Елес кредиторлар: алаяқтар алдаудың қандай жаңа тәсілдерін ойлап табады

Сіз аса тартымды шарттармен кредит іздеген кезде қаржылық алаяқтарға тап болуыңыз мүмкін. Мысалы, сізге мүлдем жоқ банктің немесе микроқаржы ұйымының (МҚҰ) менеджері хабарласуы мүмкін. Fingramota.kz бұл туралы толығырақ айтып береді.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы пайдаланушыдан өзі тап болған ұйымның алаяқтық болып табыла ма деген сұрақ түсті. Ол онлайн-кредит алуға қаржы ұйымдарының интернет-сайттары арқылы өтінім бергенін айтты. Және оған «онлайн-кредитор» қоңырау шалып, ол 300 мың теңге сомасындағы қарызды мақұлдау туралы хабарлады, бірақ ақшаны алу үшін 60 мың теңгені картаға ықтимал мерзімін өткізіп алудан сақтандыру үшін аударуды талап етті. Бұл «кредиттік» ұйымның «менеджері» хабарлағандай, ақша карточкаға аударылады, ол кейіннен клиент ретінде оған беріледі және жақын арада курьер арқылы жеткізіледі. Пайдаланушы бір шикіліктің болғанын сезіп, онлайн-кредитордың қаржы реттеушісінің ресми тізіліміне енгізілмегенін анықтады.

Кредиттік алаяқтарды қалай әшкерелеуге болады?

Алаяқтар өздерін екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ), МҚҰ қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін. Көп жағдайда олар ірі және танымал қаржы ұйымдарының атаулары мен логотиптерін пайдаланады, бірақ алаяқтар алдаудың басқа схемаларын да ойлап тапты. Олар клиенттерге белгісіз, дәлірек айтқанда, ойластырылған қаржылық құрылымдардың атынан байланысқа шығады. Бұл елес кредиторлар деп аталады. ТМД елдерінде алаяқтықтың бұл түрі пандемия кезінде кеңінен таралды.
Елес кредитордың интернетте өзінің жеке, оның ішінде фишинг парағы бар. Кейде жалған сайтта ұйымның байланыс деректері көрсетілуі мүмкін, сертификаттар мен лицензиялар орналастырылуы, ал веб-парақтың дизайны көрнекі грамматикалық қателіктерсіз және сапалы орналасумен өте сауатты жасалуы мүмкін. Осыған қарамастан, мұндай алаяқтарды әшкерелеу өте оңай.
Агенттіктің www.gov.kz сайтын ашу керек, «Қаржы нарықтары» бөлімі және одан әрі «Банк секторы» немесе «Басқа қаржы ұйымдары» – бұл сізге қандай ұйымның атынан, банктен немесе МҚҰ-дан байланысқанына байланысты. «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімдері» деген бөлімде Қазақстанда заңды түрде жұмыс істейтін және қаржылық реттеушіден тиісті лицензиясы бар кредиттік ұйымдардың тізімі ұсынылған. Бұл олардың тарапынан бұзушылықтар орын алған жағдайда, қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін Агенттікке жүгіне алатынын, онда оларға міндетті түрде көмек көрсетілетінін білдіреді.
Сондықтан ақшаға қатысты маңызды шешімдер қабылдаған кезде сәл үзіліс алу керек. Қаржы ұйымдарының жалған қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға асықпаңыз. «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы немесе «1459» қысқа нөмірі бойынша call-орталық арқылы (қоңырау шалу тегін) Агенттікте бәрін қайта тексеріп, кеңес алған дұрыс.
Алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін пайдаланады, сондықтан кейбір адамдар олармен өзара іс-қимыл кезінде қырағылықты жоғалтады және өздерінің жеке және төлем деректерін хабарлауы мүмкін, ақшаны көрсетілген карталарға аудара алады немесе әртүрлі қосымшаларды жүктей алады, осылайша алаяқтрға өз гаджеттеріне қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Кредиттік алаяқтар тағы да қандай схемаларды қолданады?

Елес кредиторлар – әлі кең таралмаған алаяқтықтың жаңа тәсілдерінің бірі. Сондай-ақ, кейбір азаматтар «қара кредиторлар» немесе кредиттік делдалдар болып табылатын басқа схемаларға да тап болуда. Көп жағдайда олар «жеңілдікті онлайн-кредиттерді», «төмен пайыздық мөлшерлемемен микроқарыздарды», «артық төлемсіз адал кредиттерді» ресімдеу бойынша қызметтерді ұсынады. Олар үшін қарыз алушының кредиттік тарихы нашар ма, оның табыс деңгейі қандай, ол ресми түрде жұмысқа орналасқан ба, оның зейнетақы аударымдары бар ма, маңызды емес. Мұндай алаяқтардың құрбандары – «тиімді» кредит, шұғыл және оңай қарызға ақша іздейтіндер.
Қолданыстағы кредиттері бар қарыз алушылар алаяқтардың басқа «тобына» тап болуы мүмкін – олар кредитті төлеу бойынша міндеттемелерді өздеріне алуды ұсынады. Ол үшін қарыз алушы қарыздың жалпы сомасының 10%-дан 40%-ға дейінгі бөлігін ғана төлеуі қажет. Мысалы, егер қарыз алушының кредит бойынша 300 мың теңге мөлшерінде берешегі болса, онда осы тұлғаларға тек 50 мың теңге ғана төлеп, ол қарыздың барлық сомасын өтейді деп болжануда. Алаяқтар мұны банктер мен МҚҰ-да байланыс бар екендігімен немесе өздері сол жерде жұмыс істейтіндігімен немесе тұрақты клиенттердің қарыздарын ішінара есептен шығару үшін әртүрлі акциялармен дәлелдейді.
Кредиттік делдалдар клиенттің ұялы телефонына кредиттің өтелгені туралы нөмірді ауыстырудың арнайы қызметтері арқылы хабарлама жібереді. Немесе олар мәселені одан әрі шешу үшін қажетті қосымша ақша сомасын сұрай алады: мерзімінен бұрын өтеу, сақтандыру, карточканы жеткізу және т.б. үшін комиссия төлеу. Бірақ іс жүзінде бұл жеке басын растау үшін кредит беру үшін қаржы ұйымдарының қашықтан қызметтері жіберетін код. Оны алаяқтарға беру арқылы сіз оларға мобильді банкингтің кілтін бересіз, яғни өз ақшаңызға жол ашып бересіз.
Кейде алаяқ-кредиторлар алдын ала төлем сұрамай-ақ сіздің шотыңызға ақша аударуы мүмкін. Бірақ егер сіз осы ақшаны пайдалансаңыз, мұнда да қауіп бар. Өйткені уақыт өте келе шын мәніндегі банктен, МҚҰ-дан немесе коллекторлардан борышты өтеу туралы талап «келуі» мүмкін. Алаяқтар сіздің атыңызға кредит ресімдеп үлгерді, ал ақшаны, оның бір бөлігін алып немесе ақша аударымын жасай отырып, сіз кредитті пайдаланғаныңызды растайсыз.
Сонымен қатар, «қара кредиторлар» қарыз алушының жеке кредиттік есебіндегі ақпаратты одан клиенттің қалауымен ақы төлеу мерзімін кешіктіру және басқа кемшіліктер туралы ақпаратты шамалы ғана төлем үшін тазартуды ұсына алады. Ол үшін алаяқтар төлем картасының деректемелерін қоса алғанда, өз құрбанының конфиденциалды деректерін сұратады. Қарыз алушылардың бейхабарлығын пайдалана отырып, алаяқтар кредиттік тарихтың бар болғаны 5 жыл сақталатынын және осы мерзімнен бұрын барлық қарыздар автоматты түрде жойылатынын айтып сендіреді. Қажетті мәліметтерді алып, алаяқтар барлық банктік шоттарға қол жеткізе алады және онлайн-банкингтің көмегімен өздерінің «клиентіне» ірі кредиттер ресімдейді.

Білу маңызды! Банктік қарыз немесе микрокредит ресімдеуге көмектесетін клиенттер мен ЕДБ, МҚҰ арасында ешқандай делдал болмайды! Бұл сіздің ақшаңызды алып, телефонды өшіріп, жоғалып кететін алаяқтар. Ешқашан алдын ала төлем жасау көзделетін қаржылық қызметтерге жүгінбеңіз. Ешкімге кредит ресімдегені үшін ақшалай сыйақы бермеңіз және бөтен адамдарға өзіңіз және картаңыз туралы ақпарат бермеңіз.
Кредиттік тарихқа келетін болсақ, шын мәнінде 2022 жылдан бастап кредиттік бюродан дербес кредиттік есепті сұратқан кезде соңғы 5 жылдағы ақпарат көрсетіледі (бұрын 10 жыл болған). Алайда, бұл, мысалы, 15-20 жыл бұрын жіберілген кешіктірулер жойылады дегенді білдірмейді. Олар кредиттік бюролар қарыз алушылардың, сондай-ақ банктердің, МҚҰ-ның, коллекторлық агенттіктердің және басқа да тұлғалардың сұрау салулары бойынша ұсынуға міндетті кредиттік есептің толық нұсқасында көрсетілетін болады. Есіңізде болсын, қаржы институттары мен басқа ұйымдар сіздің кредиттік тарихыңызды тек сіздің жазбаша келісіміңізбен сұрай алады. Кредиттік тарихыңызды үнемі тексеріп отырыңыз – тек осылай ғана сіз алаяқтық туралы біліп, сәйкесінше жедел әрекет ете аласыз.

Тек алаяқтар белгілі бір сомаға:

— кредиттік ұйымда қарызды ресімдеуді және алынған қаражаттың бір бөлігін кредит бойынша төлейтін делдалдарға беруді;
— сіздің барлық банктік қарыздарыңыз бен микрокредиттеріңіз бойынша барлық борыштарды есептен шығаруды;
— міндетті алдын ала төлеммен (аванспен) төмен пайызбен кепілсіз кредитті ресімдеуге көмек беруді ұсынады.

Егер сіз кредиттік алаяқтардың құрбаны болсаңыз не істеу керек?

Полицияға арыз жазыңыз және сізді жәбірленуші деп тану туралы қаулы алыңыз.
Егер сіз алаяқтарға өзіңіздің жеке және төлем деректеріңізді берген болсаңыз, онда өз карточкаңызды дереу бұғаттап, жаңасын қайта шығарып, құжаттарыңызды ауыстыруыңыз қажет. Сондай-ақ, өзіңіздің барлық аккаунттарыңыз бен жеке кабинеттеріңіздегі: мобильді банкинг, электрондық пошта, әлеуметтік желілердегі құпиясөздерді өзгерткен жөн. Егер сіз күмәнді қосымшаны жүктеген болсаңыз, оны дереу жойып, зауыттық өлшемдерге қалпына келтіруіңіз керек.
Егер сіз қате ақша алған болсаңыз, онда оны өзіңіз аудармаңыз. Банк бөлімшесіне хабарласыңыз, банктің өзі адресатқа ақша аударуы үшін өтініш жазыңыз.

Өз қаражатыңызды алаяқтардан қорғау және «бөтен» кредитті мойныңызға ілмеу үшін әрқашан қырағы және ұқыпты болыңыз, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз.

Қаржылық сауаттылығыңызды www.fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

Comments (0)
Add Comment