ЕКІ ҰЛ. ЕКІ КЕЛІН

(болған оқиға, көршімнің әңгімесі)
Бір үйде мінезі екі түрлі екі ұл бар еді. Әке-шешесі бөлек адамдар сияқты, үлкені қашан көрсең әлденеге тырысып жүргені, тиіп кетсең ашуланып шыға келеді. Арамдығы да аңғарылып тұрады. Кішісі тұйық, қой аузынан шөп алмайтын момын, әрі бауырмал. Әйтсе де, әке мен шеше үлкен ұл десе ішкен асын жерге қояды, ал кішісінің бар-жоғы білінбейді. Ісіне мән беріп жатқан олар жоқ. Бірақ оған кенже ұл еш ренжіп көрген емес. Қайта ол ағасының қуанышына ортақтасқан әке-шешесіне риза. Бір күні үлкен ұл істі болып, даңғарадай үйді сатты. Банктен ақша алып, қарызға да батты. Сөйтіп бұлар қолдарындағы бір шабаданмен далада қалды. «Алмасым үшін жан пида» деді әке, «Тұла бойым тұңғышымның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деді шеше.
Пәтер жалдап тұрған бұлар бір күнде екі келін түсіріп, қуанышқа қарық болды да қалды. Ұлан-асыр той жасамаса да, өзгеден қалмауға тырысты. Алмастың алған келіншегі ауылы аралас, қойы қоралас, осы жердің қызы. Ағайын-туған сөз етпесін дегені ме, бәрі де үлкен келінге бәйек. Ал Дәукеннің таңдағаны алыс жақтың қызы екен, әрі күйеуден қайтқан, содан ба, атасы бұл келінге көңілі толмай, кіржиеді де отырады. Енесі болса, керісінше кіші келінінің жоқтан бар жасайтын пысықтығы мен ақылдылығына тәнті. Сырттай қараған адам бұл екеуін анасы мен туған қызы дерсің.
Бір күні ене келіндерін шақырып алды да:
– Қыздарым, мен бүгін дәрігерге бардым. «Омырауыңда ісік бар» деді. Көпке бармаймын-ау деп қорқамын. Аталарың мен күйеулеріңе айтушы болмаңдар. Дым болмағандай жүре берейік.
– Рактан жазылу қиын деп естігем, – деп, үлкен келін төмен қарап, ерні жыбырлады. Кіші келіннің көзінен моншақтап жас төгіліп, тілін тістеп отырды.
Сол күннен бастап үлкен келін, Алмастың құлағының құрыш етін жеп, «бөлек кетейік» деп қылқылдайтынды шығарды. Көп ұзамай оның айтқаны болып, еншілерін алды, бөлек шықты. Кіші келін енесін жетелеп, Алматының онкологиялық ауруханасын жиі жағалайды. Кеш оралады. Қытымыр ата бұлардың қалаға барғыштап кеткенін жақтырмай, жағадан алып жатқаны.
– Екеулерің желпілдеп неменеге Алматыға шапқылап кеттіңдер? Әлде, сен келін, енеңе менен гөрі тәуірлеу бір шал тауып бергелі жүрмісің? Тап әкелеріңді ғана…– деп, тіпті тұздықтап та жібереді. Ондай кездері енесі оңашада келінін құшағына алып:
– Төзімді бол, қызым. Ақылың бар ғой. Алжыған шалдың сандырағын көңіліңе алма, саған емес маған айтқаны ғой. Талай естіген сөзім, – деп күлген болады.
Арада алты ай өтті. Ауруханаға шапқылау нәтиже берер емес. Әжейдің шашы сұйылып, тырнақтары мүжіліп түсе бастады. Мұны көрген кіші келін енесін аяп, көз жасын көрсетпей сығып-сығып алады. Бірде енесі:
– Қызым-ау, осы баяғыда мармелад деген кәмпит болатын еді ғой. Соған аңсарым ауып отырғаны. Бірақ о бәле таптыра ма, – деді жаулығының ұшымен жасаураған көзін сүртіп. Бұны естіген келін түстен кейін көшеге шығып, ауылдағы екі-үш дүкенді жағалап көрсе, мармелад дегенді бұлар әкелмейтін болып шықты. Ертеңіне мармеладқа бола таксимен Есік қаласына тартты. Базарға барса, кәмпит сатқан келіншекте бар болғаны жарты келісі ғана қалған екен. Саудаласпай түгел сатып алды да, ешқайда бұрылмай үйге жетуге асықты.
Енесі шай қойып, бұны күтіп отырған беті екен. Келіннің қолындағы мармеладқа көзі түскен әжейдің балаша қуанғанын айт. Оның сонша қуанғанын көріп келіннің көңілі босап кетті. Енді ол өзі кесе-шәйнекке ие болып, мармеладты енесінің алдына ысырыңқырап қойды да, баптап шай құя бастады. Базарға қалай жеткенін айтты. Базарда көргенін айтты. Базардан қалай қайтқанын айтты. Енесі оның әңгімесін күлімсіреп отырып тыңдады да отырды. Екеуі де асыққан жоқ. Дәл осы сәтте асықпау керегін екеуі де анық сезінді. Аузы базардың әңгімесін айтып отырғанымен, көзі басқа бір сырды шертіп отырғанын ұқты келіні. Әжейдің де құлағы ауыздан шыққан әңгімеде болғанымен, көзі келіннің көзіндегі сырды аңғарып отырғандай. Келіннің көзінде жалғыз қимастық, мұның көзінде мың қимастық лықсып төгілгелі тұр.
– Жәдөкжан, мен саған бірдеңе айтуым керек. Айтпай болмайды. Тек сен ренжімеймін деші.
– О не дегеніңіз мам, ренжімеймін.
– Мен ана дүниеге кетем ғой, сол кезде, үш еркектің жағасын кірлетпеймін деп серт берші.
– Мам-оу, – осыны айтқан келіннің ерні дірілдеп кетті. – Кетпей тұра тұрыңызшы…
Енесі оның сөзіне мән берген жоқ. Біраз уақытқа қалаға барып келетін адамша сөзін сабақтай берді.
– Сосын Дәукенімнің қолынан су ішіп кетсем арманым болмас еді.
Шайдан кейін әжей сандықтан ақ көйлегін алып киіп, төсегін қағып салдырып, еңбектеп барып жантайды. Бүктеліп емес, ұзыннан созыла түсіп, көзін жұмды. Ашпады. Кіші келін Дәукен Астанадан тезірек келсе екен деп іштей жалбарынып жүр. Дәрігер шақыртып, тамырына аспалы ине салдырды. Тамырына нәр берген осы ине енесін өзі айтқан жаққа барар жолды бөгей тұратын сияқты. «Не болса да Дәукеннің жолын оңғара гөр, тезірек келтіре гөр, ол мінген автобусты жолда сынып қалудан сақтай гөр, дөңгелегін жеңілдете гөр…» Іштей мың мәрте қайталап, жалбарынудан шаршамады. Есіл-дерті сол болып, кей кезде дауысының шығып кеткенін де аңғармай қалып жатыр. Енесі ұлын күтіп қиналса да берілмей, тістеніп жатыр ма немене, кейде ұртының дір еткенін байқап қалады.
Есік шиқ етіп ашылғанда Дәукен бе екен деп, аяғы аяғына жұқпай жүгіріп жетіп еді, жоқ, ол емес, қайын ағасы болып шықты. Осы сәт, о құдірет, кемпір көзін ашып алып, төбеге алара қарап жатыр екен. Анасының мәмесін іздеген сәбидей ерні қимылдап, тамсанады. Алмас шай қасықпен сүт тамызбақ боп еді, әжей аузын ашпай қойды. Көзін де тарс жұмып, ыңырсып белгі берді.
– Ішкісі келмей жатыр, аға.
Алмас сілкініп барып қолындағы сүт құйған кесені үстел үстіне тарс еткізіп қоя салды, да ауызғы үйге шығып кетті. Ертеңіне Астанадан Дәукен де жетті. Қимылсыз сұлқ қалған анасын көріп, қасықпен аузына апарып еді, кейуана аузын ашып, бірер жұтты. Сол күш болды ма, көзін ашып, ұлы мен келініне мейіріммен бір қарап, қайта жұмды. Қайтып ашқан жоқ. Дәукен осыған дейін өлім көрмесе де, анасының аттанып кеткенін бірден сезді.
Кемпірі өлгелі шалы да тілсіз қалды. Ешкіммен сөйлеспейді. Бөлмесінен шықпайды. Сөйте тұрып кейде аузы арақ иісі сезіліп қалатынын келін бала байқаса да байқамаған болып қоя салады.
Бірде көшедегі көп тірліктен үйге келіп еді, атасы тыста отыр екен. Бұл барды да сәлем салды.
– Айналайын, өркенің өссін! – деді мейірін төгіп. Атасының аузынан өмірі мұндай жылы сөз естіп көрмеген келін бала жылап жібере жаздады.
– Ата, – деді, сосын өзін өзі ұстап, – тәбетіңіз неге шабады, соны істеп берейін.
– Бірер жұтым қымыз болса… бірақ қайда ондай… таппайсың ғой бұл ауылдан.
«Неге таппаймын, табамын, тапқанда мен табайын, – деп ойлап, қуанып кетті. – Тым болмаса атамның бір тілегін орындайтын болдым!»
Көрші ауылға құстай ұшып жетіп, сондағы жылқы ұстайтын кісіден бір бөтелке қымыз сатып алды да, құстай ұшып үйге оралды.
– Ата, міне, қымыз. – Кесе толы қымызды атасына ұсынды. Шал созған қолы дірілдеп кесеге жетсе де, ыдысты қармап ұстай алмады. Сосын тізесін бүгіп, жанына отыра кетті де, кесені аузына апарды. Шал қымыздан бірер ұрттады да, одан әріге демі жетпей тоқтай қалды.
– Айналайын, айналайын, бақытты
бол! – деді сыбырлап.
Кешке қарай үйге Алмас келді. Бет-аузын тұмшалап маска тағып алған.
Оны көрген шал қолын баяу көтеріп, жақындама, бөлмеден шық дегендей белгі берді. Алмас бұрылып алып, тысқа жөнелді.
– Келін, – деді бір заматта сыбырлап. Босаға тұста құлағын түрген келін, орнынан сыбыссыз тұрып, атасының жанына жақын барды. «Дәукен…»
Тез Дәукенді шақырып келді.
Шал екеуінің қолын ұстап, жүздеріне мейірлене қарап сәл жатты да, қапелімде қалғып кеткен адамша көтерген білегі сылқ төмен құлады.
Сағындық
Желіден алынды.
Comments (0)
Add Comment