Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының 2023 жылы атқарған жұмыстары мен биылға арналған жоба-жоспарының орындалу барысы туралы есептік кездесуі өтті.
Басқосуға Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай, депутаттар, сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құраларының өкілдері және округтік, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Ең әуелі сөз алған Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жеңіс Пәрімбеков өткен жылы атқарылған ілкімді істер жөнінде баяндады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар жөніндегі бағдарламасы аясында елімізде жаңа сұраныстарға жауап беретін сайлау жүйесі қалыптасуда. Ол азаматтардың дауыс беру құқығы мен жаһандық демократия үдерісін нығайтуға, сайлау туралы білімді арттыруға және сайлаушылардың дауыс беруге қатысуын ынталандыруға бағытталып отыр. Осыған байланысты, Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан 2023 жылы тиісті жұмыстар атқарылып, алдына бірқатар міндеттер қойылды.
Аумақтық сайлау комиссиясының қызметі алқалы, жариялы және ашықтық бағыттарға негізделген. Айталық, Тараз қаласында 27 бірмандатты сайлау округі, 134 сайлау учаскесі орналасқан. Олардың арасында 3 сайлау учаскесі Тараз қаласы әкімінің 2023 жылғы шешімімен жаңадан құрылса, 22-сінің шекарасына өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ өткен жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы және қазан айында №22 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша шығып қалған депутатының орнына сайлау өтті. Саяси доданың қорытындысына сәйкес, қалалық мәслихат депутаттығына 27, облыстық мәслихат депутаттығына Тараз қаласынан 7 депутат сайланды, – деген Жеңіс Қуанышұлы ағымдағы жылға межеленген жұмыстарды да тілге тиек етті.
Келесі кезекте Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Тасеменов сайлаушылар тізімін өзектендіру және сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталу мәселесіне тоқталды.
Жиын барысында қатысушылар көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.
Кездесуді қорытындылаған Серғали Өмірзақұлы ел Прездиенті ұсынған саяси реформаларды жүзеге асыру мақсатында сайлау жүйесін дамыту жұмыстары әрі қарай да өз жалғасын табатынын баса айтты.
Шара соңында сайлау науқанында жоғары белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтарға арнайы Алғыс хат табысталды.