«Диснейлэндке жібердік»: Балалардың арманын орындайтын қазақстандық ерікті жұмысындағы қызықтарын бөлісті

«Менің арманым» жобасы 3 пен 18 жас аралығындағы ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің арманын орындауға қолдан келгенше көмек беретін қор. Жобаның басты мақсаты – балалардың өмірге деген құлшыныстарын арттырып, рухани тұрғыда қолдау білдіру, жарқын болашаққа қадам басуға шақырып, сөнген үміттерін қайта жалғау.

«Менің арманым» корпоративтік қоры мынадай армандарды жүзеге асыруға септігін тигізеді:

  • «Уақытша …. болғым келеді» (мұғалім, дәрігер, тілші, аспаз, т.б)
  • «… жерде болғым келеді» (мұражайда, театрда, түсірілімде, хайуанаттар бағында, не болмаса, басқа да елдер мен қалаларда, т.б)
  • «… кездескім келеді және қолтаңба алғым келеді» (сүйікті әншісімен, атақты қайраткермен, әйгілі тележүргізушімен, т.б)
  • «… құрғым келеді/жасағым келеді» (жеке ән кешін ұйымдастыру, ерекше бейнебаян түсіру, көрме құру, туған күн кешін, жаңа жыл мерекесін, үйлену тойын, т.б)

“Менің арманым” корпоративті қорының волонтері Әсем Бауыржанқызының айтуынша, ұйым 2020 жылы ашылған. Мақсаты – ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек беру, арманын орындау.

“Біз балалардың еміне, үй-ішіне деп ақша жинамаймыз, біз рухани көмектесуге, жеткіншектердің ішкі жан-дүниесін байытуға, бала арманын орындауға тырысамыз. Мәселен, біреулер ханшайым болғысы келеді, енді бірі Египетке баруды армандайды, кей балалар бір танымал адамды көріп, онымен кездескісі келеді. Дельфинарийді көргісі келетіндер бар. Қазір біз 200-ден астам баланың арманын ос  ндадық. Ең кейінгісі Диснейлэндке барғысы келген, соны орындай алғанымызға қуаныштымыз”, – дейді Әсем.

Ол бұл ұйым туралы елде жаппай карантин болып жатқан кезде әлеуметтік желіден көріп қалған екен.

“Жазылып алдым, қарап шықтым. Атқарып жатқан жұмыстарына таңғалдым. Бір күні “еріктілер керек, жиын өткіземіз, кім қосылғысы келеді” деп жазба жариялапты, ойланбастан бардым. Сол жерде балалардың армандары туралы айтылып, орындалғандарының видеосы көрсетілді. Соның бәрі маған шабыт берді, осы бағытта жұмыс істегім келеді деп шешім қабылдадым”, – деп атап өтті кейіпкеріміз.

Әсем волонтерлікті сүйіп істейтіні даусынан-ақ байқалып тұр. Ол атқарып жатқан істері туралы айтқан кезде даусы жарқын шығып, қуаныш, бақыт телефонның бергі бетінен сезіліп тұр. Өзі де өмірге деген құлшыныс қалмаған кезде балалардың қуанышы адамға күш-қуат береді дейді.

“Ең бірінші Ноана деген қыздың арманын орындауға бардым. Ол қыздың арманы өте қарапайым еді, “Эльза ханшайым болғым келеді” деді. Сол қыздың эмоциясын көргенде өзімнің де бір арманым орындалғандай болды.

Өмірде түрлі жағдай болады ғой, кейде күйзеліске түсіп, көңіл-күйім болмаған кезде сол сәттер, “мен біреудің арманын орындадым, қуанышын көрдім” деген ой өмірге басқаша қарауға көмектеседі. “Олар дерті болса жақсы өмір үшін күресіп жатыр, мен сау бола тұра қалай бұл өмірді жек көрем, қалай бағаламаймын” деген нәрсе ойымда тұрады үнемі”, – дейді Әсем Боранқұлова.

Оның айтуынша, волонтер болу – әркімнің позициясына байланысты. Біреулерге ұнайды, енді бірі дұрыс қабылдамауы мүмкін.

“Оның еш қиындығы жоқ. Студент кезде қатар алып жүрдім. Оған күнде бару немесе аптасына барып тұрудың қажеті жоқ. Басқа волонтерлермен бірге орындайтын армандар болады, айына бір-екі рет, сол кезде ғана барып тұрдық. Әдетте демалыс күндері ұйымдастырылатын, сол себепті сабаққа кедергі келтірген жоқ. Ал қазір жұмыс істеп жүргендіктен сәл қиындық туады. Барғың келеді, бірақ жұмыс уақыты боп қалады”, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Әсем волонтерлікке ешқандай ақы төленбейтінін айтты.

“Волонтер болғаны үшін ақы алу дұрыс емес деп ойлаймын, төленбеуі керек. Атының өзі айтып тұр “ерікті” деп, сен ол нәрсені өз қалауыңмен, ерікті түрде жасауың керек. Әуелде ата-анама айтқан кезде түсінбеді. “Не істейсің, сабақ оқымайсың ба” деп айтқан кездері болды. Кейін атқарған жұмыстарымыздың видеосын жібергеннен кейін оның жақсы нәрсе екенін түсінді. Қазір жақсы көзқараста”, – дейді ол.

Балалардың арманын орындаудан бөлек “Менің арманым” қоры волонтерлері жиналып, қаланың сыртындағы балаларға арналған ауруханаға барып, сурет салғызып, ойындар ойнатып, көңілдерін көтеріп қайтады екен.

Кейінгі жылдары Қазақстанда волонтерлік қарқынды дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жастар жат қылыққа бейім болмау үшін, оларды ерікті болуға тартып, ізгі істерге жұмылдыруымыз керек екенін айтты.

Мемлекет басшысының ай­туын­ша, патриотизм, қоғамға қыз­мет ету және игілікті іс – адам­ның тұлғалық және рухани дамуы­ның жоғары деңгейінің жарқын көрінісі.

Бүгінде дүниежүзінде волон­тер­лікпен айналысу үрдісі кең тара­лып, әлемдік қозғалысқа айнал­ғаны белгілі. Мәселен, әлем­дік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі.

Бұған дейін Абай облысының тумасы 34 жастағы Айзада Жүсіпова сегіз жылдан бері ерікті болып келеді. Алғаш Астанаға көшіп келгенде сұлулық салонында жұмыс істеп жүрген тұрақты клиенті жоғалып кеткен. Осы жағдай Айзаданы волонтерлік жолға әкелгенін жаздық.

https://stan.kz/volonter-396111/

Comments (0)
Add Comment