Дін саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сарапшылар кеңесінің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Талғат Жақиянов Байзақ ауданының ауыл имамдарымен кездесті.
Жиын барысында дін саласындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, маңызды ойлар айтылды. Спикер қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, жастарды теріс идеологиялардан қорғау және дәстүрлі құндылықтарды насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Имамдар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты. Сонымен қатар ел бірлігі мен рухани қауіпсіздікті нығайту жолында бірлескен жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі айтылды. Кездесу дін саласындағы мамандардың біліктілігін арттырып, қоғамдағы діни ахуалды тұрақтандыруға бағытталған басқосу болды.
Сондай-ақ осы күні ауданның бас имамы Қанат Әділханұлы ауыл имам-молдаларымен кезекті жұмыс жиынын өткізді. Басқосуға өңірдегі мешіт қызметкерлері қатысып, діни қызметтің өзекті бағыттары мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Жиын барысында жамағатпен жұмыс жүргізу, діни сауаттылықты арттыру, жастар тәрбиесі, жат ағымдардың алдын алу және ҚМДБ бекіткен бағыттар аясындағы тапсырмаларды жүйелі жүзеге асыру мәселелері сөз болды. Аудан бас имамы имамдардың қоғам алдындағы жауапкершілігіне тоқталып, бірлік пен ауызбіршілікті нығайту жолында белсене қызмет етуге шақырды. Сонымен қатар мешіттердің ішкі тәртібі, құжат айналымы, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру және ақпараттық жұмыстарды жандандыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Жиын соңында алдағы жұмыстар пысықталып, ортақ міндеттер айқындалды. Мұндай кездесулер діни қызмет сапасын арттырып, өңірдегі рухани тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосады.

Comments (0)
Add Comment