Ер адам баланы мойындамай, тест тапсырудан бас тартса, не істеу керек?

Баланың туу туралы куәлігіне әкесі жазылмаған болса, алимент ала аласыз ба? Баланың биологиялық әкесі ДНҚ-тест тапсырудан бас тартса, не істеу керек? Бұл сұрақтарға адвокат Халида Әжіғұлова жауап берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Туу туралы куәлікте баланың әкесі жазылмаған болса, алимент ала аласыз ба?

Адвокаттың айтуынша, биологиялық әкесі баланың туу туралы куәлігіне жазылмаған болса да, анасы немесе қамқоршысы одан алимент өндіріп алу туралы сотқа талап қоюға құқылы.

«Биологиялық әке қандай да бір себептермен туу туралы куәлікте көрсетілмеген жағдайларда, Қазақстан заңнамасы баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің жағында болады. Мұндай тәжірибе балалардың, соның ішінде некесіз дүниеге келгендердің құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына толық сәйкес келеді. Ата-ананың некеде болғаны, баланың биологиялық әкесі оған ресми түрде өзінің тегін беруге және туу туралы куәлікке жазылуға келіскені маңызды емес. Конституцияға және неке (ерлі — зайыптылық) және отбасы туралы Кодекске сәйкес ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті», — деп атап өтті адвокат «Tengrinews.kz«-ке.

Жалпы ереже бойынша, әке болуды анықтау туралы дауларды баланың тұрғылықты жері бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сот шешеді.

«Баланың анасы немесе қамқоршысы бала кәмелетке толғанға дейін кез келген уақытта әке болуды анықтау және алимент өндіріп алу туралы сотқа дереу талап қоюға құқылы. Қазақстан Жоғарғы сотының сайтында қолдануға болатын талап-арыз үлгісі бар», — деп түсіндірді Әжіғұлова.

Ер адам баласын мойындамаса, сот қандай дәлелдемелерді қарастырады?

«Мұндай дәлелдемелерге тараптар мен үшінші тұлғалардың түсіндірмелері, куәгерлердің айғақтары, сарапшылардың қорытындылары, заттай дәлелдемелер және өзге де көздер жатқызылуы мүмкін. Егер биологиялық әке өзінің әке екенін мойындаудан бас тартса, онда сот әке болуды растау үшін молекулалық-генетикалық сараптама жүргізуді тағайындай алады, мұндай сараптаманы «ДНҚ әкелік сынағы» деп атайды. Осы сынақтың бір бөлігі ретінде сарапшылар болжамды әке мен баладан қан, эпителий үлгілерін алады, соның негізінде туыстық қатынастың болуы туралы қорытынды жасайды», — дейді адвокат.

Ер адам ДНҚ-тест тапсырудан бас тартса…

Алайда, жауапкершіліктен қашатын ер адамдар әкелікті тексеруден бас тартатын жағдайлар болады. Бірақ бұл жағдайда да заң баланың жағында.

«Заң бойынша, егер тарап сараптама жүргізуге қатысудан бас тартса немесе оны жүргізуге кедергілер келтірсе, сот анықтау үшін сараптама тағайындалған фактіні белгіленген немесе жоққа шығарылған деп тануға құқылы. Яғни, әкесі әдейі молекулалық-генетикалық сараптамадан өтуден жалтарса да, оның артынан ешкім жүгірмейді. Сот өтініш берушінің пайдасына қарай шешім шығарады: жауапкерге биологиялық әке болу туралы және одан алимент өндіріп алу туралы шешім қабылданады. Оған қоса, сараптама құны да жауапкерден өндірілетін болады», — деп қорытындылады Халида Әжіғұлова.

Еске салайық, бұған дейін алимент төлемеген 22 адам қылмыстық жазаға тартылғанын жазған болатынбыз.

Қала прокуратурасы алимент төлемегені үшін әкімшілік және 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын ескертті.

А. Жапатова

https://massaget.kz/news/er-adam-balanyi-moyyindamay-test-tapsyirudan-bas-tartsa-steu-120161/?utm_source=smi24

Фото: depositphotos.com

Comments (0)
Add Comment