Бұралқы болыс пен Мұстафа туралы

Еліміз егемендік алып, есімізді жиып, халық болып оң-солымызды тани бастаған отыз жылда өшкеніміз жанып, халықтың басынан кешкен қасіретті жылдарда қызыл империяның құрығынан құрбан болған ардақты азаматтарымыздың есімдері халқымен қауышып, оларға құрмет түрлі деңгейде жасалуда.
Патша өкіметін тақтан тайдырып, билікке келген большевиктік билік өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдардың соңында қазақ даласында жаппай кеңестендіруді  жүргізіп, халықты күштеп ұжымдастыруды әпербақан саясатпен жүргізгендігі тарихтан белгілі. Ол “ақтаңдақ жылдар” халықтың санасында қалды. Ел тізгінін ұстаған халықтың жәйін ойлаған есіл ерлер опат болды. Солардың бірі-Ағашақ болыстығын он сегіз жыл басқарған Сұлтанбекұлы Бұралқы болыс.
Бұралқы болыспен үзеңгілес болып көп жүрген әкем Тышқанбай болысқа атқосшылық қызмет  атқарғандығы  жайлы болысқа жақын ағайын болып келетін ауыл қариялары Нареке, Қасымбай, Кәнібек, Кеубас, Әшім, Әбдірәсіл, Мәдібектердің айтқандарын естіп өстім. Бұл күнде жасы 80-ге таянған ауыл қариясы, еңбек ардагері Тәуірбек Әшімов жоғарыда айтылған әңгімелерден хабардар.
Бұралқы болыстың ауылы мен біздің аталарымыздың ауылы аралас, қойы қоралас, жекжат-жұрат болып отырыпты. Жаз жайлауы Шу өзені бойы, қыс қыстаулары Мойынқұмның қалың құмының іші болған. Болыстың інісі Әбілда қария 1968 жылы қатты қыста елде қайтыс болды. Баласы Жұманбек Таразда, қызы Үмия Меркіде тұрады. Қордабас деген баласы қайтыс болған. 2018 жылы Жұманбек Бұралқы атасына ас берді.
Облыстық музейді ұзақ жыл басқарған Бұралқы болысқа ағайын болып келетін Күзембай Байбосынов “Бұралқы болыс Романовтардың ел билеуінің 300 жылдық тойына шақырылып, ескерткіш медалін алған»,- деген еді.
1982 жылы Тараз (бұрынғы Жамбыл) қаласында тұрған “Ленин” орденді Айтбай Нұрбаев көкем 1928 жылдан байларды жаппай тәркілеу басталды, ол үш кезеңмен жүргізілді, соңында орта шаруалар да тәркілеуге ұшырады. Халық күйзеліп кетті. Бұралқы болысқа балалары “заманның бет алысы қиын малдарыңды кедей-кепшіктерге таратып бер”,-деп сәлем айтқан екен, болыс солай етті деген еді. Міржақып Дулатов туралы алғаш сол кісіден естідім.

Бұралқы болыстың жақын ағайын інісі Әбдірәсіл ақсақал “Бұралқы екі рет қамалып шықты, соңғысында 9-ай Орал түрмесінде отырып келді, жәйі болмады.Қызыл белсенділері маза бермеді. Содан сенің әкеңді бір түнде Түркімен еліне алып кетіпті”, — деген еді.
1917 жылы патша өкіметі тақтан тайдырылған соң Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш азаматтары Орынбор қаласына жиналып, І және ІІ бүткіл қазақ съезін өткізіп, Алаш автономиясын жарияланғаны тарихтан белгілі. Елге келген соң Әулиеатаның  игі жақсылары бас қосып, съезде Әулие ата уездік комитетін құрады, ел басқаруда негізгі мәселелерді талқылайды. Сол жиында Әулие ата уездік комитеті төрағасы болып Әзімхан Кенесарин (қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымовтың немересі)  уезд хатшылығына Мұстафа Бұралхиев тағайындалды. Өкініштісі Әулиеата уездік комитетін билікке келген большевиктер таратып, мүшелерін қудалауды бастайды, солардың қатарында Бұралхиев Мұстафада ұзақ жылға сотталып кете барды.
Бұралқы болысты қызыл белсенділер тарапынан қудалау тыйылмады.
-Біраз уақыт ел ішінде жасырып жүрдім.Ағашақта жалғыз үй отырды. Ағайындары болыстың жақыны деген сөзден қашып жоламай кетті. Болыс “маған келсін” деген хабар жіберіпті. Бардым. Тышқанбай қасымда жүрген сенімді жігіт едің, мына заманның беталысы жаман. Енді ұсталсам не боларым белгісіз, түрмеде иманым үйірілмей, жаназам шығарылмай өлгім келмейді. Мені алыс көз көріп, құлақ естімес жерге алып кет, — деді. Содан бір жұма дайындалып екі жарау айғырмен керек-жарағымызды қос түпті екі қайыс шабаданға салып, түн жамылып, тірі жанға тіс жармай темірқазық жұлдызын оң иығыма алып, жолсызбен Түркімен еліне қарай жол тарттық. Ол елге жеткенше қызылдардың қолына түспеу үшін жолсызбен түнделетіп қана жүріп отырдық. Ұзақ жолды артқа тастап Түркімен еліне де жеттік. Шағын ауылдағы шал-кемпірдің шаңырағына тұрақтадық.Болыс қатты қажыды, мені жібергісі келмеді, жағдайы қиындай берді. Сол елде болыс дүниеден қайтты. Ақ жауып арулап қойып, елге қайттым. Елге келген соң жағдайды ет жақын ағайындарына ғана айттым,-деген әкей сөзін бала күнімде естіп өстім. Бұл сөзді жоғарыда аты аталған болыстың ағайындары да айтып отыратын.
Әкем 1962 жылы қарашада 72 жасында қайтыс болды, мен ол кезде 15 жасқа толған бозбала едім. 1963 жылдың мамыр айында Бұралқы болыстың жақындары Әбен Сатыбалдиев, Мұстафа, тағы басқа кісілер болып, ауылдағы Әбдірәсіл қарияны ертіп келіп, бата жасаған еді.
1978  жылы қаланың төңкеріс аймағында тұратын Рахымбай қария баласын үйлендіріп, той жасады.Тойды ақын Жақсылық Сәтібеков ағаның ұсынысымен мен басқардым.Тойға ұзын бойлы, қапсағай денелі қарасұр кісі келді, қасында жас жігіт бар. Қасындағыларға орыс ақыны Пушкин, Лермонтов, Крылов өлеңдерін жатқа айтып отырды. Бұл кісі Бұралқы болыстың баласы Мұстафа қасындағы жас жігіт жиені дәрігер дейді білетіндер. “Біздің Батя айтады” деп жиені жас жігіт жымиып қояды. Менің қызығушылығым артты. Той басталар алдында ішке кірдік, дастархан басында Мұстафа кісі көсіліп сөйлеп отырды. “Мен Тышқанбайдың баласымын”,-дедім әңгіме арасында. “Мен сенің әкең Тышқанбай емес атаң Мырзақұлды, апаң Әспет кісілерді жақсы білемін. Ол кісілердің қолынан дәм татқанмын иманды болсын жарықтықтар”,- деді. Бұрындары бұл кісіні Мәскеуде Тимирязев академиясын бітіріпті деп естіген едім, анығын білгім келіп, “сіз қандай оқу орнын бітірдіңіз”,-деп сұрадым. “Шырағым мен САГУ-дың агрофагын 1922 жылы бітіргенмін”, — деді.Бұл кісінің ұзақ жылдар қала іргесіндегі Қызыл жұлдыз ұжымдық шаруашылығында агроном болып істегенін кейін білдім.Шаруашылық қант қызылшасынан мол өнім алып, бірнеше кісі Еңбек Ері атанып, Бұралхиев Мұстафаға “Еңбек Қызыл Ту” ордені беріледі.
Ақжар ауылының батыс жағынан Талас өзені ағып өтеді.Ақжар жарқабағынан Сарпылдаққа дейін қыраттың етегін бойлай қазылған тоған орны әлі күйге дейін сақталған.Осы тоғанды кезінде Бұралқы болыс халық отырықшылықпен айналысып, егін ексін деп халықты ұйымдастырып қаздырған екен. Талас өзені суын жарқабақ тұсынан қара бура жасап көтерген дейді білетіндер. Жайлау төбе етегінде.
Тарих ғылымдары докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры болған, марқұм Омарбеков Талас ҚР мемлекеттік архивінен Сұлтанбеков Бұралқы болыс ісін (ескіше жазылған) алып, сол жердегі маманға кириллицаға аудартып, электронды нұсқасын жасатып, баспада жұмыс істейтін таныс кісіге кітап етіп шығару үшін бердім деп маған осыдан 4-5 жыл бұрын айтқан еді.
Елдің ардақты ұлдары Бұралқы болыс және Мұстафа туралы мен білетін мәліметтер осындай.

Айтмаханбет Тышқанбаев,
ҚР Білім беру ісі үздігі.
Ақжар ауылы.

 

Comments (0)
Add Comment