Егістік жер 226 гектарға ұлғайтылды

Жамбыл ауданында көктемгі дала жұмыстарына дайындық қалай жүріп жатыр? Бүгінгі күнге қандай жұмыстар қолға алынды? Нендей тірліктер тындырылды? Биылғы жылы егістік жердің көлемі қанша? Техника саны неше? Дизель мен тыңайтқыш мәселесі шешілген бе? Жергілікті халықты толғандыратын бұл сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Былтыр ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 59704 гектарды құраса, биыл егістік жер 226 гектарға ұлғайтылып, 59930 гектарды құрап отыр. Оның ішінде, 19790 гектарға дәнді және бұршақты дақылдар, 3070 гектарға майлы дақылдар, 1500 гектарға қант қызылшасы, 600 гектарға картоп, 9770 гектарға көкөніс- бақша дақылдары, 2500 гектарға мал азығы дақылдары орналастырылады.

Қазіргі таңда 6185 гектар жер жыртылған. 21070 гектар жерге тұқым себу алдындағы өңдеу жұмыстары жүргізілген. 9321 гектарға жаздық арпа, 3530 гектарға көпжылдық шөп, 580 гектарға майлы дақылдар, 220 гектарға картоп, 3310 гектарға көкөніс тұқымдары себілген.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 3711,1 тонна тұқымның 3316,5 тоннасы қолда бар болса, дәнді дақылдардың жетіспейтін тұқым түрлерін тұқым жеткізушілер шет мемлекеттерден және Алматы, Қарағанды, Павлодар, Жетісу облыстарынан жеткізуде.

Ауданда көктемгі дала жұмыстарына жегілген техникаларды жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Қазір 240 трактор, 69 соқа, 57 қопсытқыш, 52 дәнсепкіш, 180 тырма, 13 тұқым улағыш дала жұмыстарына дайын тұр. Бұл ретте, 975 тонна кепілді дизель отыны бөлініп, оның 727,4 тоннасы жеткізіліп, 275,4 тоннасы 91 шаруа қожалыққа үлестірілген.

Үстіміздегі жылға 6528,1 тонна минералды тыңайтқыш, оның ішінде 3607,9 тонна азот, 1169 тонна фосфор, 1751,2 тонна түрлі тыңайтқыш алу көзделген. Әзірге 20 шаруашылық 69,7 тонна минералды тыңайтқышты келісімшарт арқылы алған екен.

Comments (0)
Add Comment