Есітер құлақ болса…

…Өткенде «Бұл дүниеде жолаушымыз бәріміз…» деген жазбаға көзім түсті. Күнде айтылып жүрген пәлсапа ғой, әбден құлақты сасытқан. Бірақ, бұл жолғы көңіл-күйім сай келді ме, әйтеуір, ақырына дейін мұқият қарадым, ол былай дейді: «…Өте əдемі, кескін-келбеті жарасымды əйел мен денелі, өктем жігіттің алдында сырқатқа шалдығып, кексейіп қалған, əзер аяғын сүйретіп, бір қария тəлтіректеп кетіп бара жатыр. Жас жұбайлар қарияға таяп қалғанда, ақсақалдың аяғы шалшық су толы шұңқырға түсіп кетіп, əйелдің киімдеріне лас су шашырап кетті. Əйел бірден долданып:
— Не істедің хайуан, ебедейсіз есек?! — деп, қарияға айқайлап, оқты көзбен атты.
Ал, қатының күйеуі еш нəрсенің байыбына да бармай, қарияға жұдырығын ала жөнелді. Қатты тиген соққыдан шал жерге құлап түсті. Жігіттің үлкен денесін көрген шал оған күшінің жетпейтінін түсінді. Орнынан тұруға қиналған шал ешкімге есіттірмей, əлсіз дыбыс­пен бірдеңелер сыбырлады.
Сол-ақ екен, қария орнынан тұрып үлгер­местен, ғимараттың баспалдағынан көтеріліп бара жатқан әлгі жігіттің аяғы абайсызда тайып кетіп, омақаса жығылды. Баспалдақтан төмен домалаған ол басынан қатты соққы алып, табан астында жантəсілім етті. Шұңқырдан амалдап шыққан байғұс қария жағдайды көріп, аң-таң болып тұрып қалды.
Əйел: — Сүйіктім! Сүйіктім! — деп бақыра бастады. Қарияны көрген бойда:
— Сен оны өлтірдің! — деп бар дауыспен айқайлап, туыстарына хабарласып шақырды. Адамдар лезде оқиға орын алған жерге топталып қалды. Барлығы қарияны «айыпты» деп танып, қазының құзырына алып барды. Əйел:
— Бұл шал сиқыршы, қарғысшыл, дуакеш, бірдеңе айтып сыбырлағаннан кейін күйеуім баспалдақтан құлап өлді, — деп жылап жіберді. Қазы қариядан сұрады:
— Не болғанын баянда…
Қария жауап берді:
— Аяғым абайсызда шалшық суға түсіп, мына қызымның киіміне шашырап кетті. Күйеуі мені басымнан ұрып, жерге құлатты. Оған күш-қауһарым жетпеді. Бірақ, мен: “Е, Алла, бұл жігіт маған өз күшін көрсетті. Сен де оған Өз күшіңді көрсетші!” — дедім. Арадан көп уақыт өтпей, ол өлді… Мұны естіген қазы ойланып, əйелге былай деді:
— Сенің сүйіктіңді бұл қария өлтірмепті. Ол се­нің хəліңнен ашуланып, мұны ұрыпты. Ал мұның Сүйіктісі (Алла Тағала) сенің күйеуіңді өлтіріпті!
БҰДАН ШЫҒАТЫН ТҮЙІН: Зұлымдық көрсеңіз, Аллаға салыңыз. Ол бəрін көруші жəне естуші, Самиғ жəне Бəсир сипаттарына Ие! Аяқтарыңыз -!жерде із қалдырса, тіліңіз — жүректе із қалдырады. Қандай із қалдыру — өз ықтиярыңыз. Ешкімді ғайбат қылмайтын, тілімен зарар бермейтін, өзін өзгелерден «абзал» деп білмейтін адам болу — қандай жақсы! Бұл дүниеде барлығымыз жолаушымыз. Бір-бірімізді ренжітпейік!»
***
Мұндай уағыз бен жақсы сөздер қолымыздағы телефонға сыймай жатыр, бірақ, содан мейірімі тасыған, кешірімі көбейген пенде — жоқтың қасы. Неге десең, жеңіл қолжетімді дүниенің қадірі болмайды. Бұрын мұндай ақылмен сөз, адами қасиеттер туралы оқу үшін адамдар сатып алып немесе кітапханаға барып, ылғи кітап оқитын. Кітапхананың өзіне барып-келу үшін қаншама күш-қуат пен уақыт кетеді.
Қазір төсегінде жатып оқитын нәрсенің — қадірі қайдан болсын?!
Ең маңыздысы, тәлімді есітер құлақ пен ұғынар сана болуы керек..
Қажымұқан Ғабдолла
Comments (0)
Add Comment