Бүгінгі әңгімеміздің арқауыі – әлеуметтік байлық, яғни адамдар арасындағы қарым-қатынас.
Егер он жыл бұрын менен осы тақырып жайлы сұрасаңдар, мұндай мәселені елемеген болар едім. Себебі менің ойымша, адамның жетістігі оның «кімді танитынына» емес, жеке қабілетіне байланысты болуы керек еді. Қарым-қатынасты құрал ретінде көру – ұят нәрсе сияқты көрінетін.
Алайда соңғы бірнеше жылдағы оқуларым мен ойлануларымнан кейін мен мынаған анық көз жеткіздім: қарым-қатынас – жай ғана құрал емес. Қарым-қатынас – мақсаттың өзі.
Адам – әлеуметтік тіршілік иесі. Бізді басқа жануарлардан ерекшелендіретін де – осы қарым-қатынасқа деген тәуелділік пен мән беруіміз. Біздің миымыздың көлемді болуының бір себебі – өзге адамдармен байланысымызды реттеу қабілеті.
Австрия психологы Альферд Адлер: «Адамның барлық күйзелісі – қарым-қатынастан туады. Бірақ дәл сол қарым-қатынас – бақыттың да қайнар көзі», – дейді. Бұл пікірді Блумның кітабындағы деректер де қуаттайды.
Мәселен, 1938 жылдан басталған бір ұзақ мерзімді зерттеу бар. Онда Гарвард университетінің түлектері мен кедей аудандардан шыққан жасөспірімдердің өмір жолы бақыланды: олардың денсаулығы, сырқаттары, қартайған шағы, тіпті балалардың тағдырына дейін назарға алынды. Зерттеудің басты мақсаты – адамның бақыты неден туындайды? деген сауалға жауап іздеу еді.
Нәтиже айқын болды:
Бұл – IQ емес,
даңқ та емес,
байлық та емес,
әлеуметтік статус та емес.
Ең бастысы – мықты әрі саламатты қарым-қатынас.
Адамның 80 жасындағы денсаулығын ең дәл болжайтын көрсеткіш – оның 50 жасындағы қарым-қатынасқа қанағаттану деңгейі екен. Денсаулыққа ең зиян нәрсе темекі де, ішімдік те емес – жалғыздық.
Жалғыздық – тек «жалғыз қалу» емес. Әлеуметтік желіде жүздеген досыңның болуы да жалғыз емессің дегенді білдірмейді. Гарвард зерттеушілері жалғыздыққа мынадай анықтама береді:
Егер түнде кенеттен ауырып қалсаң немесе қатты қорықсаң, сен біреуге қоңырау шала аласың ба?
Егер есіңе бірнеше адам түссе – сен жалғыз емессің.
Егер ешкімнің есімі ойыңа оралмаса – міне, сол жалғыздық.
Блумның анасы – Үндістаннан келген иммигрант. Оның атасы үй салғанда, әйелінің үш құрбысы тұратын шағын тұйық көшені әдейі таңдаған. «Егер мен ерте қайтыс болсам, әйелімнің қасында кем дегенде үш досы болады», – деп ойлапты. Расында да солай болған: төрт отбасының ер-азаматтары бірінен соң бірі өмірден озды, ал әйелдері тоқсаннан асып, ұзақ өмір сүрді. Себебі олар күн сайын бір-біріне барып, тірек болды.
Ал 2020 жылы пандемия кезінде карантин енгізіліп, Блумның әжесі достарымен кездесе алмай қалды. Нәтижесінде оның денсаулығы күрт нашарлады.
Сондықтан ешкімді жалғыз қалдырма. Әсіресе – қарттарды.
Қарым-қатынас – басқа мақсаттарға жетудің құралы емес. Қарым-қатынастың өзі – мақсат.
**
Әлеуметтік байлықтың үш тірегі:
Блум ұсынған қарым-қатынас моделі үш өлшемнен тұрады: тереңдік, кеңдік және мәртебе.
Меніңше, әлеуметтік байлықты бір түп ағашқа ұқсатуға болады.
Бұл ағаштың тамыры – тереңдік (depth). Сенің күнделікті араласатын жандарың – отбасың, ең жақын достарың. Олар – қиындыққа ұшырағанда қоңырау шалатын адамдар, олар – ертең жаназаңда алдыңғы қатарда тұратындар.
Ағаштың бұтақтары мен жапырағы – кеңдік (breadth). Бұл сенің достар шеңберің, ортаң, мәдени ортаң, қоғамдағы кең ауқымды байланыстарың.
Ал ағаштың беріктігі мен мықтылығы – жасалған мәртебеге (earned status) байланысты. Бұл – сенің өз еңбегіңмен тапқан орның мен абыройың.
Терең қарым-қатынас – ұзақ уақыт бойғы бірлескен өмірдің жемісі. Ол бұлшық ет секілді: жаттықпаған жағдайда әлсірейді, ал бірге өткерген қиындықтар мен қуанышты сәттер қарым-қатынасты шыңдайды.
Терең байланысты қалыптастырудың үш элементі бар:
1, Адалдық – ішкі ойыңды, әлсіздігіңді жасырмай бөлісу.
2, Қолдау – бір жақ қиналғанда, екіншісі сүйеу бола білу.
3, Ортақ тәжірибе – қуаныш пен қайғыны бірге көру. «Бір траншеяда жаттық» дегендей, ортақ сынақтар қарым-қатынас бұлшықетін күшейтеді.
Жиілік – күнде араласасың ба, әлде анда-санда сөйлесесің бе?
Қатынастың сапасы – ол сені қолдай ма, әлде төмендетіп отыра ма?
Осы өлшемдерге сүйене отырып, адамдарды төрт аймаққа бөлуге болады:
Жасыл аймақ – жиі араласатын және әрдайым қолдайтын жандар. Бұл – сенің ең сенімді тірегің.
Қызыл аймақ – жиі араласса да, үнемі төмендететін адамдар. Мұндайдан мүмкіндігінше алыстаған жөн.
Мүмкіндік аймағы – сирек араласатын, бірақ үнемі қолдайтын адамдар. Бұл қатынасты нығайтып, жасыл аймаққа өткізуге болады.
Қауіпті аймақ – жиі араласатын, бірақ көзқарасы екіұшты жандар. Олар кейде қолдап, кейде ренжітеді. Мұндай байланыс ең уыттысы, сондықтан ұзақ ұстамаған абзал.
Кеңдік – тек әлеуметтік желідегі таныстар саны емес. Бұл – ортақ идея мен мақсатқа ұйысқан адамдар қауымы. Кең қарым-қатынас өмірге мән береді, тиістілік сезімін арттырады, ал қажет сәтте кеңес пен жаңа көзқарас сыйлайды.
Кең қарым-қатынас орнатудың жолдары:
Қызығушылық клубтарына, қауымдастықтарға қосылу (кітап клубы, спорт, валентерлер).
Әңгімеде тыңдай білу, сұрақ қою, бірлесіп жаңа нәрсе тудыру.
Қатынасты жалғастыру: кездесуден кейін байланысты үзбеу, пікір алмасуды жалғастыру.
Бұл жерде де үш негіз бар: құндылықтардың жақындығы, тыңдай білу қабілеті және тұрақтылық.
Кейбір адамдар мәртебені сыртқы атрибуттардан іздейді: қымбат көлік, брендті сөмке, жеке ұшақ… Бірақ шынайы бедел – сатып алынатын дүние емес. Ол тек еңбектің, табыстың нәтижесінде қалыптасады.
Блумның айтуынша, мына құндылықтарды тіпті әлемнің ең бай адамы да сатып ала алмайды:
Уақытыңды өзің басқару еркіндігі.
Денсаулығы мықты, сүйіспеншілікке толы отбасы.
Мағыналы жұмыс пен терең білім.
Өмір тәжірибесінен жинақталған даналық.
Ішкі үйлесім мен тән саулығы.
Еңбегіңмен жеткен жетістіктер мен құрған ісіңнің жемісі.
Міне, осы ғана – шынайы құрмет пен абыройдың өлшемі.
**
Блум әлеуметтік мәртебе туралы көп тоқталмағанымен, ол шешендік өнер, қобалжуды жеңу, ойды анық әрі жүйелі жеткізу секілді дағдыларға мән берген. Дегенмен, меніңше, мәртебе бұлардан гөрі тереңірек нәрсеге – абыройға байланысты.
Жеткен мәртебе – бұл, ең алдымен, қоғам алдындағы абырой. Абырой – адамдардың тек сені тануы ғана емес, сен туралы оң пікірде болуы. Яғни бір мәселе шықса, ең алдымен сені еске алады; сен іс бастағанда, басқалар сенім артады; сен – қауымның үлгі тұтар адамысың.
Абыройға әркім әртүрлі жолмен жетуі мүмкін:
Біреу бір салада ең үздік маман болады, мысалы, техниканы жетік меңгерген бағдарламашы – сондықтан мәселе туғанда бәрі алдымен соған жүгінеді.
Біреу сенімділігімен ерекшеленеді: көрші-қолаң дауға тап болса, бәрі оны әділ төрелік айтады деп күтеді.
Біреу ерекше қабілетімен көзге түседі: ең жылдам жүгіретін, ең қызық әзіл айтатын, не мәдени рәмізге айналған адам.
Тағы бірі батырлығымен өзгелерді шабыттандырады, оларды өзіне ұқсауға ынталандырады.
Бірақ мұндай абыройды сыртқы жылтырмен құра алмайсың. Ол үшін шынайы қабілет пен нақты құндылық қажет, тіпті бұл эмоциялық құндылық болса да. Ең бастысы – ол қабілет тұрақты әрі ұзақ мерзімді болуы керек.
Әлеуметтік капиталдың біртұтас теориясы
Меніңше, әлеуметтік капитал жинаудың екі негізгі жолы бар: сенімге лайық болу және арқа сүйеуге жарау.
Терең қарым-қатынас – қосжақты сенім мен сүйеніш. Сен оларға сенесің, олар да саған сенеді; сен оларға арқа сүйейсің, олар да саған сүйене алады.
Кең қарым-қатынас – ортақ сенім мен өзара сүйеніш. Байланыс аса терең болмауы мүмкін, бірақ белгілі бір деңгейде сенім бар.
Әлеуметтік мәртебе – көпшіліктің саған деген сенімі мен арқа сүйеу дәрежесі. Бұл – бірден көпке бағытталған байланыс.
Сенімге лайық болу үшін – шынайылық қажет. Жасанды сыпайылық, құр рәсімдер сенім тудырмайды, керісінше, күмән туғызады.
Арқа сүйеуге жарау үшін – сенімді болу керек. Ерекше қабілетің болмаса да, сенімділікпен үлкен беделге ие бола аласың. Мысалы, түнгі үште досың хабарласса, оны ауруханаға жеткізіп салуға дайын болсаң – бұл сенімділік. Бірақ кең ауқымды қарым-қатынас үшін кәсіби үлес қосқаның жөн; ал жоғары мәртебеге жету үшін – ерекше қабілетің болғаны абзал.
Әлеуметтік капиталдың құндылығы
Ғылыми тілде мұны «әлеуметтік капитал» дейді. Егер қоғамда әлеуметтік капитал жоғары болса – сенім артады, ынтымақтастық жеңілдейді, істер нәтижелі әрі аз шығынмен шешіледі. Ал әлеуметтік капитал төмен болса – күдік пен сақтық күшейеді, мұндай ортада ірі іс тындыру мүмкін емес.
Жеке адам үшін әлеуметтік капитал – өмірді бақытты етеді әрі жоғары деңгейлі ынтымақтастыққа жол ашады.
Сондықтан өзіңе мына сұрақты қойып көр:
Басқалардың көзімен сен қаншалықты сенімдісің? Саған арқа сүйеуге бола ма?
Қайта-қайта айтуға тұрарлық шындық бар: