Басына футбол қақпасы құлаған: Ақтауда жеткіншек көз жұмды

Ақтауда басына футбол қақпасы құлаған 16 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Бұл туралы Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті деп хабарлады turkystan.kz.

Жасөспірім 20 мамыр күні кешке қарай 7 шағынаудандағы №9 мектеп жанындағы футбол алаңында достарымен ойнаған.

Ауыр металл қақпа құлағаннан кейін жігіт есін жоғалтқан. Ол Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген.

«Ол естен тану, басының ауырғанына шағымданды. Баланың жалпы жағдайы түскен кезде бас ми жарақатына, ми шайқалуына байланысты ауыр, бірақ тұрақты болды. Тексере келе, дәрігерлер ауруханада жатып, ем алу қажеттігін айтып, жәсөспірім бала ауруханаға жатқызылды», – делінген мәліметте.

24 мамырда кешке баланың анасы ауруханаға келген. 5-7 күн жатып ем алу керектігі айтылса да, анасы баланың жағдайы жақсы, дәрігерлерге ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, қолхат жазып алып кеткен.

Жаөспірім 7 күн үйінде ата-анасының бақылауында болған.

«31 мамырда үйінде жүрген сәтте есінен тану, құрысу ұстамасы болғандықтан қайтадан ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қабылдау бөлімінде компьютерлік томографиямен бас миын тексеріп, инсульт белгілері бар екенін анықтаған. Комалық жағдайда жедел реанимация бөліміне жатқызылған. Жасөспірім 15 маусымда қайтыс болды», – делінген баспасөз мәліметінде.

https://turkystan.kz/article/225824-basyna-futbol-kakpasy-kulagan-aktauda-zhetkinshek-koz-zhumdy/

Comments (0)
Add Comment