Бүгін ауданымыздағы екі бірдей ауылда қоныс тойы тойланып, баспана кілті табысталды. Өндіріс және Ескі Шу ауылдық округтерінде берілген тұрғын үйлер «Асарлатып үй салу» жобасы аясында бой көтергенін айта кеткен жөн.
Республика күнімен тұспа-тұс келген шараға аудан әкімі Сәкен Арубаев арнайы барып, баспана иесін қуанышымен бөлісті. Сәкен Қаланұлы Өндіріс ауылдық округінің тұрғыны, 5 баланың анасы Балзия Тұрғынбаеваны құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
— Бүгін берекесі шалқыған, құт дарыған ауылдарыңызда ақ түйенің қарны жарылып, тағы бір түтін қосылғалы тұр. Баршамызға соның салтанатына бас қосу бұйырған екен. Ендеше қуаныштарыңыз құтты болсын, ағайын, — деді аудан әкімі.
Бұдан әрі аудан басшысы мен ауыл ақсақалдары жаңа баспананың лентасын салтанатты түрде қиып, шашу шашты.
Дәл осындай қуаныш бүгін Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылында да орын алды.
Ауыл тұрғындары демеушілік жасап, ауыл имамына баспана соғып, үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, “Асарлатып үй салу” жобасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, аз қамтылған отбасыларға баспана кілті табыс етілмек.
Шу ауданы әкімдігі