Бектенов жаңаша уақытты «дұрыс шешім» деп атап, халыққа мұны түсіндіруді тапсырды

Үкімет басшысы Олжас Бектенов бірнеше өңірдегі халықтың қарсылығына, депутаттардың мәлімдемесіне қарамастан Қазақстанның жаңа уақыт белдеуіне көшуін ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШАҚҚАЛИЕВ ПЕН БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев петицияны (жаңа уақыт белдеуіне қарсы) қараудың нәтижесінде стандартты сағат белдеуіне максималды бейімделу жағдайларын жасауға бағытталған уәкілетті, тиісті мемлекеттік органдарға айқын ұсыныстар мен тапсырмалар берілгенін айтады.

– Осылайша, сағат белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан орынды, – дейді ол.

Оның бұл сөзінен кейін Олжас Бектенов сөйледі.

– Уақыт белдеуі бойынша сауда министрі өз баяндамасында қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдерді келтіре отырып, нақты жауап берді. Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі бесінші уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан, бұл ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім. Сауда, ақпарат министрлігіне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, – дейді ол.

ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ

Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген.

Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деген.

Ulysmedia коллажы

Comments (0)
Add Comment