«БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ» ЖОБАСЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылы бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы биыл да жалғасын тапты.

Жоба аясында арнайы құрылған жұмыс тобының өкілдері 10-12 мамыр күндері Қордай ауданында болып, түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды. Жұмыс тобының құрамындағы әртүрлі сала мамандары тұрғындармен кездесіп, кәсіби кеңестер беріп, заң аясында қолдау көрсетті.
Айта кетейік, жұмысшы топтың құрамында облыс аумағындағы құқық қорғау органдарының, ішкі саясат, мәдениет, білім, спорт, дін, тілдерді дамыту, жастар, жұмыспен қамту, ветеринария, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, табиғи ресурстар басқармаларының өкілдері қабылдаулар жүргізді.
Жоба аясындағы алғашқы шара «AMANAT» партиясының Қордай аудандық филиалында бастау алып, аудандағы этномәдени бірлестік жетекшілерімен кездесу өтті.
Сондай-ақ, аудандық филиалдың ғимаратында дінге сенушілердің жекелеген санаттары тарапынан құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасау тәуекелдерінің деңгейін төмендету мақсатында Қордай аудандық пробация қызметінің есебінде тіркеуде тұрған сотталғандармен кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы Әбілхайыр Сабырұлы кездесуге қатысушыларға терроризм туралы терең түсінік беріп, террорлық лаңкестік және діни экстремистік бағытта арандатуға жол бермеу, бейбітшіліктің маңызын және мейірімділік пен ізгіліктің, адамға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екендігін ұғыну, ұлттық құндылықтарды ұстану жайында ойымен бөлісті.
Бұл күні №20 Сортөбе ауылдық кітапханасында аудандағы этностардың бірлігін нығайту мақсатында «Татулық пен келісім-елдікке бастар жол» атты әдеби карнавал өтіп, оған Сортөбе ауылы әкімінің орынбасары мен ауыл ақсақалдары қатысты. Шарада ақсақалдар дүнгендердің Қазақстанға қоныс аудару тарихына тоқталып, түрлі этностардың қазақтармен қарым-қатынасы туралы айтты. Соңында жиналғандар қазақ халқына қолдау көрсеткені үшін ризашылықтарын білдіріп, бейбітшілік пен береке тіледі.
Сонымен қатар, Сортөбе және Ауқатты ауылдық округтерінде «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында жергілікті тұрғындармен, қоғамдық пікір көшбасшыларының, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен ұлтаралық келісімді нығайту бойынша ашық диалог алаңы өтті. Шараға Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Қ.Ырысдәулет, Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысының м.а Ғ.Алимжанов арнайы қатысты. Жиын барысында аудандағы қоғамдық келісімді, бірлік пен татулықты нығайту мақсатында атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар кеңінен талқыланды.
«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында құрылған «Этнос және конфессияаралық келісім» тобы «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттерімен кездесті. Жастармен жарқын жүздесуде Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы Е.Қаншымбеков өңірдегі этносаралық ахуалдың негізгі аспектілерін анықтау мақсатында фокус-топтық зерттеулер өткізді. Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің этносаралық қатынастар саласында әдістемелік көмек көрсету және мониторинг жүргізу бөлімінің әдіскері Р.Ерханұлы жастар арасындағы толеранттық деңгейін анықтау және қарым-қатынас этикасын қалыптастыру мақсатында студенттерге арналған тимбилдингпен, мотивациялық іс-шаралар өткізді.
Жоба аясында өзге де елді мекендерде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, өңірдегі бейбітшілік пен келісімді нығайту жөніндегі жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселелері, отбасы құндылықтарын нығайту, діни тұрақтылықты сақтау мәселелері талқыланды.
Үш күнге созылған іс-шаралар легі жұма күні қорытыланды.

Қордай ауданының әкімдігі

Comments (0)
Add Comment