«Ең әдемі келіншек» сахнада

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Абай облыстық «Дариға-ай» жастар театрының сахнасында жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың пьесасы негізінде «Ең әдемі келіншек» спектаклі көрермен қауымға паш етілді. Аталмыш қойылым режиссері – Әсет Иманғали. Театр – буырқанған өмір құбылыстарын драмалық қызу әрекеттер арқылы көрермендердің көз алдына актерлердің күшімен бейнелейтін күрделі өнер. (Б.Н) Театр грек тілінен аударғанда «ойын-сауық» дегенді білдіреді. Бірақ театрға мәдени демалыс іздеп барған көкірек көзі ояу көрермен рухани өсіп, талғам таразысы кеңейіп, саналы ғұмырына ойлы жанарымен үңіліп қайтатын «ойсауыт» іспетті. Күнделікті күйбең тірлікте адам баласының басына не келіп не кетпейді. Осы орайда қаламыздағы жиырма бес жылдық тарихы бар «Дариға-ай жастар театры» репертуарындағы өміршең қойылымдармен жүрек тербер көріністерін молайтып келеді. Соның бір айқын дәлелі қазіргі таңда қазақ драматургиясында өзіндік ерекшелігімен танымал болған ірі тұлғалардың бірі – Сұлтанәлі Балғабаевтың аталмыш туындысын сахналау. Автордың  «Қыз жиырмаға толғанда», «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз», «Қазақша күрес», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Әйелдер әлемі», «Сағыныш пен елес» атты пьесалары еліміздің барлық театрлары мен Өзбекстан, Қарақалпақстан театрларында қойылып жүр. Сұлтанәлі Балғабаев тек драматург қана емес, ол адам жанын ақтарып, терең психологиясына үңіле білген қалам иесі. Оның пьесалары арқылы көрермен күйкі тірліктің көрінбейтін түйіткілдерін көзбен танып, ой түйіп, сабақ алады.

«Ең әдемі келіншек» – өмірде бағы жанбаған, бірақ кеудесінде жалыны бар, сұлу да сымбатты Гүлбаршынның қилы тағдыры туралы. Бала махаббатына қосыла алмай, кейіннен өмір кезіктірген Жиенбайға тұрмысқа шыққан оның он жыл өмірі тозақтың айнасы болады. Бір ғана Гүлбаршын арқылы жалпы әйел баласының тағдырын тарамдап, жіпке тізген мұңға, лирикаға толы қойылым. Сол бір соқпақта жүріп тағдырдың жылт етіп аяқ асты Абдолланы жолықтырғаны кейіпкер жүрегіне шын мәнінде өмірде жақсы адамдардың бар екенін жеткізеді. Бірақ ақыр соңында қазақы тәлім мен тәрбиенің кез келген қазақ қызының бойына сіңгенінің дәлелі ретінде Гүлбаршынды бәрібір өзінің сол баяғы ішкіш, қол жұмсайтын, қатыгез Жиенбайына қосады. Олардың арасында көзге көрінбеген неке жібі, ерлі-зайыптыларға тән қос тағдыр, «кіммен қарайсаң сонымен ағар» «ат айналып қазығын табар» жатыр. Осы ретте ойланып қарасақ шешім қабылдайтын шақта көп әйелдің бәрібір отбасын таңдайтыны өмірде адам баласының сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімінің бары бейнеленеді. Жаның күйіп, жүрегің жарылса да бұл өмір. Театрдың көркем фильмнен айырмасы осы да. Автордың кейіпкерлерінің аузына салған сөздері арқылы санаға салмақ салады. Мәселен, Гүлбаршынның Абдоллаға «Аққудың барлығы сұңқарға қосыла бермесе керек» немесе «Сіз маған жарық күн сыйладыңыз содан артық не керек»… деген сөздері жүректі шымырлатып жіберетіні ақиқат. Драманың тілі көркем болса жүректен орын табарына тағы да куә боламыз.

Ал бұл қойылымның көрермен қауымның жүрегіне жетуіне бірден бір үлес қосқан режиссерлік жұмысқа да өзгеше баға беру керек. Әсет Иманғали 1999-2001 жылдары Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы «Саз» колледжінің актер бөлімін бітірді. 2002 жылы Семейдегі «Дариға-ай» жастар театрының іргетасын қалаушылардың бірі. 2002-2006 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Эстрада және миниатюра театрының» актер бөлімін тәмамдады. 2006 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар театрында актер болып еңбек етіп, өнер ордасы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарады.

Режиссер спектальдің жүрегі іспетті. Оның жүйелі жұмыс жасап, дұрыс бағытта қадам басуына бірден бір себепкер адам. Бұл Әсет Иманғалидің алғашқы режиссерлік жұмысы. Режиссураға сан жылдардағы тәжірибесі мен еңбегін жиып келгені үшін де бас июге тұрарлық. Режиссер әрбір кейіпкердің психологиясына терең үңіле отырып характерін аша білетін актерлер тапқан. Нәзік әрі ақылды Гүлбаршынды – Алина Касенова, өз-өзіне сенімсіз Алтай образы – Айдар Нартов, қасіретті әрі қатыгез Жиенбай образы – Думан Өмірхан, өнерлі, сабаз, жылы жүректі Абдолла – Темірлан Орашев, құрбылары Мадина мен Зухра – Балауса Құрманғалиева мен Назира Аптеева.

Ал енді қойылым барысында байқаған ерекше детальдарға тоқталсақ. Біріншіден, кейіпкерлер орындаған әндер сазды әрі мағыналы. Мәселен, басты кейіпкерлер Алина Касенова (Гүлбаршын) мен Темірлан Орашевтің (Абдолланың) алғашқы дуэті «Мен сүйсем сүйемін» (Күнсұлу Түрікпеннің әні).

Мен сүйсем сүйемін

Түнекке тамсанып

Жүрекпен жар салып

Балықтар ән салып

Ажалым келсе де

Күлімдеп қарсы алып…

                  

Күнімен түнімен

Ғасырдың үнімен

Арымның құнымен

Мұсылман дінімен…

Сазды әуен сахнадағы салмақты қойылымға қосылып біртұтас сурет іспетті, толыққанды көркем туындыға айналды. Гүлбаршынның қоштасар сәтте «Бір ән орындайықшы соңғы рет!» дегенінде екеуінің «Кездесу бұйырған тағдырға қоштасу бұйырмай қалса екен» деген бірауыз сөзі өмірдің соқпағына тап келіп, тағдыр тәлкегін кешкен кез келген ғашық жұптың ұранына айналатындай сөз еді.

Бұл спектакльге арнайы аталмыш театрдың қабырғасын қалаған Дариға Тұранқұлова мен осы театрдың түлегі бүгінде Мәжіліс депутаты қызметіндегі ақын Ринат Зайытов қонақ болды.

Сұлтанәлі Балғабаевтың бұл пьесасы 90-жылдары жазылса да бүгінгі күннің айнасы іспетті.  Қоғамда зәбір көріп, отбасылық дағдарысқа ұшырап жүрген жандар аз емес. Қай кезде де қалам тербеуге себеп болған әйел тағдыры бүгінде ойсырап тұр. Театрдың тылсымына бойлап, өнердің өрісіне өрлеп, оймақтай ой түю үшін керек бұл туындылар.

Әйгерім ҚИЫҚБАЙ

жазушы, аудармашы.

Семей қаласы

Comments (0)
Add Comment