Бірлескен кеңес отырысында инвестиция, туризм және көктемгі дала жұмыстары талқыланды

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» және «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі аймақтық кеңестерінің бірлескен отырысы өтті. Кеңес барысында партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасы аясында инвестициялық жобалардың орындалуы, туризм саласының дамуы және көктемгі дала жұмыстарының барысы қаралды.

Жиында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ернар Оразбай өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 764,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 38,8%-ға артқанын атап өтті. Бұл өңірдің инвестициялық әлеуетінің артып, іскерлік белсенділіктің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Сонымен қатар, ол биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, өткен жылдың 9 айында облысқа 158 555 турист келгені және бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 4,9%-ға артқаны айтылды. Туризм саласын одан әрі дамыту мақсатында алдағы сәуір айында Туризм басқармасын қайта құру жоспарланып отыр.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болат Сағынбеков көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндап, суармалы көкөніс дақылдарының көлемі 2,1 мың гектарға қысқарып, жалпы 28,9 мың гектарды, ал бақша дақылдары 3,0 мың гектарға қысқарып, 9,7 мың гектарды құрайтынын жеткізді. Бүгінгі күні көктемгі жер жырту жұмыстары 19,9 мың гектар алқапта жүргізіліп, 21,3 мың гектар жер егіске дайындалған. Сонымен қатар, 10,1 мың гектарға жаздық масақты дақылдар (арпа), 570 гектарға көпжылдық шөп және 460 гектарға көкөніс дақылдары себілген. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін 15,9 мың тонна дизель отыны бөлінген.

Жиын қорытындысында өңірдің экономикалық дамуын арттыру, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығы мен туризм салаларын жүйелі түрде дамыту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Comments (0)
Add Comment