Әр адам өз заманының айнасы іспеттес. Алға ұмтылу үшін ойға — даналық, санаға — сілкініс қажет. Осы қажеттіліктердің басымдығы биліктің қырағы қамқорлығына әрқашан зәру. Бүгінгі әлемдік экономикалық бәсекелестіктің «жар басындағы жантақты жаннан безген жан алар» дейтін кезеңінде еліміздің ішкі мәселелерінің күрделілігі күннен күнге қордалану үстінде. Әрине, бұл мәселелер жұмсақтықты көтермейді. Сондықтан да Елбасы міндеттерді жүзеге асыруда әлсіздік танытқан үкіметті тарату әрекетін дер уақытында жасады. Себебі, халқының әлеуметтік- тұрмыстық жағыдайы Президентіміз үшін ең маңызды мәселе. Ел тағдырын сеніп тапсырған үкімет мүшелері, аймақ басшылары қарапайым халыққа жақын, жанын түсінетін болғанда ғана өмір құбылыстары бірімен бірі сәтті сабақтасады. Екі жарым жылда халықтың әлеуметті-тұрмыстық мұң-мұқтажын игеру үшін қызмет жасаған билік өкілдерінің таратылуы – мемлекет дамуының жаңа кезеңге көшуіне сұранып тұрғанын дәлелдейді. Дегенмен, бұл сұраныс тек жалаң билік үшін емес екенін ескерген жөн, бұл бүкіл қоғам, барша халыққа ой тастайтын мәселе, себебі, биліктің бір ұшы – халықтың қолында. Сондықтан, ел болып, халық болып бұл үрдісті ашық сана, ойлы көзқараспен қабылдағанымыз дұрыс болар.
Сабыр Түменбаев,
ҚР Президенті Мемлекеттік басқару Академиясы Жамбыл облыстық филиалының директоры