«Павлодарэнерго» АҚ басшылығы Екібастұз қаласын жылумен тұрақты қамту проблемасы жылыту маусымы аяқталғанға дейін шешу мүмкін болмайтынын айтты деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ анықталғандай, Екібастұз станциясы жылыту маусымына дайындық паспортын алмаған болып шықты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Вадим Лесин қазандықтардың, әсіресе су жылытқыш қазандықтардың жай-күйі тұрақты температура бере алмайтынын мәлім етті.
«Осыған байланысты төмендетілген параметрлер беріліп жатыр және мұндай ахуал жылу беру маусымының соңына дейін жалғасатыны болжануда.Төтенше жағдай кезінде болған желілердегі ақауларды жойдық. Көрсеткішті жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ негізгі желілердегі лай қазандықтарға түсіп, экранды беткейлерде айналымды бұзды», – деді ол.
Вадим Лесиннің айтуынша, қаңтар айы бойы ЖЭО қызметкерлері мен мердігерлер станция жұмысын тұрақтандырумен айналысқан. Алайда тұрақты параметрлерді алты күн ғана ұстап тұру мүмкін болған. Қазір ЖЭО-да 120-ға жуық адам тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында монополист өкілі мәлім еткендей, Екібастұз жылу-электр орталығы күзгі-қысқы кезеңге әзірлік паспортын алмаған.
«Жөндеу жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау керек болған, алайде дер кезінде аяқтап үлгермеген. Сондықтан станция қысқы маусымға дайындық төлқұжатын алмады. Яғни, төлқұжат бойынша жөндеу жұмыстары 30 қазанға дейін аяқталуы тиіс деген талаптар бар. Ал бұл жолы қараша айының соңында аяқталды, – деді Вадим Лесин.
Айта кетейік, қазір Екібастұз ЖЭО-да небәрі төрт қазандық жұмыс істейді, алтауы жөндеуде. Температураның шығатын параметрі – 60 градус, кері айналымда – 44. Екібастұз тұрғындарына жылу ақысына 70 пайыз жеңілдік жасалды.
https://turkystan.kz/article/213004-ekibastuz-zheo-basshylygy-zhylu-meselesin-sheshe-almaytynyn-aytty/