ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

Адам атын ардақтайтындардың әрқайсысы үшін туған жерден артық, одан қастерлі ештеңе жоқ. Оның үстіне, әрбір адамның күллі болмыс-бітімі, жаратылысы өзі жаралған жердің табиғатына тартады деген пікір бар. Олай болса, сен сол туған өлкеңнің бөлінбес бөлшегісің, жанды бейнесісің. Кейде еліне қарап жерін, жеріне қарап елін бағалап, жатушылықта содан болар. Тіршілік нұрын шашып, су аққалы бері төңірегін нуға бөлеуден танбаған Таластың аңғарын мекендеген өсіп-өнгенін, талай-талай қатал ғасыр, қатаң нәубеттерде қанымен қоса көз жасын төге жүре, мамыражай шақтарда арқа-жарқа өмір кешіп, сән-салтанатымен сансыз тойлар да жасағанын, соның бәрінде де  келер күннен бір сәтте үмітін үзбегенін, айналасына ақ пейілмен қарағанын еске түсіріп, өзіңнен бұрынғы ұрпағыңның рухы алдында басыңды иесің. Міне осындай тарихы терең киелі өлкеде дүниеге келіп, саналы өмірімді осы елдің өркендеуіне еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Осы киелі өлкеде орналасқан Байзақ ауданының құрылып, отау тіккеніне  биыл
85 жыл толып отыр.


Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында Қазақстан Одақтас республика мәртебесін алуына орай жаңа облыстар, жаңа аудандар құрыла бастады. 1938 жылдың 4 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің шешімімен Мирзоян ауданынан жаңа аудан бөлініп шығып, Свердлов есімі берілді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығымен Свердлов ауданы Байзақ ауданы болып аталды.
Ел тәуелсіздігінің арқасында аудан жұртшылығының көптен бері аңсаған арманы  осылайша жүзеге асып, ауданымызға батыр бабамыз Байзақ датқаның есімі берілді. Осы жылдары аудан орталығына кіреберісте Байзақ батырға қоңыр граниттен қашап жасалған биік ескерткіші орнатылып, маңайы абаттандырылды. Орындықтар қойылып, жарықтар орнатылды.
Жаңа мыңжылдықтың келер қарсаңында Байзақ батырдың 210 жылдығы, Ұлы Отан соғысына қатысқан Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың 90 жылдығы, тағы басқа да мерейтойлар  біріне-бірі ұласып, аудан жұртшылығының алдында осы іс-шараларды ұйымдастыру міндеті тұрды. Әруақтар алдындағы парызын өтеу үшін аудан тұрғындары  сол кездегі аудан әкімі Жабағиев Қожахан Көкірекбайұлының ұйымдастыруымен біркісідей атсалысып іс-шараларды  жоғарғы деңгейде өткізді. Осындай еңбектері үшін аудан халқы Қожахан мырзаға бүгінге дейін дән риза.

Ауданның өткен өміріне көз жүгіртетін болсақ, отызыншы жылдардың бас кезінде жүргізілген ұжымдастырудың нәтижесінде аудан бойынша кішігірім 42 ұжымшар (колхоз) ұйымдастырылған. Содан 20 жыл өткеннен кейін 1950 жылы олар 13 шаруашылыққа біріктіріліп, іріленген көп салалы ауылшаруашылығы өндірісіне айналған.
1991 жылдан бері Қазақстан Тәуелсіз, егеменді ел болып, нарықтық қатынастарға көше бастағанда ауданда жекешелендіру процесі кең өріс алды. Сондықтан ауданның саяси және шаруашылық құрылымдары түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Аудандық партия комитеті мен атқару комитеті, бастауыш партия ұйымдары мен ауылдық Кеңестер өздерінің қызметтерін тоқтатты. Бұрынғы колхоздар мен совхоздар таратылып, олардың негізінде жеке шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтер құрыла бастады. Бүгінгі күні 13 ауылдық Кеңестердің қамтуында болып келген елдімекендер 18 ауыл, ауылдық округтерге топтастырылды.
Тәуелсіздік алған уақыттан бері ауданда қажырлы еңбектің түйінін ағытқан мақсатты әрі нәтижелі тірліктер атқарылып, оң өзгерістерге қол жеткізуде. Ауыл еңбекқорлары Тараз қаласы тұрғындарын ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, басқа да өнімдермен қамтамасыз етіп келеді.
Ауданда Инновациялық үдемелі- индустрияландыру бағдарламасы аясында қолға алынатын істер ауқымы арта түскендігі белгілі. Бұл орайда ауылшаруашылығын әртараптандыруға бағытталған талпыныстар өз жемісін бере бастады. Ауданда жылыжай шаруашылығымен шұғылданушылар қатары жылдан-жылға артып келеді. Олардың қаланы жыл бойына көкөніспен қамтамасыз етудегі тынымсыз тірліктері жемісін беруде.

Ауданымыз қант қызылшасын өсірумен даңқы шыққандығы белгілі. Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары тәтті түбір алқаптарының көлемін 6000 гектарға дейін жеткізіп, әр гектардан 400 центнерден өнім алғандығы белгілі. Сол кездегі өндірістегі үздік табыстары үшін байзақтық қызылшашылар Социалистік Еңбек Ері атағын алып, кеуделеріне Алтын жұлдыз тақты. Олардың арасында Айтжан Бөгембаев, Орынкүл Атабекова, Алтынкүл Әлібаева, Наужан Дидарбекова, Мәрзия Ибрагимова, Дариға Жантоқова, Сындыбала Оңғарбаева және тағы басқалары болды. Бұлардан басқа да аудан экономикасының еселеп артуына айтарлықтай үлес қосқан ата-апаларымыз аз болған жоқ. Солардың бірі ұйымдастырушылық қабілеті зор, Социалистік Еңбек Ері Александр  Нахманович өзі басқаратын «Трудовой пахарь» колхозының табысын тасқындатып, атын Одақтық көлемге жеткізді. Міне бүгінде сол колхоз негізінде Түймекент ауылдық округ еңбеккерлері табыс биігінен көрінуде. Олар Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаны жүзеге асыруды ауданда алғашқылардың бірі болып қолға алды. Нәтижесінде округте мал басы өсіп, егістіктен мол өнім алынып келеді. Осылайша округте жұмыссыздарды жұмысқа тартуға жол ашылды. Міне мұндай мысалдарды ауданның басқа ауыл, ауылдық округтерінен де көптеп келтіре  беруге болады.
Облыс орталығы іргесіндегі ауданымыз негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылы 64 млрд. 724,9 млн. теңгеге жетті. Ал өнеркәсіп кәсіпорындарымен 7 млрд. 233,5 млн. теңгенің өнімі өндірілді.
Ауданымыз үшін 2022 жыл табысты жылдардың бірі болды. Ауданда мал басы  өсті, егістік көлемі артты. Мал өз төлі есебінен көбейіп, мүйізді ірі қара 51986, қой-ешкі 366386, жылқы 19505, түйе 1047, шошқа 1650, үй құстары 862081 басқа жетті. Аудан бойынша 17271,1 тонна ет, 44628,7 тонна сүт, 12 млн. 552 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ал бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда мал басының еселеп өскені, мал өнімдерінің барлық түрлері артығымен өндірілгенін білдіреді.

Егін саласында да қол жеткізген жетістіктер аз емес. Қант қызылшасы, пияз, көкөніс, бақша, жүгеріден алынған өнімдерде жыл сайын артып келеді.
Ауданда әлеуметтік мәселелерге де үлкен мән беріліп отыр. Аудан орталығы ғана емес, ауылдық жерлерде де сәнді де, сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Жолдар жөнделіп, ауылдарға ауыз судың тартылуы, жаңа мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулаториялар мемлекеттік бағдарламалар аясында салынуда. Ауданымыз облыс көлеміндегі елді мекендері (43) 100 пайыз газбен қамтылған жалғыз аудан екенін мақтан етуге болады. Айта берсек мұндай жетістіктеріміз аз емес.
Бір сөзбен айтқанда ауданымыз өзінің 85 жылдық тарихында дамудың даңғыл жолына түсті. Ал мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданымыздың абыройы асқақтай беретініне сеніміміз мол.
Ауданымызда игілікті істерді мойымай, абыроймен атқарып жатқан, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын еселеп өсіруге үлестерін қосып жүрген еңбек адамдары аз емес. Еңбекте мерейін асырып жүрген азаматтарды, жалпы ауыл тұрғындарын ауданымыздың 85 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын!

 

Жұманғали ҚҰМҒАНБАЕВ,
аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы.
Сарыкемер ауылы.

Comments (0)
Add Comment