-Толық аты-жөніңіз, қызметіңіз
Сәрсеханұлы Айбек
-Жастар саясатында қызмет көрсеткеніңізге неше уақыт болды?
-Жалпы жастар саясатында 5 жыл қызмет атқарып келемін.
-Жастар саясатында нені өзгерткіңіз келеді
-Жоғарғы оқу орындарында жастар саясаты бойынша мамандық ашуды қолға алғым келеді
-Сіздің жастарға деген сеніміңіз қандай? Және не себепті олай ойлайсыз?
-Қазіргі жастарымыз сауатты, білімді. Ал білімді жастар ел болашағын ойлайтыны айдан анық.
-Жастарға арналған қай мемлекеттік бағдарламалар сіздің өңіріңізде кеңінен орындалуда?
-Аудан көлемінде жастарға арналған бірқатар бағдарламар іске асып жатыр. Мысалы, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының 6 ай қорытындысы бойынша 12 маманға 52506,0 мың қаражат көлемінде тұрғын үй несиесі қарастырылды, ал 7 маманға 2041,0 мың қаражат көлемінде көтерме жәрдемақы тағайындалды.
Сонымен қатар «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша «Құлан агротехникалық колледжінде білім алатын студенттермен қатар жұмыссыз, NEET санатындағы 42 жас қоғамдық жұмысқа тартылып, көгалдандыру жұмыстарына атсалысуда. Аталмыш бағдарламаға аудандық бюджеттен 1982,00 мың теңге бөлініп, біршама қолдау көрсетіліп жатыр. Нәтижесінде, қазіргі таңда аудан аумағындағы жастардың көп бөлігі тиімді іспен шұғылданып жатқан жайы бар. Сондай-ақ, нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттiк багдарламасының II бағыты бойынша 91 жас 200 АЕК (583 мың тг.) кайтарымсыз грант алды. Қазіргі таңда олардың 50%-ы мал шаруашылығымен айналысып жүрсе, қалғаны тігін цехы, дәнекерлеу, шаштараз секілді кәсіптің көзін тауып отыр. Есепті кезеңде 661 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның ішінде: ваканттық бос жұмыс орындарына – 250 жас, жастар практикасына – 60, әлеуметтік жұмыс орындарына – 15, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына – 125 жас, кәсіби оқуға – 11, кәсіпкерлік негіздерін оқуға – 36, микро кредит алуға – 22 жас жіберілген. Міне, аудан көлемінде атқарылып жатқан осындай игі бастамалардың әсерінен көптеген жастарымыз жүйелі жұмысқа орналасып, білікті маман болып қызмет етіп жүр.
– «Болашақ – жастардың қолында» деген тұжырыммен қаншалықты келісесіз?
Ия, әрине, бұл пікірмен толыққанды келісемін, себебі қай заманда болмасын, қоғамның қозғаушы күші ол жастар. Жастар ел дамуының негізгі тұтқасы. Қазіргі таңда еліміздің жастары әлемдік ареналарда жасындай жарқырап, жаһан жұртын таңқалдырып жүр. Ғылым саласының кілтін тауып, шетелдік Google, Microsoft, Amazon секілді алпауыт компанияларда қызмет істеп жүрген қазақ жастарының еңбегі ерені екені сөзсіз. Сондай-ақ, өнер саласының саңлағына айналған таланатты жастардың легі де бой түзеп келеді. Міне, осындай жігерлі де жалынды жастарға қарап, еліміздің болашағы баянды екеніне кәміл сенесің. Сол себепті, мемлекет тарапынан жастарға орасан зор қолдау көрсетілсе, біз де шамамен 5-10 жылдың төңірегінде әлем елдерімен тереземіз тең тұратын дәрежеге жетеміз.
-Тәуелсіз мемлекеттің жастары қандай болуы қажет?
-Бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған және еркін ойлы болуы қажет деп есептеймін.
-Өңіріңіздегі жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жастар ресурстық орталығының атқарған жұмыстарына тоқталып кетсеңіз
-Т.Рысқұлов ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен 9331 жасты қамтыған биылғы жылдың 6 ай көсреткіші бойынша 377 іс-шара өткізілген болатын. Бұл іс-шаралардың көп бөлігі жастардың тәлім-тәрбиесіне, танымына, дүниетанымына оң әсер ететін дүниелер болды. Сонымен қатар жастарды ақпарттандыру мақсатында түрлі сала мамандарын тарта отырып, Көкдөнен, Қарақыстақ, Луговой ауылдық округтерінде «Болашаққа бағдар» атты көшпелі жастарға кеңес беру алаңы өткізілді. Бұл жастардың көкейлерінде туындаған сан сауалға жауап табатын басты алаңы болды. Сондай-ақ, инстаграмм әлеуметтік желісі арқылы жастарға 24 онлайн кеңес беріліп, нәтижелі жұмыстар атқарылды.
-Жастардың еңбек сатысымен көтерілуінде аға буынның алатын орны туралы айтып кетсеңіз
Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ел ағасы. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы – жастардың еншісінде. Бүгінгі алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар артында өсіп келе жатқан жастар екені белгілі. Өмірдің өзі де осылай емес пе, біреу келеді, біреу кетеді. Ұрпақтар сабақтастығы орын алады. Ата-бабаларымыз қазақ жерін, қазақ елін, салт-дәстүрін, тілін, дінін көзінің қарашығындай етіп сақтап, осы күнге аманат етіп қалдырды. Енді сол аманатты кіршіксіз таза күйінде келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгі ұрпақ қолында.
-Ауыл жастары неліктен үлкен қалаларға арман қуып келеді?
-Әрине, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары нашарлай бастағасын, жұмыссыздық жайлағасын, ауылдағылар жаппай қалаға ағылатыны түсінікті. Ал қалада да сол ауылдықтарды құшақ жая қарсы алып жатқан тағы ешкім жоқ. Күнкөрістің қамымен аттанған жастарымыз сол қалада түрлі жерде жұмыс істеп, жан бағыс қылады. Кейбіреулері одан әрі өзін-өзі дамытып, сол қалада тұрақтап қалса, кейбіреулері басын тасқа да соғып, тауға да ұрып, ауылға қайтады. Әрине, қала – зор мүмкіндіктердің мекені. Алайда, ауылды да ұмытпауымыз керек. Себебі, ауыл – елдігіміздің жүрегі.