ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан кәсіпкерлерін әлеуметтік жауапкеркешілік танытуға және еңбекақымен қатар тауар бағасын өсірмеуге шақырды.
«Елдегі бизнесмендерге, ірі және шағын сауда желілеріне үндеу жасағым келеді, яғни еңбекақы өскеннен кейін, олар бірден өнім бағасын өсірумен жарыспауы керек», — деді министр Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере отырып. Осы орайда Т. Сүлейменов өткен жылдарда халықтың нақты табысы экономика өсімінен қалыс келгенін түсіндірді. «Жалпы алғанда, экономика өсті, алайда жан басына шаққандағы кірістер тежеліп қалды. Экономика өсіміне халықтың нақты табысы лайықты болуы үшін біз бұл көрсеткіштерді сәйкестендіріп жатырмыз. Бұл тұрғыда бизнестің әлеуметтік жауапкершілік танытқаны өте маңызды. Осы процесс аясында олар өздерінің тауарларының құнын негізсіз өсірімеуі қажет, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерге, тарифтерге бағаны негізсіз арттырмау керек. Шын мәнінде бұл мәселе Үкіметтің бақылауында тұр. Күн сайын әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өзгеруіне қатысты ведомстволардың, облыс әкімдерінің есептері тыңдалады», — деді Тимур Сүлейменов. Сөз соңында министр бағаның негізсіз өсуі орын алған жағдайда өкілетті органдар қатаң шаралар қабылдайтындығын ескертті. Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Қазақстан халықана Жолдауында еңбекақыны көтеруге қатысты тапсырма берген болатын.