Бүгін қалалық мәслихаттың кезекті төртінші сессиясынан кейін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің бастамасымен жаңа форматтағы басқосу өтті. Бұрын-соңды болмаған ерекше жиында халық қалаулылары шаһар басшысымен депутаттық сауалдардың орындалу барысын талқылады. Басқосуға сондай-ақ қала әкімінің орынбасарлары, әкімдікке қарасты бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Шаһар басшысының тікелей ұсынысымен қолға алынып отырған мұндай жаңаша жұмыс жүйесінің мақсаты – қала әкімі мен мәслихат депутаттарының қоян-қолтық тығыз байланыста болуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың мәселесін тиімді шешу. Осы арқылы мәслихат депутаттары тараздықтармен кездесу барысында көтерілген мәселелерінің жауабын әкімнен бетпе-бет отырып, тікелей ала алады.
Жиын барысында қалалық мәслихаттың 27 депутаты өздері сайланған округтердегі мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Мәселен, Марат Жұманқұлов өзі сайланған №1 округтегі аялдамалардың тозығы жеткенін және шұғыл жаңартуды қажет етіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, жол мен жаяу жүргіншілер жолын салу секілді инфрақұрылымдық қажеттіліктерге де тоқталды.
– Ағымдағы жылы 36 бірлік аялдама орнату жоспарда. Оның ішінде 6 бірлік аялдама № 1 округтің аумағында орнатылады. Жалпы алқап аумағында орнатуды және ауыстыруды қажет ететін 10 аялдама бар. Қалған 5-уі іс-шара жоспарына және бюджет бөлінісіне сәйкес қойылады. Қалған 30 аялдама да қажет етіліп отырған жерлерге орнатылады.
Көшелерге келер болсақ, қазіргі таңда мердігер мекеме «B grass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3-ші Завод көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын аяқтады. Одан бөлек, «KATSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен көшелерді орташа жөндеу мақсатында келісім шарт жасалды. Аталған келісім аясында Кирпичный, Стариков, 1,2,3,4,5,6,7,8,9 Строитель бұрылыстары, Хмелевский көшесі және бұрылысы, Байқоразов тұйығы, Рысқұлбеков көшелері жөндеуден өтеді. Одан бөлек Байқоразов көшесін орташа жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Айта кетер жайт, мұндай жаңаша форматтағы жиын әрі қарай да жалғасын табады.