Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі белсенді жастармен еркін форматта кездесіп, жүзеге асып жатқан жастар бағдарламалары мен жобаларды, оларды қолдау мәселелерін талқылады.
— Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен үміт артып отыр. Ел болашағы-жастардың қолында. Жастар саясатын дамыту жөніндегі жұмыстар әрдайым облыс басшылығының назарында болуы тиіс.
Бүгінде еліміздің өңірлері арасында дарынды жастардың бәсекелесі қызу қарқын алуда.
Басты міндеттердің бірі – жас Жамбылдықтардың өңірімізде тұрақтауы үшін нақты шаралар қабылдау. Қазіргі кезде облыста сапалы білім беру, салауатты өмір салтын ұстану, жұмысқа орналастыру және кәсібилікті дамыту үшін жан-жақты шаралар қолға алынуда. Бұл тұрғыда барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, тиімді әлеуметтік сатыларды белгілеу қажет. Осы орайда алғашқы нақты қадамдар жасалуда. Денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларындағы басшылардың облыстық кадрлық резерві құрылатын болады – деп атап өтті облыс әкімі.
Облыста жастардың саны 354 мыңнан асады десек, бұл облыс халқының 29,1 пайызын құрайды. Жастардың шамамен 60 пайызы ауылда тұрады. Ауылдық елді мекендерді дамытуға, дарынды жастарға жағдай жасауға айрықша көңіл бөлінбек.
— Алдағы уақытта біз бірлесіп жаңа жұмыс орындарын құруға жұмыла әрекет етіп, жан-жақты жұмыс істеуіміз керек. Тойхана, кафе және басқа да осындай көңіл көтеру нысандарының орнына жамбылдық кәсіпкерлерді шағын және орта өндірістік кәсіпорындар ашуға шақырудамыз. Бұл жас мамандарды жұмысқа орналастыруға үлкен мүмкіндік береді, — деді Ербол Қарашөкеев.
Өз кезегінде қатысушылар да көкейдегі сауалдарын жолдап, орамды ой-ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу барысында жұмыспен қамту, қолжетімді тұрғын үй, жас кәсіпкерлерді қолдау, қоршаған ортаны қорғау, ұлттық спорт түрлерін дамыту, экотуризмге қатысты мәселелері талқыланды.
Жамбыл облысы әкімдігі