– Толық аты-жөніңіз, қызметіңіз…
– Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы»КММ-нің директоры Бельгимбаев Марат Байжанович
– Жастар саясатында қыщзмет көрсеткеніңізге неше уақыт болды?
– Жастар саясатында 2020 жылдың шілде айынынан бері.
– Жастар саясатында нені өзгерткіңіз келеді?
– Жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеу бағытында іс – шаралар ұйымдастыру.
– Сіздің жастарға деген сеніміңіз қандай? Және не себепті олай ойлайсыз?
– Еліміздің болашағын жалғастыратын дамытатын жастарға үлкен сенім артып отырмын, қазіргі таңда жастардың белсенділігі жоғары.Себебі жастар білімді, алға қойған мақсаттары айқын,қадамдары нық.
– Жастарға арналған қай мемлекеттік бағдарламалар сіздің аймақта жүйелі орындалуда?
– Жастарды жұмыспен қамту мәселесі ауданымызда басты назардағы мәселе екені белгілі. Осы проблеманы жою үшін ауданымызда «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жасыл ел» т.б. бағдарламалар қолға алынып, ауданымызда жүзеге асырылып жатыр.
– «Болашақ – жастардың қолында» деген тұжырыммен қаншалықты келісесіз?
– Болашақтың кілті, елдің ертеңі — білімді жастар. Мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі тікелей жастарға байланысты болғандықтан жастардың тәрбиесі мен біліміне аса көңіл аударуды талап етіп жатыр. Қазіргі уақытта жастардың сапалы білім алуы, дұрыс мамандықты таңдауы және қоғамнан өз орнын табуы мемлекеттің болашағы үшін ең өзекті тақырыпқа айналды.
– Тәуелсіз мемлекеттің жастары қандай болуы қажет?
– Тәуелсіз елдің жастары білімді, отансүйгіш, бәсекеге қабілетті болуы керек. Жалпақ тілмен айтқанда, бізге жан-жақтылық қажет. Әр азамат тәуелсіздік жылдарында өсіп, білім алып жүрген жастардың санасында «еліме, халқыма қандай пайдамды тигізе аламын?» деп ойлауы шарт. Сонда ғана біздің елді алға сүйрейтін жастар шығады. Қазақ «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демей ме?! Күні кеше Түркияның Президенті Реджеп Ердоған жастармен кездесу өткізді. Сонда: «Сіздер министр болсын, әкім болсын, кез келген саланың басшысынан қаймықпай, өз ойларыңды еркін жеткізетін ұрпақ болуларың керек» деді. Қазақ жастары да солай болуы шарт. 32 тісімізден шығатын сөзді санамызға сырттан салып берудің қажеті жоқ. Себебі біз бодандықты көрмедік. Еркіндік пен егемендіктің ақ таңында өмірге келгеннен кейін осы күнді аңсап кеткен ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дамытып, тарихымызды өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек.
– Өңіріңіздегі жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жастар ресурстық орталығының атқарған жұмыстарына тоқталсаңыз…
– Мойынқұм ауданы бойынша жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсем спорттық іс – шаралар ұйымдастырлды (шахмат, дойбы, кіші футболдан аудандық турнир, волейбол т.б), жас ақындар мүшәйрасы, отбасылық мерекелер мен байқаулар өтті. Бас бостандығынан айыру орындарындағы және жазасын өтеп шыққан жасқа құқықтық, психологиялық кеңес беру, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат беру, жеке қасиеттерін дамытуға бағытталған шаралар ұйымдастырылды.
– Жастардың еңбек сатысымен көтерілуінде аға буынның алатын орны туралы айтып өтсеңіз…
– Жастарға сенімділік танытып,алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға көмек көрсету.
– Ауыл жастары неліктен үлкен қалаларға арман қуып келеді?
– Ауыл жастарының қалаларға кетуінің басты себебі жұмыссыздық. Бірақ қазіргі таңда ауылдық жерлерде жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік салаларда үлкен өзгерістер болып отыр. Қалаға кеткен жастар ауылға оралуда.