Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылдың соңына дейін 256 мың гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз ету үшін 1953 шақырым ирригациялық желіні қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Биыл Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудың бірінші кезеңі аясында еліміздің 3 өңірінде 4 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, еліміздің оңтүстігінде салынатын Ақмола, Қараөзек және Қалғұты қоймалары суару кезеңінде 22,5 мың гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Батыс Қазақстан облысында салынатын Үлкен Өзен қоймасы 5 000-ға жуық тұрғыны бар екі елді мекенді су тасқынынан қорғайды.
Бұдан бөлек, бірінші кезең аясында Жамбыл облысындағы Терс-Ащыбұлақ және Қарақоңыз су қоймаларын, сондай-ақ Түркістан облысындағы Қосқорған су қоймасы мен Көксарай контрреттегішін реконструкциялау жоспарда бар.
Суару каналдарын жаңғырту аясында 6 облыста (Алматы, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан) жалпы ұзындығы 3452 шақырым болатын 115 канал реконструкциядан өтеді. Сондай-ақ, Астана су қоймасына қосымша су жіберетін нысанның құрылысы басталады.
Екінші кезең аясында 25 жобаны іске асыру қарастырылған, оның ішінде 11 жаңа жоба және 13 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 10 облыс аумағында 5000 шақырымнан астам каналды жаңғырту жұмыстарын қамтиды.
«Министрлік жыл соңына дейін топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 24 жобаның 12-сін аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл 423 мың тұрғыны бар 153 ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте 52 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылады. Сондай-ақ, биыл 256 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету үшін 1953 шақырым суару каналын қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, барлық жобаларды іске асыру 2030 жылға қарай 10 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
turkystan.kz