Бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталады. Еліміздегі айтулы шараға қатысатын әлемдік деңгейдегі көшбасшылардың есімдері қазірдің өзінде белгілі және олардың алды елордамызға келе бастады. Жалпы, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев идеясы бойынша бастау алған әлемдік жиын бұған дейін әрқашан жаһандық оқиғалардың шиеленісіп жатқан уақытында өткізілгені белгілі. Бүгінгі күні де әлемдік ахуал күрделеніп тұр. Жуырда еліміздің өкілдері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысқан уақытта әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында діни лидерлер мен әлемдік саясаткерлердің күш-жігерін біріктіру мәселесінің де өзекті екендігін мәлімдеді. Сонымен кеше Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Хатшылығының ХVII отырысы өтті.
Жиынды Хатшылық басшысы, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, шартараптан келген қонақтарға VI съездің жұмысын дайындауға белсенді қатысқандары үшін, сондай-ақ Қазақстандағы дінаралық форумның идеялары мен бастамаларын өз елдерінде ілгерілете отырып, ұдайы қолдау көрсетіп отыратындығы үшін алғыс білдірді.
Қ.Тоқаев дін адамзат тарихының қай кезеңінде де саясат пен халықаралық қатынастардың ажырамас бөлігі болып қала беретінін атап өтті.
– Бүгінде XXI ғасырда орын алып отырған кең ауқымды материалдық, ғылыми-техникалық, зияткерлік мүмкіндіктерге қарамастан, рухани даму мәселесі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық саласында маңызды орынға ие болып отыр. Соңғы уақытта әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық жағдай түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Бұл өзгерістердің нәтижесінде әлеуметтік теңсіздік, этносаралық және дінаралық төзбеушілік сияқты өткір мәселелер ушыға түсті. Түрлі діни сенімдерді бір-біріне қарсы қоюдың және «Құдай жолындағы ізденісті» қалқан етіп, теріс әрекеттер жасаудың салдарынан шиеленістер мен ашық қақтығыстардың жаңа ошақтары пайда болуда, – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Оның пікірінше, жалған ұрандарды желеу еткен жасанды діни құндылықтар террорды насихаттаушылардың қырып-жою қаруына айналды. Мәдени және діни ерекшеліктерді бұрмалап, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың шала сауаттылығын өз мүдделеріне сай пайдаланатын жікшіл топтар өз жақтаушыларын көзсіз табынуға мәжбүрлеп отыр.
Қ.Тоқаев сонымен қатар аудиторияның назарын аударатын жаңалық іздеген бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы өзге дін өкілдеріне төзбеушілік пен жеккөрушілікті кеңінен таратуға айтарлықтай ықпал етті, деп атап өтті. Хатшылық басшысының пікірінше, қырып-жоюды емес, жасампаздықты алға тартатын рухани көшбасшылардың рөлі аса маңызды, олар діннің шынайы бет-бейнесін айқындап көрсете алады. Кез келген азаматтық қоғамның толеранттылығы мен беріктігін діни сенімнің түпкі мәнін аша түсетін рухани және адами ағарту ісі ғана нығайтады.
– Қазіргі заманғы әлемнің даму қарқыны жер бетінде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін дін жетекшілерінің бірлескен күш-жігерін жаңа деңгейге көтеруді қажет етіп отырғанын мойындауға тиіспіз. Осындай күрделі жағдайларда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының және оны жақтаушылардың диалогы мен келісімін одан әрі ілгерілету жер бетіндегі ұзақмерзімді тұрақтылықтың маңызды бөлігі болып табылады. Бұл орайда тең құқылы диалог алаңы болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өзінің маңыздылығы мен құндылығын көрсетіп отыр, – деді Қ.Тоқаев.
Тоқаев өз баяндамасында бүгінге дейін Астанада бес съезд өткенін, уақыт өткен сайын съезге қатысушылар мен мәртебелі қонақтардың ауқымы ұлғая түскенін атап көрсетті. Оның айтуынша, жаһандық үнқатысу аясында шоғырланып отырған адамдар мен елдер санының күн санап көбеюі – осының айқын дәлелі. Этносаралық және қоғамдық келісімнің бірегей үлгісін көрсетіп отырған ел ретінде Қазақстанның халықаралық шиеленістерді шешуге, толеранттылық пен өзара түсіністік қағидаттарын нығайтудың жолдарын бірлесіп іздеуге алаң ұсынуы заңды құбылыс. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бірқатар ірі реформалар жүргізілді, олар еліміздің жоғары экономикалық өсімге, әлеуметтік тұрақтылыққа және демократиялық дамуға қол жеткізуіне ықпал етті.
Елбасының көреген және парасатты саясатының арқасында еліміз әлемнің қарқынды дамыған 50 елінің қатарына кіру мақсаты жолында көптеген табысқа жетті.
– Бүгінде Қазақстан эволюциялық дамудың жаңа толқыны – идеологиялық өзгерістерді бастан өткеруде. Мемлекет басшысының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында негізі қаланған қоғамдық сананы жаңғырту идеясы озық елдердің қатарына кіру жөніндегі міндетті іске асырудың келесі сатысы болып табылады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу қажет» деген ғибратты сөздері рухани жаңғырудың басты арқауы болып табылады. Озық тәжірибелерді зерделеу және қолдану ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі шарты болып отырған жаһандану дәуірінде Қазақстан Президентінің жалпы қоғаммен қатар жеке адамға қарата айтқан Жолдауы оның әлемдік трендтерді дәл бағалай білетін саяси көрегендігін және нағыз көшбасшыға тән қасиеттерін көрсетеді, – дей келе Қ.Тоқаев, – Бұл үндеу уақыт талаптарына сай келеді әрі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларымен және мақсаттарымен үйлесім табады, – деп сөзін түйіндеді.
Бұдан соң сөз берілген «Сомайя Бхаратия Санскрити Питам» Үнді мәдениеті оқытушыларын даярлау институтының (Үндістан) директоры Кала Дхананджей Ачария өзінің сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның идеяларын ілгерілетуге бар күш-жігерімізді аямаймыз деді. Ал Қасиетті тақтың Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесінің Ислам жөніндегі бюросының басшысы, монсеньор (Ватикан қаласы) Халед Акаше қабылдаушы тарап
– Қазақстанға жүрекжарды ықылас пейілін білдірді:
– Жекелеген ұстанымдарымызға қарамастан біздің тұтастығымыз бен бірлігімізді қамтитын мүдделерді, көзқарастарды бір-бірімізбен бөлісуге тиіспіз. Біз қауіпсіздік мәселесінде болсын, азаматтық ұстанымдарымызды болсын, киім мәселесінде болсын ортақ көзқарас қалыптаспаған онжылдықтарды артқа тастап келеміз. Ал әлем қауіпсіздікке мұқтаж болып тұр. Демек біз қандай да бір қауіпсіздік саласына араласа алатын, шешім қабылдай білетін құрылымға айналуға тиіспіз. Әр елдің қауіпсіздік саласына үлес қосуға болатын ресурсы болғанымен Қазақстанның үлгісі барлығынан озық тұр, – деді Халед Акаше.
Иран Ислам Республикасы Мәдени және исламдық байланыстар ұйымының діни келісім орталығының төрағасы, доктор Мохаммад Мехди Тасхири Иран басшылығы атынан алғысын білдірді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің әлемдегі мемлекеттер, мәдениеттер мен өркениеттердің бірігуіне қосқан үлесін жоғары бағалады.
Жиын барысында сөз алған Хатшылық мүшелерінің барлығының сөзі бір арнада тоғысты, бір жылғамен құйылды. Ол – әлемдегі бейбітшілікті қалыптастыруда адамзаттың рөлін арттыру, Қазақстан Президентінің ұсыныстары мен бастамаларының аясында дін жолындағы ымыраластықты сақтау. Мысалы, Ресейдің Дінаралық кеңесінің Атқарушы хатшысы, Мәскеу патриархаты дінаралық қатынастар жөніндегі сыртқы шіркеулік қатынастар бөлімінің басшысы, мәртебелі дін қызметшісі Дмитрий Сафонов Қазақстан алаңы өте маңызды екендігін айта келе, съездің органдарын мұқият қадағалап отыратындарын айтты, диалогтың тереңдігі, дінаралық диалогқа жасалған жағдайлар тұрғысынан, ауқымды және маңызды форум жоқ деп атап өтті.
Міне, осындай сөздер ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм және бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері тарапынан айтылды. Ең бастысы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің өткен жылдардағы жетістіктері жіпке тізгендей баяндалды.
Хатшылық мүшелері өздерінің жүрекжарды пікірлерін айта келе, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI съезінің секциялық отырыстарының модераторлары мен баяндамашыларын бекітіп алды. Сонымен қатар қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI съезіне қатысушылардың қорытынды құжатының (Декларация) жобасын мақұлдады. Сондай-ақ қатысушылар съезд Хатшылығының ХVIII отырысы өткізілетін күн мен орынды бекітіп, ұйымдастыру жұмыстарын пысықтады.