Домалақ ана кесенесі туралы білесіз бе?

Ел арасында «Домалақ ана» атанған Нұрила Әли Сланқызы қазақ халқының абыз аналарының бірі. Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығы ұсынған мәлімет бойынша 1996-1997 жылдары жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен белгілі сәулетші Сайын Назарбекұлының жобасы негізінде ескі мазарының орнына жаңа үлгідегі кесене салынған. Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылынан 2 шақырым солтүстік-шығыста орналасқан кесене Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне 2010 жылы енгізілген.
Домалақ ана – Бәйдібек бидің үшінші әйелі болған. Шын есімі – Нұрила. Өзінің ақылдылығымен ел іші бірлігінің ұйытқысы бола білген. Тарихи жазбаларда адамгершілігі, әдептілігі, парасаттылығы мен шыншылдығы және аналық қасиетінің арқасында «Домалақ ана» аталуы жайлы көптеген деректер жазылған. Ол 1378 жылы Түркістан қаласында өмірге келген, әйгілі Мақтым Ағзам қожаның немересі. Аңыз бойынша Домалақ Ана кесенесінде екі киелі тас бар, оның арасынан тек тақуа адам өте алады.
Бастапқыда кесене 1456 жылы күмбездері бар 4 қабырғалық мазар түрінде салынған. Домалақ ана қос Бөгеннің сағанасында бір жазыққа жерленген. Алғыс білдірген ұрпақтар осы жерде кесене салған. Домалақ Ана кесенесінің сегізқабаттық күмбезі негізгі құрылыс үстінде орналасқан. Мазардың іші-сырты сыланып, ақталған. Мазарға кіретін есіктегі қабырғада қазақ тілінде жазу бар: «Ақсұлтан қызы, Бабыжар Ұлы Ана құрметіне салынған ескерткіш».
Құрылыс бірнеше рет қайтадан салынған. Кесененің қазіргі кейпі 1996 жылы сәулетші С.Тоқтамыстың жобасы бойынша күрделі жұмыс нәтижесінде қалпына келген. Маңғыстаудан әкелінген ақ тастардан қалау жасалынған. Әулие ананың қасиетін қастерлеген ұрпағының ана бейітіне ағылған ізі, салған жолы ескіріп көрген емес. Жерден 12 метр биіктікте 8 жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған. Домалақ ана кесенесі – елдің арнайы келіп зиярат ететін киелі орындарының бірі. 2017 жылы кесене жанынан келушілерге қызмет көрсететін орын салынған.
Түркістан облысы
Comments (0)
Add Comment