Бүгінде жаһандық белең алып тұрған коронавирустың қарқын алу барысын күнделікті қадағалап, көңіліміз күпті жүргенін жасыра алмасымыз анық еді. Осы орайда коронавирустың таралмауына қатысты іс-шараларды шұғыл қолға алып, карантин шараларының жаңа қадамдары туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың мәлімдемесі халық тағдырына алаңдауынан туындап отырғаны белгілі. Мәлімдеме барысында Президент қашанда елдің жайы мен жағдайын ойлағандығын байқатты.
Президентіміздің білім беру саласына да баса назар аударуы, бұл еліміздің кемел болашағы үшін екендігін аңғартады. Орта білім беру ұйымдары, яғни мектептерде қашықтықтан оқытуды жалғастыра беретіндігін мәлімдеді.
Сондықтан қашықтықтан оқытуды жүзеге асыру барысында барлық ұстаздарға артылған сенім жүгінің салмақты екендігі даусыз. Пән мұғалімдерінің жаңа білімді меңгерту барысындағы оқыту әдістемелеріне шығармашылық қажет екендігі түсінікті. Ата-аналардың да, балаларының білім алуына бей-жай қарамай, балаларымен бірге оқып, бақылау жасауы – бұл үлкен жауапкершіліктің негізі.
Мектеп бітіруші түлектердің өмірде өз орындарын тауып орналасуының кілті -Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарын үздіксіз жүргізуі басты мәселе. Оқу жылын сапалы біліммен табысты аяқтау біз үшін үлкен міндет.
Міне, осындай кезеңде бізді бар мақсатқа жеткізетін бірлік екендігі ақиқат. Ендеше, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бәріміз бірге жұмылып, бірге екендігімізді көрсетсек.
Мемлекет басшысының еліміздегі болып жатқан қиыншылықтардың барлығында халықпен бірге болған кезеңіндегі мәлімдемесін қолдаймыз. Біз әрқашанда біргеміз, біздің күшіміз бірлікте!
Раушан Қожамжарова,
Жамбыл ауданы әкімдігінің білімі бөлімінің басшысы