Елордада ат спортынан «Арғымақ» ашық кубогы өтті

Астанада ат спортының конкур түрінен «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің кубогы өтті деп хабарлады turkystan.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Аталмыш жарыс Астана қаласында 2022 жылы жаңадан ашылған «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің жүлдесі үшін ұйымдастырылды.

Іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және Олимпиадалық ат спорты түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов қатысып, шабандоздарға сәттілік тіледі.

Бұл сынға еліміздің Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларынан 50-ге жуық шабандоз қатысуда. Олар биіктігі мен күрделілігі бойынша бес түрлі бағытта бақ сынады.

«Бұл кешенде алдағы уақытта ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа иппотерапия орталығы қолданысқа беріледі. Мұндағы басты мақсат – иппотерапия арқылы ерекше күтімді қажет ететін балалардың психофизиологиялық белсенділігін дамыту. Қаламызда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бойынша бірқатар үлкен ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Елордада 2 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Осы жаңадан ашылғалы жатқан иппотерапия орталығы бүлдіршіндердің шипасына көмектессе, ата-аналарға үміт сыйласа, оң әсерін тигізсе, одан асқан қуаныш жоқ шығар деп ойлаймын», – деді Ерлан Каналимов.

Жарыстың қорытындысы бойынша, бірінші санатта, яғни, балалар санатында алматылық шабандоз Әмина Акшина Гордый атымен бірінші орынды қанжығалады. Ал елордалық Жандос Жақып Камелот тұлпарымен күміс жүлдегер атанды. Үздік үштікті Қарағанды қаласынан Каприоль тұлпарымен қатысқан Кәмила Дуржубаева түйіндеді.

Дөнендер жарысында 100 см-ге дейінгі кедергілерді «Кайло Рэн» сәйгүлігімен мүлтіксіз орындаған Максим Папихинге алтын жүлде бұйырды.

Екінші, үшінші орындарды Нұрболат Қартқожақ Бүркіт атымен және Торнадо атымен шыққан Виктория Котина еншіледі.

Биіктігі 120 см-ге дейін сында бесті аттар санатында «Сальвадор» сәйгүлігімен қатысқан Маликаджар Шыңғыс алтыннан алқа тақты. Рафия есімді тұлпарымен Мұрат Мансур күміс жүлдегер атанса, Нұрболат Қартқожақ «Рабат» есімді тұлпарымен қола медальға ие болды.

Кедергілердің биіктігі 125 см-ге дейін болатын төртінші санатта (6 жастан жоғары) үздік үштікті Спектр Сайгон тұлпарымен Виктория Котина еншіледі. Күміс жүлде Маригольд сәйгүлігімен өнер көрсеткен Олег Соколенкоға бұйырды. Мушек тұлпарымен Айнагүл Мұңайтпасова үздік нәтижеге қол жеткізіп, алтынды еншіледі.

Кедергілердің биіктігі 130 см болатын бесінші санатта Шыңғыс Маликаджар есімді шабандоз өзінің екі атымен де қатар сынға түсіп алтын және қола жүлделерді қанжығалады. Бұл сында Фандорин тұлпарымен Азамат Хасенов екінші орын иеленді.

Жүлде қоры 12 миллион теңгені құрайтын жарыс бес номинация бойынша анықталып, жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен өтті.

https://turkystan.kz/article/214860-elordada-at-sportynan-argymak-ashyk-kubogy-otti/

Comments (0)
Add Comment