумағында XIX ғасырдың аяғынан бастап жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан жасалған су құбырлары, қоғамдық моншалар, мыс-қола теңгелер құятын орын, тас төселген көшелер және басқа да құрылыстар табылған.
Ең қызығы, қазба барысында табылған аумағы кішкене қыш құбырлардың көпшілігінің өзегінде онымен ыстық су жүргендігін дәлелдейтін ақ дақтардың іздері сақталыныпты. Кейбір бөлмелердің астында жылу жүретін жолдар бар. Олардың үстін жалпақ тастармен жауып, әк қосқан ерітіндімен сылап тастаған. Еден астындағы жылу құбырлары қабырғаларының нақышына келтіріліп, әсем әрі берік қалануы олардың осы уакытқа дейін бұзылмай сақталуына мүмкіндік туғызған.
Моншаға су арнайы қазылған құдық арқылы келтіріліп, бөлмелер еден астынан салынған ыстық өткізгіш каналдар көмегімен жылытылған.
Ең соңғы қазба жұмыстарын 2013 жылы «Археологиялық сараптама», 2014 жылы «Қазархеология» және «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізген.
– «Ежелгі Тараз» жобасының негізгі мақсаты – өңірде мәдени-туристік бренд құру. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Бүгінгі күні қалашық маңынан 2 837 жәдігер табылды. Одан бөлек, 1 100 жәдігер қазір зертханалық өңдеуге жіберілген. Біздің негізгі бағытымыз – көне жәдігерлерді сақтап, қайта қалпына келтіру. Жуырда көрме техникалық жабдықтармен жасақталады. Олардың қатарында жаңа технологиялық лэд-экрандар, электронды нұсқаулықтар, ақпараттық дүңгіршектер бар. Мұндай жаңартулар әрбір келушіге заманауи, жан-жақты қызмет ұсынатын болады. Қазір бір мәселеміз – көрме аумағын облыс балансынан шығарып, республика меншігіне өткізу. Бүгінгі таңда осы мәселенің шешімін қарастырудамыз, – дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи — мәдени қорық мұражайы директорының орынбасары Қуаныш Дәуренбеков.
Расында, сол замандарда электр қуаты жоқ кезде, табиғи ресурстарды моншаға тартып әкеліп, шүмектерден шыққан суды қайта кері ағызып, кәріз жүйесінің циркуляциясын жасаған көне дәуірдің инженерлеріне таңғалмасқа амалың жоқ! Адам айтса нанғысыз осындай таңғажайыптарды тек қана көзбен көру керек.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ