Фото: Бурабай ұлттық паркі
https://turkystan.kz/article/265496-burabaida-zazda-sirek-kezdesetin-qurtqasas-guldedi
«Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында көктемгі құртқашаш гүлдеді. Бұл – жаз ортасында сирек кездесетін табиғи құбылыс, деп хабарлайды turkystan.kz парктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
9 тамызда, жаздың нағыз қызған шағында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы 96-орамда қызметкерлер ерекше құбылысты байқады. Олар парк аумағынан жалғыз өскен көктемгі құртқашаш (Pulsatilla patens) гүлін көріп қалды.
Бұл сирек кездесетін өсімдікті парк инспекторы Әділхан Шаймерденов тапқан. Өсімдікті қорғау үшін ол гүлдің айналасын шағын тастармен қоршап, шекарасын белгілеп қойған.
Парктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көктемгі құртқашаш, халық арасында «бәйшешек» деп те аталады, Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдік түріне жатады. Әдетте ол қар ерігеннен кейін, ерте көктемде гүлдейді. Ал оның тамыз айында гүлдеуі — өте сирек кездесетін жағдай. Мамандар мұндай ерекше гүлдеу мерзімін микроклиматтың ерекшелігімен немесе өзге табиғи факторлардың әсерімен байланыстыруы мүмкін.
«Бурабай» ұлттық табиғи паркі әкімшілігі сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау қажет екенін, сондықтан оларды жұлуға болмайтынын және табиғатқа ұқыпты қарауды еске салды.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/265496-burabaida-zazda-sirek-kezdesetin-qurtqasas-guldedi