Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.
Іс-шара барысында өңір басшысы барша жамбылдықты еліміздің ең басты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Республика күні – егемен еліміздің бірлігі мен тұтастығын айшықтап, мемлекетіміздің мәңгілік іргетасын қалаған айрықша мереке. Бұл – ел тарихындағы маңызды белес, тәуелсіздікке бастау болған күн, – деді облыс әкімі. – Азаттық – қай халық үшін де ең қастерлі ұғым. Тарихтың сын сәттерінде қазақ халқы ел тағдыры үшін бір тудың астына жиналып, ұлт болашағы жолында аянбай күресті.
Бүгінде Қазақстан әлемдік аренада өз орнын айқындап, бейбітшілік пен татулық қағидаттарын берік ұстанған тәуелсіз мемлекетке айналды. Президентіміз атап өткендей, «Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру одан да қиын». Сондықтан біз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғап, келер ұрпаққа аман жеткізуіміз қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі өз сөзінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, жамбылдықтардың тынымсыз еңбегі мен табанды талпынысы ел өркендеуінің берік негізіне айналып отырғанын атап өтті.