20 тонна кранды жеп-жеңіл басқарып жүрген кейіпкерімізбен әңгіме барысында жауапкершілігінің жоғары екенін аңғардық. Өйткені әр сауалымызға жауап бергенде «Біз үшін ең алдымен жауапкершілік маңызды. Төменде жүрген адамдардың қауіпсіздігіне тікелей жауаптымыз» дегенді шегелеп айтып отырды.
1989 жылдан бастап 1997 жылға дейін зауытта нағыз маман болып өзін шыңдап келе жатқанда нарықтағы тоқырау қыспаққа алды. Осы тұста көп адам жұмыссыз қалды, кейбірі кәсібін ауыстырды. Басқа салаға бет бұрғандардың ішінде Баян апай да бар еді. Айлар ауысып, жылдар жылжыса да біздің кейіпкерміздің жүрек түпкірінде кран жүргізу туралы арманы өшпеді, керісінше өрши түсті. Оның үстіне, әкесі Сәрсенбай да тепловозда машинист болған. Әке жолын қуған қыз өзінің сүйікті кәсібіне 2015 жылы қайта оралады. Міне, содан бері краннан түскен емес. Биыл, бір зауытта үздіксіз жұмыс істеп жатқанына 10 жыл толады екен.
– Кранның бірнеше түрі болады. Бұрын 10-12 метрлік мұнаралы крандарды басқардым, бүгінде 8 метр биіктікте аспалы кранда отырамын. Осы салада 17 жасымнан бастап еңбек етіп келе жатқандықтан мамандығымның қыр-сырына қанықпын. Краншының жұмысы қиын, жауапкершілігі жоғары. Айналаңа қырағы қарап отыруың керек. Жоғарыдан қарағанда астыңда қаншама адамның еңбек етіп жатқанын көресің, сондықтан бұл топтық жұмыс. Біздің құлағымыз сақ, көзіміз қырағы болуы керек. Сонымен қатар қан қысымы да тұрақты болғаны жақсы. Жылына 2 рет медициналық тексеруден өтіп тұрамыз. Аллаға шүкір, денсаулығым жақсы, осы кран басқарып нанымды адал тауып, ұл-қызымды жетілдіріп отырмын, – дейді апай.
Иә, кран жүргізушілердің жұмысы өте қиын. Олардың негізгі міндеті ауыр жүктерді дәл және қауіпсіз көтеру, тасымалдау, орналастыру болғандықтан, бұл мамандық үлкен зейін мен шеберлікті талап етеді. Егер кран операторы қателессе, мұның соңы үлкен материалдық шығынға немесе жазатайым оқиғаға алып келуі мүмкін. Сондықтан мұны қауіпті мамандықтар санатына қоссақ та болады. Жұмыс барысында кран жүргізушісіне бір сәтке де алаңдауға болмайды, өйткені ауыр жүкті басқару кезінде әрбір қозғалыс маңызды. Сонымен қатар адамның физикалық дайындығымен қатар психологиялық жағдайы да тұрақты болуы керек. Мәселен, кейбір адам үшін биікте жұмыс істеу психологиялық қиындық тудырады. Ұзақ уақыт бір орында тапжылмай отыру да оңай емес. Әсіресе, құрылыс алаңдарында істейтін краншылар таңнан түнге дейін жерге түспей жұмыс істейді. Біз атаған қиындықтардан бөлек аталған маман иелеріне ауа райы жағдайлары да әсер етеді. Ашық алаңдарда жұмыс істейтін краншылардың жұмысына жел, жаңбыр, аяз кедергі келтірмей қоймайды. Оның үстіне кабиналарында қыста пеш қосулы болғанымен, жазда әйнек ішінде аптап ыстыққа шыдап отыру да оңай емес. Ал желдеткіш қойса, суықтап қалуы мүмкін. Сондықтан кран операторлары аптап ыс-тыққа да, сақылдаған аязға да төзімді болуы керек.
Алайда кран жүргізушілерінің жұмысының артықшылықтары да бар. Атап айтсақ, олардың жалақысы жақсы, өйткені жоғары сұранысқа ие мамандық. Тәжірибелі мамандар жетіспейтіндіктен краншылардың жұмыссыз қалу ықтималдығы өте аз. Экстрим, биіктікті жаны қалайтындарға кранды басқару ерекше ләззат сыйлайды.
– Алғаш жұмысқа орналасқан кездері тәжірибеміз аз болғандықтан сасқалақтап, жердегі көліктерді іліп әкеткен кездеріміз болды. Сөйтіп, шоферлармен ұрысып қал-ғанымыз бар. Бүгінде Астана, Алматы секіл-ді үлкен қалаларда 45-50 метр биктікте жұмыс істейтін өзіміз сияқты келіншектерге қызығамын. Олардың басқарып отырған крандары соңғы технологиялық жетістіктермен жабдықталған. Технологияның дамуы арқасында кран басқару ыңғайлы. Әр қала өзінше сұлу, сол сұлулықты таңмен таласа көру, күннің батқанын тамашалау да бір бақыт. Өзім бұйыртса зейнетке шыққанша осы жұмысымнан қол үзбеймін деп отырмын. Алайда қазір кран айдауға қызығатын жастар қалмады. Бұрын жастарға үйретіп, шәкірт тәрбиелеуші едік. Ал соңғы 5-6 жылда кран айдауға қызыққандар мүлдем кездеспеді маған. Қазір жастар беделді мамандықты оқып алады да жұмыс таппайды. Жұмыс табылғанның өзінде ақшасын менсінбейтіні жасырын емес. «Креслоға» жүгіретіндер де көп. Тез арада, бүгін-ертең жақсы айлық алып, үлде мен бүлдеге оранып отырғысы келеді. Алайда ондай керемет жұмыс бәріне бірдей бұйыра бермейді ғой. Сондықтан төменнен, аздан бастап та жақсы жалақыға қол жеткізуге болады. Тәжірибелі, білікті, білімді маман ешқашан жерде қалмайды. Біздің кәсіпті жастарымыз жалғастырмағанда, кім жалғастырады? – дейді маман.
Әдетте, дәстүрлі түрде кран айдау ерлердің жұмысы саналатын. Алайда кеңестік кезең әйелдерді тракторға да, К-700-ге де, кранға да «отырғызды». Сөйтіп, тонналаған кранның құлағы нәзік жандылардың қолына тиіп, олар құрылыс, өнеркәсіп, логистика, теңіз порттарында жұмыс істей бастады. Бүгінде әйелдер қауымы құрылыс саласының қарқынды дамуына ерекше үлес қосып жүр. Зәулім ғимараттар, көпқабатты үйлер мен инфрақұрылымдық нысандардың жұмысының бас-аяғында әйелдердің еңбек етіп жүргені қуантады. Құрылыс саласының дамуы краншыларға сұранысты арттырып отыр. Бұл – нарық-тың заңы.
– Мен бұл мамандықтың ешқашан өлмейтін жұмыс қатарына қосамын. Өйткені адамзат пайда болғалы құрылыс ешқашан тоқтаған емес, тоқтамайды да. Сондықтан краншыларда жұмыссыз қаламын деген уайым жоқ. Одан бөлек біз зауыттар мен қоймаларда, порттарда ауыр жүктерді тасымалдаймыз. Мұнай-газ саласында, кен өндіруде де краншылар еңбегі ерен, – деп бөлісті Баян апай.
20 тонна кранды жеп-жеңіл басқарып жүрген кейіпкерімізбен әңгіме барысында жауапкершілігінің жоғары екенін аңғардық. Өйткені әр сауалымызға жауап бергенде «Біз үшін ең алдымен жауапкершілік маңызды. Төменде жүрген адамдардың қауіпсіздігіне тікелей жауаптымыз» дегенді шегелеп айтып отырды. Өз жұмысын тас түйін етіп отырған маманды әріптестері де жоғары бағалайды.
– Кран айдау қыз баланың қолы емес деген ұғым біртіндеп жойылып келе жатыр. Қазір керісінше кранға отыратын ер адамдар саны азайды. Алды зейнетке шықты, біз қатарлылар басқа салаға ауысып кетті. Мысалы, қазір мен істейтін құрылыс зауытында тек жасы үлкен краншылар еңбек етеді. Олар зейнетке шықса, орнын басатын маман жоқ. Сондықтан зейнетке шықса да оларды қайта жұмысқа шақыруға мәжбүр болады. Президентіміз биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады ғой. Енді осы жылды текке кетірмей, қажетті мамандарды дайындауды қолға алу керек.
Жалпы, Қазақстанда ғана емес, көп елде ауыр және күрделі техниканы басқаратын мамандар аз. Бүгінде жастар қолмен емес, мимен істейтін жұмыстарға жақын. Краншы мамандығын салдырлаған ескі техниканы басқару деп ойлайтын жастар да бар. Алайда техника дамып жатыр, қазір ірі құрылыс алаңдарында соңғы үлгіде жабдықталған, ішіне монитор орнатылған крандар көп.
– Краншыға күш-қайрат, мойымайтын ерік-жігер қажет. Біз училищені 20 бала бітіріп шықтық. Бүгінде тек соның екеуі ғана краншы мамандығы бойынша еңбек етіп жүрміз. Бұлай жұмыс істеуіме отағасының да түсіністік танытуы, қолдауы әсер етті. Күйеуім де шопыр. Үйдегі қожайыны демеп отырса әйел де жақсы жұмыс істейді, – дейді кейіпкеріміз.
Темір техниканы тайсалмай тізгіндеген Баян Рүстемованың басынан ақ орамалы түскен емес. Жұмысқа көйлекпен келіп, арнайы жұмыс киімін киіп кранға отырып, кешке қайта көйлегін киіп үйіне қайтады. Ерлерге тән мамандықты игеріп жүрген жаны нәзік кейіпкеріміз адал еңбекпен күн кешіп жатыр. Еңбек нарығында сұранысқа ие маман болса да ешқашан кеудесін керіп мақтанбайтын, тоқмейілсімейтін, паңданбайтын, бір тоға маман дейді әріптестері.
Елімізде кран операторларының арасында әйелдердің үлесі дәстүрлі түрде төмен болғанымен, соңғы жылдары бұл көрсеткіш біртіндеп өсіп келеді. Өнеркәсіп саласында әйелдердің үлесі – 18 пайыз. «Қазақмыс» корпорациясы тау-кен металлургия саласында жұмыс істейтін әйелдердің үлесі бойынша көш бастап тұр, соңғы 2 жылдағы көрсеткіш 27 пайызды құраған. Бұл деректер әйелдердің дәстүрлі түрде ерлер басым салаларға, соның ішінде кран операторлары сияқты мамандықтарға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Алайда бұл саладағы жастардың көрсеткішін арттыру үшін насихаттау шараларын тоқтатпау керек.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ
коллаж: turkystan.kz
https://turkystan.kz/article/256906-biikti-bagyndyrgan-baian