Еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді — Тоқаев

Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан Е-government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орын иеленді. Бұл – тәуір нәтиже. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында мәлім етті.

«Азаматтарымыз мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді цифрландыру ісінің артықшылықтарын жақсы біледі. Электронды үкімет сайтындағы қолжетімді қызметтердің тізімі үнемі толықтырылып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан Е-government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орын иеленді. Бұл – тәуір нәтиже, бірақ оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайды. Көрсеткіштерді барынша жақсарту керек. Мен мұны Үкіметке жиі айтып отырамын. Бұдан бөлек, еліміздегі банктер де адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін едәуір жеңілдете түсу үшін өздерінің цифрлық экожүйесін қалыптастырып жатыр.

Қазақстаннан экспортталатын ІТ-қызметтер саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Astana Hub табыс­ты жұмыс істеп тұр. Бұл технопарк бір жарым мыңнан астам компанияның басын біріктіреді. Оның үштен біріне жуығы – шетелдік компания. Осылайша, еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді.

Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технология­ларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.

Жыл соңына дейін жасанды интеллектінің Alem.AІ атты халықаралық орталығы ашылады. Бұл орталық инвестиция тартатын, әлемдік тәжірибені және инновацияларды енгізетін орынға айналуы керек.

Таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетінін ескерген жөн. Милы машиналар, яғни интеллектісі жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес. Оның үстіне бұл роботтар эмпатияға, яғни сезіну және эмоция білдіру сияқты адамға тән қасиеттерге ие болады.

Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды. Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект жөніндегі курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр (AI-Sana).

Нейрожүйелердің пайдасы ұшан-теңіз болғанымен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фото-бейнежазбалар жасап, адамның дауысын келтіру үшін де соны пайдаланады. Сондықтан көптеген мемлекет жасанды интеллект технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеуге кірісті.

Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек. Бірақ осы саланы реттегенде жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет», — деді Мемлекет басшысы.

фото: Akorda

https://turkystan.kz/article/254069-elimiz-zhahandyk-tsifrly-koshpendiler-ushin-kolaily-memleketke-ainalyp-keledi-tokaev

Comments (0)
Add Comment