«Бірыңғай кешенді бағдарлама» кәсіп бастауға кең мүмкіндік

Өңірлердегі маңызды салаларды тартылған инвестиция арқылы түрлен­діруге болады. Мұндай жағдайда іске қосылған өндіріс орындары немесе кәсіпорындар аймақтың ұзақ мерзімді дамуына оң әсерін беруі мүмкін.
Бұған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ивестициялық кезеңді бастау қажеттігін алға тартқан болатын. Өйткені, негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азаюда.
— Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан, ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек,-деген болатын.
Президент айтып өткендей, ивесторларды тарту тек бір бағытта ғана емес, барлық деңгейде жүзеге асуы тиіс. Өңірлерде, облыстар мен аудандарда инвестиция тарту процесін жіті бақы­лау арқылы жүйе­лендіруге болады. Тек шетелден ғана емес, ішкі ин­вестициялардың да маңызы зор. Жалпы инвестиция тарту-тек қаражат көзін жеткізу ғана емес, ше­телдік тәжі­рибенің мең­геру және олардың мүм­кіндіктерін тануға жол ашу.
Бұл бағытта өткен жылдың басынан бастап, «Даму» қоры жаңартылған «Бірыңғай кешенді бағдарламасын» жүзеге асыра бастады. Ондағы мақсат-шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан тиімді қолдау көрсете отырып, экономиканың түрлі салаларындағы бәсекеге қабілетті әрі импорттың орнын басатын отандық жобаларды дамыту. Жалпы бағдарлама аясында негізінен өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтегі жобалардың несие мөлшерлемесін субсидиялауға басымдық беріледі. Алты бағыт бойынша қолдау көрсетеді. Олардың –микрокәсіпкерлік, шағын және орта кәсіпкерлік, өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік, моно және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік, биржа арқылы. Мұндай жобалар бойынша алғашқы 3 жыл ішінде кәсіпкер несиесін 8 пайызбен, төртінші жылдан бастап 9 пайызбен, бесінші жылдан 10 пайызбен төлейді. Аталған бағдарлама қор нарығын дамытуды көздейді.
«Бірыңғай кешенді бағдарламасы» бойынша аудан көлемінде пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау шаралары бойынша 646,9 млн. теңгеге 24 жоба қаржыландырылды. Олардың қатарында қоғамдық монша салуға, мал шаруашылығын дамытуға, көлікке қызмет көрсету стансаларын ашуға, жүк тасымалын игеруге ниет танытқан тұлғалар бар.
Ал аталған бағдарламаның банк кредиттері бойынша кепілдік беру негізінде 158,2 млн. теңгеге 7 жоба мақұлданды. Бұл ретте кәсіпкерлер сауда орны мен жиһаз жасау цехынан табыс айыруды көздейді.
Бұл тұрғыда кәсіпкерлерді қолдау мен ынталандыру бойынша аудан көлемінде түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша жыл басынан бері қала мен 13 ауылдық округте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы өкілдерінің қатысуымен несие алуға ниетті кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырылған.
Нақты жүргізілген жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 2024 жылы 885,6 млн. теңгенің 33 жобасы шешімін тапса, биылғы жылдың алғашқы төрт айында 158,2 млн. теңгеге 7 жоба мақұлданды.
Осылайша, іс бастап, кәсіп жасауға ниет білдірген азаматтарға қаржылық қолдау тетік­тері кеңейтілді. Мұндай бастама өз кезегінде Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан өндіріс жобалары мен терең өңдеу­ді ынталандыру бағытында жүзеге асыры­лып жатыр. Сала мамандарының сөзінше, мұндай тәжірибе бола­шақта елдің өнеркә­сіптік әлеуетін нығаюына және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге серпін бермек.
Нарбол Қашаған, Талас ауданы
Comments (0)
Add Comment