Бүгін түнде Дондағы Ростов қаласында Бельгия мен Жапония ширек финал жолдамасы үшін сынға түседі.
Кілең мықты ойыншылардан жасақталған Бельгия құрамасының бұл ойында фаворит екендігі анық. Дегенмен жақсы қорғана біліп, оңтайлы сәтті құр жібермейтін Азияның чемпионаттағы соңғы өкілі де барын салары белгілі.
Бельгиялықтар топтық бәсекеден қиналмай өтті. Панама мен Тунисті ірі есеппен ұтқаннан кейін Роберто Мартинес Англиямен матчта белді футболшыларына демалыс берсе де, бельгиялықтар жеңісті жұлып алды. Қазіргі таңда Бельгия — біріншіліктегі чемпиондық атақтан үміткер ең мықты құрамалардың бірі. Жасыл алаңда жасындай жарқылдайтын Кевин Де Брюйне, Эден Азар, Ромелу Лукаку, Дрис Мертенс, қақпашы Тибо Куртуа және басқалардың атының өзі неге тұрады. Муса Дембеле, Миши Батшуайи, Маруан Феллайини, Аднан Янузай, Юри Тилеманс секілді ойыншыларға негізгі құрамнан орын табылмауының өзі команданың мүмкіндігі басқалардан көшілгері екендігін танытады.
Жапония өз тобында футболшысы ерте алаңнан қуылып, 87 минут бойы бір ойыншысы кем болған Колумбияны тізе бүктіріп, Сенегалмен тең түсті. Польшадан жеңілгенімен, Сенегалмен ұпай саны, доп айырмасы бірдей болғаннан кейін ескерту қағаздарының аздығы ескеріліп, плей-офф бәсекесіне жолдама алды. Техникалық шеберлігі аса жоғары болмағанымен, Акира Нисино баптайтын жапондар ел намысы дегенде, жанарларынан от ұшқындап, жанын салып ойнайды. Бұл команда құрамында Еуропа чемпионаттарында доп тепкен Синдзи Кагава, Юто Нагатомо, Мая Йосида, Такаши Инуи, Синдзи Окадзаки және Макото Хасебе бар.
Шілденің алғашқы күнгі матч тартысты өтіп, Испания толассыз шабуылдаса да, үнемі қорғанумен болған Ресейдің пенальти сериясында ұтып кеткені мәлім. Сол секілді фаворит саналған Хорватия Данияны пенальти лотереясында ғана тізе бүктірді. Сондықтан күн ілгері кесіп айту қиын.
Сенегалдық Маланг Дидьеу бастаған төрешілер қазылық ететін кездесуге командалар мынадай құрамда шығуы мүмкін:
Бельгия: Тибо Куртуа, Ян Вертонген, Венсан Компани, Тоби Алдервейрелд, Аксель Витсель, Кевин Де Брейне, Янник Карраско, Тома Менье, Дрис Мертенс, Эден Азар, Ромелу Лукаку
Жапония: Эйдзи Кавасима, Хироки Сакаи, Мая Йосида, Гэн Седзи, Юто Нагатомо, Макото Хасебе, Гаку Сибасаки, Гэнки Харагути, Синдзи Кагава, Такаси Инуи, Юя Осако.
Бельгия соңғы 22 матч бойы жеңіліссіз ойнап келеді. Оның үстіне топтық бәсекеде бельгиялықтар — ең көп гол (9) соққан құрама.
Айта кетейік, бұл бәсекеде аты озған команда 6 шілде күні Қазанда Бразилия — Мексика жұбының жеңімпазымен кездеседі.