Ербол Қарашөкеев «Қазфосфат» ЖШС-не нақты міндеттер жүктеді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндіру зауытының жұмысымен танысты.

Облыста өндіріс ошағының 5 филиалы бар. Онда 6800-ден астам адам қызмет етеді. «Қазфосфат» ЖШС өңірдің жалпы өндіріс көлемінің 30 пайыздан астам үлесін қамтып отыр.
Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында кәсіпорын жалпы сомасы 157,3 млрд. теңгені құрайтын өнім өндірген.
Айта кету керек, 2022 жылы өндіріс нысанында жылына 500 мың тонна аммофос шығаратын цех ашылып, минералды тыңайтқыштар өндірісінің жылдық қуаты бір миллион тоннаға дейін артқан. Сәйкесінше 500 жаңа жұмыс орны ашылды. Жаңадан қабылданған қызметкерлер тікелей өндіріс орнында кәсіптік оқудан өткен мамандар.

Ербол Қарашөкеев зауыттың жаңа қондырғыларымен танысып, қызметкерлермен тілдесті. Олардың айтуынша жалақы 20 пайызға көтерілген. Сонымен қатар, жұмысшыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі де оң шешімін тапқан.

–Алдағы уақытта әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға емдеу-сауықтыру орталығына сіздер арқылы барып демалуына мүмкіндік беру керек. Жаңатастағы спорттық кешен де жалпы балаларға қызмет көрсеткені дұрыс. Ауылдарды жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу бойынша жұмыстарды жүргізуге ден қою керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев «Қазфосфат» ЖШС басшыларымен кездесу өткізіп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және химия өнеркәсібінің дамуына қатысты мәселелерді талқылады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ел игілігіне бағытталған жобаларды арттыруды тапсырды.

Жиында аймақ басшысы «Казфосфат» ЖШС-нің алдағы 5 жылдық инвестициялық даму жоспарын әзірлеуді тапсырды.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Comments (0)
Add Comment