«Бізді жаңа тосынсыйлар күтіп тұр»: Ғалымдар жаһандық жылынудың жоспарланбаған рекордтық деңгейге жеткенін айтты

Фото: pixabay

Ғалымдардың айтуынша соңғы аптада әлем ең ыстық үш күнді бастан өткерген. Ал соңғы 13 айда температура рекордтық көрсеткішке жеткен. Аптап ыстық көптеген адамның өмірін алып жатыр. БҰҰ осы орайда жаңа жаһандық эпидемия туралы айтты. Деректерге сүйенсек, 2024 жыл ең ыстық жыл болады деп күтілуде. Себебі Эль-Ниньо температураны уақытша төмендететін «Ла Ниньоға» ауысса да жаһандық жылыну процессі өсуде.

БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш климаттық дағдарыстың адамзаттың ортақ мәселесі екенін еске салды.

«Жер барған сайын қызып, тіршілікке қауіп төндіреді», — деді ол.

Ол жаһандық жылынуды миллиардтаған адамдарға әсер ететін жаңа «эпидемияға» балады. Себебі Жерде температура 50°C-қа дейін жетті. Бұл ылғалды климатта өмір сүруге жарамсыз көрсеткіш. Әлемде жұмысшылардың 70%-дан астамы немесе шамамен 2,5 миллиард адам төтенше температурадан зардап шегуде. Бұл жқмыс өнімділігін де екі есе төмендетеді.

Жыл сайын жарты миллион адам ыстықтан өаза тауып жатыр. БҰҰ мәліметінше, бұл тропиктегі жойқын дауылдардан 30 есе көп.

Фото: ВВС

«Жазда аптап ыстықтың болуы әдеттегі көрініс екені анық. Бірақ қатты жылу жиілеп, ауқымы кеңейюде. Ол экономикаға әсер етіп, прогресті тежейді, теңсіздікті тудырады және адамдар өліміне әкеліп соғуда», — деді Гутерриш.

Аптап ыстықтан әсіресе егде жастағы, жүкті және кедей адамдар зардап шегуде. NASA мен Коперник климаттық орталығының мәліметтері бойынша, соңғы 13 айдың әрқайсысы бұрынғы деректермен салыстырғанда жылы болған. Соңғы 12 айда планетаның температурасы 1,5°C-тан асып түсті.

Тарихи тұрғыдан алғанда, планета жүздеген мың жылдар бойы мұндай нәрсені бастан өткермеген.

Мысалы, биылғы шілденің өзінде жер бетіндегі орташа температура жаңа рекорд орнатты. 22 шілдеде планета 17,16°C -қа дейін жылыды.

Фото: ВВС

«Соңғы 13 айдағы температураның барлық алдыңғы рекордтарды бұзғаны мені ерекше таң қалдырады. Біз жоспарланбаған деңгейге шықтық. Алдағы айлар мен жылдарда бізді жаңа тосынсыйлар күтіп тұр», — деді Коперник орталығының басшысы Карло Буонтемпо.

Буонтемпо қыста қар жауудың өзін болжау қиынға соғатынын жеткізді. Соңғы он температура рекорды 2015-2024 жылдар аралығында болған. Алда жаңа рекордтар болатыны сөзсіз. 2024 жылдың шілдесі өткен жылмен салыстырғанда салқын болса да, ол 95% тарихтағы ең ыстығы болады.

https://stan.kz/bizdi-zhana-tosinsiylar-kutip-tyr-galimdar-zhahandik-zh-404187/

Comments (0)
Add Comment