Батыс Қазақстан тұрғыны бұрынғы күйеуін өлтіру үшін киллер жалдаған: Жәбірленуші шағымы жоқ екенін мәлімдеді

Фото: Арайлым Усербаева/Мой Город

Сот отырысында адвокат Тамара Сәрсенова шағым түсіріп, айыпталушы Эльвира Еркебаеваға қатысты бұлтартпас шарасын өзгертуді сұрады.

«Менің қорғалушым қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмаған. Кәмелетке толмаған екі баласы бар. Жарты жылдан беру қамауда, режимді бұзған жоқ. Тұрғылықты баспанасы бар. Оны үйқамаққа жіберуді сұраймыз», – деді Сәрсенова.

Максим Кузнецовтың да қорғаушысы шағыммен келісті. Сөзінше, айыпталушыда қант диабеті мен көзінде глаукома бар.

Айыптаушының дерегіне сәйкес Эльвира Еркебаева бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевпен арадағы келіспеушіліктерге байланысты оны өлтіру үшін киллер жалдаған.

«Бұған дейін танысы Кузнецовпен байланысып, тапанша мен кісі өлтіре алатын адам тауып беруді сұраған. Сондай-ақ бұл үшін 2 миллион теңге төлейтінін де жеткізген. Кузнецов кейін осындай адамды іздеді», – деді прокурор Ізтілеуова.

2023 жылдың желтоқсанында Кузнецов бұған дейін сотты болған Ғалиевке тапсырысты орындауды ұсынған. Ғалиев өз кезегінде ұйымдастырылған қылмыс жайлы полицияға хабарлапты.

Қылмыс 20 және 26 ақпан аралығында болады деп жоспарланған. Ақсай қаласындағы «Бейбарыс» спорт кешенінің аумағында Кузнецов Ғалиевке 500 мың теңге, терезе ашу үшін бұранда, қолғап, медициналық маска мен көзілдірік берген.

26 ақпанда Еркебаева мен Кузнецовты полиция ұстады. Дегенмен сотта жәбірленушінің өзі болмады. Ал оның өкілі Ерлан Бердіғалиев бұрынғы жұбайы Еркебаеваға ешқандай шағымы жоқ екенін айтты.

Сотталушылар бұған дейін алқабилердің қатысуын сұраған. Эльвира Еркебаева өзінің кінәсіз екенін айтып, мұны дәлелдей алатынын жеткізген.

https://stan.kz/batis-kazakstan-tyrgini-byringi-kuyeuin-oltiru-ushin-ki-405248/

Comments (0)
Add Comment