сурет: parlam.kz
«AMANAT» Фракциясының депутаты Ерлан Саиров Премьер-Министр Олжас Бектеновке, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарынан негізсіз қысым жасалған кәсіпкерлердің құқықтарын сақтауды үнемі айтып келеді. Зардап шеккен кәсіпкерлердің ақпараты бойынша 2000 жылдардан бері Ескі Қазақстанның адамдары ұлттық буржуазияның табысты бизнесін рейдерлік күшпен тартып алуды жүйелі жолға қойған. Билік басындағы адамдар өздеріне қатысты жаза қолданылмайтынын пайдаланып, барлық құқықтық және моральдық нормаларды аттап біреудің адал кәсібін астам озбырлықпен тартып алып отырған. Мұндай қара жүйені – Рахат Әлиевпен оның жақтастары қалыптастырған. Қазіргі уақытта осындай кәсіпкерлер мен олардың туыстары бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық ресурстар арқылы өздерінен тартып алынған бизнес пен мүлікті өздеріне қайтаруды талап етуде, — деді депутат.
Осындай жағдайлардың көпшілігі қоғамға белгілі екенін айтқан ол, кейбір кәсіпкерлердің атын атып, нақты мысал келтірді.
Бірінші, Нұрлан Бимурзин мен Меғдат Калиев бастаған бір топ кәсіпкер құны 170 млн. доллар тұратын ірі бизнесін Ескі Қазақстанның өкілдері қалай тартып алғанын айтты. Оның ішінде, 7 мұнай базасы мен 96 жанар-жағармай станциясынан тұратын мұнай бизнесін 2003 жылы-ақ тартып алған. Ақпарат құралдарына сенсек, Жарқын Курентаев, Шолпан Каренеева, Асқар Утешев басқа да азаматтар жоғарыда аталған адамның ашкөздігінің құрбаны болған. Сонымен бірге, дәл сол топ Қонаев қаласындағы «СТС» сияқты бірнеше демалыс орындары мен Түркістан облысындағы «Алтын-Бұлақ» санаторийін аяусыз тартып алған. Рейдерлік басып алу арқылы Қ. Сатыбалды мен оның әйеліне тиесілі топ Алматы қаласындағы «Хилтон» отелін өздеріне заңсыз иемденіп алды. Сондай-ақ, Германия азаматы – Роберт Шумахерден ірі құрылыс компаниясы «ҚазГерСтрой» ЖШС-ты «қара» рейдерлік элементтерімен, қауіпсіздік күштерімен басып алды. Бүгінде аталған компания банкрот, нақты әрекеттерге қарамастан, Роберт Шумахер құрығанда қалған мүлікті де қайтарып ала алмай отыр. Шумахердің басына түскен қиындық мұнымен аяқталмайды. Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорны «Ақ құлын» ЖШС-қа шамамен 7 млн еуро инвестицияланды, 3000 ірі қара мал базасы салынды, техника сатып алынды, — деді Ерлан Саиров.
Ешкім адамдардың тапқан-таянғанына қол сұғуына хақы жоқ екенін айтқан депутат Бас Прокуратура аталған азаматтардың экономикалық мүдделерінің сақатуына нақты қадамдар жасап, олардың мүлкін қайтару жөнінде жұмыс жасауға тиіс екенін жеткізді.
https://turkystan.kz/article/244799-erlan-sairov-eski-kazakstannyn-adamdary-azamattardyn-adal-k-sibin-kushpen-tartyp-alyp-keldi