Еліміздің тұрғын үй нарығында баспана бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. «Баспана нарығына келер болсақ, құрылысшылар айтатын сыртқы қорабына цемент, арматура сынды құрылыс материалдары керек. Оның бәрін өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Бізде ішкі әрлеуге қатысты проблема бар. Дегенмен, мұнда да шаралар қабылданып жатыр. Өнеркәсіп құрылыс министрлігіне импортқа тәуелділіктен тезірек арылу үшін Қазақстанда нақты ішкі әрлеу материалдары бойынша құрылыс саласын дамыту жөнінде тапсырма бердік. Баспана нарығында импорталатын құрылыс материалдарына бағаның өсуіне байланысты бағаның өзгеруі ықтимал. Мұны жоққа шығармаймыз», — деді Нұрлан Байбазаров БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Дегенмен, вице-премьер Отбасы банк, Қазақстан тұрғын үй компаниясы қаржыландыратын баспана құрылысы кезінде 1 шаршы метрдің шекті құны реттелетіндігін баса айтты.
«Сондықтан да ахуал бақылауда болады деп ойлаймын. Нарықтық үйлерге, бизнес, элиталы немесе люкс санаттағы баспаналарға келер болсақ, онда оны нарықтың өзі реттейтін сияқты. Яғни, ондай бағаға сұраныс болып тұрса, онда құрылыс компаниясы сата береді. Егер сұраныс болмаса, онда біздің құрылыс компанияларымыз осы жылдардың ішінде маркетингті үйреніп, сата алады, түрлі схемаларды ұсына алады деп ойлаймын. Сатушы мен сатып алушы бір-бірін табар. Бұл орайда барлығы да халықтың белгілі бір санатының сатып алу қабілетіне байланысты», — деді ол.
https://buginmedia.kz/724/baspana-ba-asy-ymbattauy-m-mkin?fbclid=IwY2xjawG61JxleHRuA2FlbQIxMQABHT2vzwmpZMSfc-bDrIfMauvWqkgT25TFQrlCTwVbBujBX1K8BbCt9gPjig_aem_rGo1unn-o1EQqZaVJwr52g
Фото: istockphoto.com