Ескерту алған: Әйел такси жүргізушісіне пышақпен шабуыл жасаған

Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының сотында такси жүргізушісін пышақтады деп айыпталған әйелге қатысты сот отырысы өтті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл оқиға денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін (ҚК 108-1 бап 2-бөлік 5-тармағы) деген баппен қаралды.

«Р. Тобыл кентінен Лисаков қаласына жету үшін Қостанай-Қарабұтақ тасжолында көліктерді тоқтатады. Оған алдыңғы жолаушылар орындығында кәмелетке толмаған М. отырған жүргізуші Л. тоқтап, көлігіне отырғызады. Көлік салонында сотталушы электрон темекі тұтатқандықтан, көлік иесі Л. көлік салонында темекі шекпеу туралы ескерту жасайды. Көліктің артқы орындығында отырған Р. ескертуге ызаланып, қолындағы дорбадан пышақ шығарып, Л-ның мойнына пышақпен ұрған», — деп жазылған сот мәліметінде.

Жүргізуші тежегішті басқан, нәтижесінде Р. көлік салонының алдыңғы жағына өтіп, пышақпен қайта соққы беруге тырысқан.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес мойынның сол жақ жартысында жара түрінде дене жарақаты келтірілген. Сотталушы кінәні толық мойындады.

«Сот жазаны өтеу мерзімінің салмағына пробациялық бақылау белгілей отырып, 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындады», — деп жазылған сот мәліметінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Фото: depositphotos.com

Ж. Қадыржанова

Comments (0)
Add Comment