БАР ҒҰМЫРЫН БАЛАЛАРЫНА АРНАҒАН

 

— Аға, менің анам туралы, газетке мақала жазыңызшы,-деді телефон арқылы хабарласқан Асан атты азамат.
— Інім, жалпы, ана атаулы құрметке лайық. Олардың кез келгені туралы жазуға  болады. Дегенмен, елге сіңірген еңбегі, елден ерекше қасиеттері болса, тіптен жақсы.
— Болғанда қандай! Анам Райкүл 30 жыл табан аудармай бір жерде жұмыс істеген еңбек ардагері. Еңбегі еленіп құрметке бөленген, марапаттары  да бар. Ал, ерекшелігі «Алтын алқа» иегері, үш рет қатарынан егіздерді дүниеге әкелген,-деді.
Елімізде көпбаланы дүниеге әкелген алтын құрсақты аналар көп. Ал, үш рет қатарынан егіз туғандар жоқтың қасы. Тіпті, жоқ та шығар?
Барлық ана-перзенті үшін әлемдегі теңдессіз, ең жақсы адам. Бізге хабарласқан Асан үшін де Райкүл апай сондай ең қымбат жан. Сондықтанда ана махаббаты бізді жолға шығарды.
Көктал ауылында тұратын Райкүл апай жылы шыраймен қарсы алды. «Түсі жылыдан түңілме»,-дейді ғой қазақ, жүзінен мейірім төгіліп тұр. Жүзі жарқын, пейілі дархан, құшағы кең қонақжай қайран қазақы мінезді аналар-ай десеңізші!
— Осы балам-ақ менің мерейімді өсіріп, атағымды аспандатқысы келеді де жүреді. Балаларым аман болса, мен-бақыттымын. Аналар үшін басқа бақыттың керегі не?-деді Райкүл апа қарапайымдылық танытып.
— Қарапайымдылық қажет-ақ, дегенмен, балаңыз сіздің мәртебеңіздің арта түскенін қалайды да,-деп жатырмыз біз.
Асан айтса айтқандай, Райкүл апай қандай мақтауға да лайық адам екен. Он тоғыз жасында осы табалдырықты келін болып аттап, бүгінде әулеттің анасына айналып отыр.
— Өтеміс елінің қызымын. Мына көрші Қарасаз ауылында туып, өскенмін. Ұлы Отан соғысына қатысып, оттың ортасынан оралған әкем Мәуленбай өз заманында ауқатты, бай адам болды. Адал еңбегінің арқасы ғой, тұрмысы жақсы, мал-мүлкі, ақшасы көп. Байлығынан бірақ мысал келтірейін. Шаруашылық есебінде ақша болмай қалған кезде колхоз бастығы, партия комитетінің хатшысы, бас есепшісі өтініш жасап, колхозшылардың айлығын Мәуленбайдан қарыз ақша алып төлейді екен. Ол кісінің шық бермес Шығайбайдай сараң емес, қайырымды болғанын осыдан-ақ біле беріңіз.
Әкем екі әйел алған кісі. Бәйбішесі Күлтай ападан туған 10 баланың көпшілігі жастай шетінеп кетіп, Тұрлан ағам мен Әсемкүл әпкем ғана қалған екен.
Біз екінші әйелі Айшакүлден 9 баламыз. Асқар, Бейсен, Бақтыбек бауырларым қайтыс болды. Құдайға шүкір, олардан ұрпақ бар. Ал, дүниеден озған Амантай, Ләззәттан ұрпақ қалмады. Менен кейінгі Райхан, Рәбиға, Қалдыкүл, Ләйла бір-бір шаңырақтың аналары. «Қыз бала-болашақ ана. Оның міндеті бір шаңырақтың шамын жағып, ұрпағын өсіру» деген ұстанымдағы әкем мені жетінші сыныптан кейін оқытпады.
Әкеміз қанша қатал болса да, анда-санда болып тұратын ауыл жастарының басқосуына жеңгелерімізге еріп, замандастарымызға қосылып қатысып тұрамыз ғой. Сондайда анда-санда кездесіп, жағдай сұрасып қалып жүрген Тұрсынқұлдың маған көзі түсіпті. Шыны керек, менде кет әрі болған жоқпын. Жеңгелер арқылы сөз салып, бір күні өсіру келісіміммен алып қашты ғой.
Мәуленбай байдың қаһарынан қорқып, «қайтып алып кете ме» деп қауіптенген апам (енесі Анаркүл апасын айтып отыр Б.Ж) мені екі күн бойы көршілердің, ағайын-туыстардың үйлеріне тығып ұстады. Содан үшінші күні батылданып «Апа мені қашанғы үйден-үйге тығып жүресіз!»,- дедім. Сөйтіп, беташар рәсімі өткеннен кейін артымнан «қуып келген» әкем менің ықтиярыммен келгеніме көзі жеткеннен кейін: «Бақытты болыңдар!»,-деп батасын беріп, қайтып кетті. Міне, содан бері осы үйдемін, қарағым. Құдайдың берген перзенттерін көрдік, жұмыс та істедік. Бүгінгі хәліме мың да бір шүкір,-деп шыққан тегі, келген жері туралы әңгімелеп берді Райкүл апай тағдырына ризашылықпен.
Келін түсіп, қарашаңырақтың түтіні өшпегенін күтіп жүргендей Анаркүл апа бір жылдан кейін Алланың аманатын тапсырып, бақилыққа аттанған. Тұрсынқұлы мен Райкүл ошағының отын сөндірмей артында қалғанына шүкіршілікпен кетті жарықтық.
Айтпақшы, келіннің алғашқы балаға аяғы ауырлағанын естіп, абысыны, көрші-қолаңға құрсақ шашу таратқаны бар екен ғой. Сонда келініне қарата былай дегені бар.
— Шырағым Райкүл, мен немеремді көре алмаспын. Тұрсынқұлым алды – артында не  аға-інісі, не әпке-қарындасы жоқ жалғыз еді. Ендігі оның сүйеніші де, демеушісі де, қамқоршысы да сен. Құдай етегіңе берсе, көпсінбей туа бер, шырағым. Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығар, әрқайсысының өз несібесі бар.
Алла ақпейіл ананың тілеуін беріп, арты жаман болған жоқ.
Тұрсынқұл ауылдағы құс фабрикасында жүргізуші болып істейді. Райкүл де сонда жұмысқа орналасқан.  Былайғы жұртқа құс бағу оңай көрінеді. «Уақытылы жем-суын беріп, астын тазалап тұрсаң болғаны. Күнделікті туған жұмыртқасын жинап ал да, тиісті жерге өткізе бер», — деп ойлайды бәрі де. Жоқ, олай емес. Тауықтар нәзік келеді. Оларға жылы қора, жеткілікті жем-су керек. Саңғырығын жиі тазалап тұрған дұрыс. Сонда ойдағыдай өнім алуға болады.
Фабрикада тауықтың етті және жұмыртқа беретін түрлері бар. Әрқайсысының күтімі әртүрлі. «Алдына жем шашсаң болды, етті де, жұмыртқаны да көп береді»,-деп ойлау жаңсақтық. Бірінші кезекте оларға беретін жем құнарлы болуы керек. Ол ғылымға негізделген технологияға сай дайындалады. Тауықтардың жемі сараптамадан өткізіліп, мамандардың рұқсатымен ғана беріледі. Содан кейінгі ең ескеретін мәселе-құстардың денсаулығы. Тауықтарға жылдың әртүрлі мезгілдеріне қарай вакцина егіледі. Дәрілер түріне қарай құстың санына, қанатына салынады. Кей дәріні суға араластырып беру керек. Олардың мөлшерін сақтамасаң, «малыңды» өлтіріп алуың мүмкін.
Райкүл құс күтіміне қатысты осындай қат-қабат жұмыстарды уақытылы,  ұқыпты әрі тиянақты атқаруға дағдыланған. Жұмысқа жоғары, жауапкершілігі арқасында фабрикада құс еті, жұмыртқа жөніндегі жоспардың асыра орындалуына зор үлес қосты. Еңбегі еленіп, құрметтен кенде болған жоқ. Алған марапаттары мен сый-сияпаттары да бар. Ол фабрикада жүргенде «Еңбек ардагері» медалімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Бесжылдық озаты», «Коммунистік еңбектің екпіндісі» төсбелгілерімен марапатталған. Халық депутаттары  аудандық Кеңесінің  депутаттығына сайланып, қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. Қазір сол бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ардагер құс өсіруші Райкүл Рапишеваның өміріндегі марапаттарына мына беріде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 25 жыл» мерекелік медалі мен «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Байзақ ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері қосылды.
Еңбекті ана болуымен ұштастырған Райкүл Рапишева өмірге 8 бала әкелген. Сөз басында айтқанымыздай, олардың 6-уы үш рет қатарынан туған егіздер. Райкүл балалы болған кезде көмектесетін ешкімі жоқ еді. Енесі қайтыс болып кеткен. Басқа ауылда тұратын анасының өз балалары мен немерелерінен қолы босамайды.
Алғашқы перзентінен кейін бір жыл бала күтімімен үйде отырған. Енесінің өсиетімен сәбиіне жақсылап қарап, үйде болуды ойлады. Құдайға шүкір Тұрсынқұлдың табысы жетіп жатыр. Отбасында жанбасы да көп емес. Ол ойы жүзеге аспады. Өндіріске керек екен. Фабрика жұмысқа шақырды. Баласын жұмыс орнындағы бөбекжайға қабылдады. Онда тәрбиешілер мен күтушілер балаға жақсы қарайды. Еш  алаңдамауға болады.
— Балалардың бәрі де балбақшада тәрбиеленді. Тіпті өз үйлеріндей үйреніп алған. Бірақ, олардың жаялықтары мен жөргектері таза, құрғақ, жылы болуы керек. Жұмыстан келе ас дайындай жүріп, жөргек-жаялықтарды жуып, жайып қоюға да үлгеремін. Қайран жастық ай!,- десеңізші, бәрін еш қиналмастан атқардым. Алғашқы екеуі Гүлжан мен Нұрлан жалқы ғой, олардың күтімінде еш қиналыс болған жоқ. Егіздердің алғашқысы Асан мен Үсен дүниеге келгенде  «қиналатын шығармын» деп ойлағанмын. Бала күтімінен әжептәуір тәжірибелі болып қалған кезім, үлгердім бәріне де. Егіздерді айқастыра бесікке бөлеп тастаймын. Оның үстіне Гүлжаным бесік тербетуге жарап  қалған. Ол да қолғанат,-деп еске алады сол қызықты кездерді Райкүл Рапишева.- Алғашқы егіздер дүниеге келгенде фабрика екі балаға арналған бесік-арба сыйлаған. Қайда барсам да, сол арбаға салып алам. Сол арбаға кейінгі екі егіз-Нұржан мен Ержан, Элмира мен Гүлмира да мінді. Күтіп ұстағандықтан арба бұзылған да, ескірген де жоқ.
Көп бала көгергенімізге жақсы, бүгінде сол балалар әрқайсысы бір-бір үй болып, Тұрсынқұл аға мен Райкүл апаға немере, шөберелер сыйлады. Алланың ісі ғой, Тұрсынқұл аға солардың біразын көріп, қылықтарын қызықтап, сәбилік, еркелік мінездеріне сүйсініп, 72 жасында бақилық дүниеге аттанып кете барды жарықтық,-деп еске алады Рыскүл апай.
Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ, Райкүл апа өмір сыйлаған 8 перзенттің үшеуі бұл дүниеде жоқ. Асанның сыңары Үсен 2016 жылы 46 жасында қайтыс болды. Бір шүкіршілік, артында 2 ұл, 2 қызы бар. Үшінші егіздің бірі Гүлмира кішкентайында шетінеп кеткен, екіншісі Элмира да бақилық. Құдайдың құдіреті, ол да ағасының жасында-46 жаста өмірден озды. Артында Ақерке, Қаламқас атты қыздары қалды. Үлкені тұрмыста, кішісі Райкүл апасымен бірге тұрып жатыр.
-Апамның айтқанындай, балаларымның әрқайсысының өз нәсібесі болады. Ол әрине, бірінші Алланың, екінші мен жұмыс істеген фабрика басшылығы қамқорлығының арқасы. Фабрикада С.Тойтанбаев, В.Рубальский, В.Коцендорн, Қ.Жабағиев сынды директорлармен жұмыс істеппін. Күйеуім де, мен де сонда жұмыс істегендіктен, бұл басшылардың қай-қайсысы да бізге көпбалалы отбасы ретінде қамқорлығын аяған емес. Қамқорлық емей немене, тұңғышымыз Гүлжан фабрика жолдамасымен Алматы зоотехникалық-малдәрігері институтында оқып, мал дәрігері мамандығын алып шықты. Мамандығы бойынша жұмыс істеді. Қазір Алматыда тұрып жатыр. Бекен күйеубала екеуінің екі ұл, екі қызы бар. Қарашаңырақта отырған Нұрланымыз өз ізденісімен Ресейдің  Ярослав қаласында оқып, зоотехник мамандығын алып келген. Қазір Әулиеата әуежайында күзет бастығы. Өзімен бірге жұмыс істейтін Гүлжан келінім екеуінен 4 немерем бар. В.Рубальскийдің директор кезінде ғой деймін, фабрика жолдамасымен Асан мен Үсен Алматы зоотехникалық – малдәрігерлік институтында оқып, екеуі де мал дәрігері мамандығын алған. Асаным-осы Көктал ауылында лицензиялы малдәрігері. Гүлбану келінім-мұғалім. Олардан 3 немере сүйіп отырсам, үлкені Мадиярдан Ахмедияр атты шөберем де бар.
Екінші егіз Нұржан мен Ержан да 50-ден асты. Нұржаным 5, Ержанымнан 3 немере көрдім. Олардың кейбіреулерінен шөберелер де бар.
Нұржаным мен Ержанымның үйлеріндегі Рәйкүл, Гүлназ келіндерім ерлерінің жағдайын, балаларының күтімін жасап отыр,-деп ақжарқын ана «Құдайдан жасырмағанды, адамнан несіне жасырайын» деген сипатта әулеттің қазіргі жай-жағдайын да баяндап тастады.
Райкүл апа елдің аман, жұрттың тыныш, заманның амандығына шүкір етіп отырған жайы бар. Дегенмен, Шерағаң-Шерхан Мұртаза айтқандай, бір кем дүние! Алтын құрсақты ананың биліктегілерге бір өтініш-тілегі “Алтын алқалы” ана екенін, оның ішінде үш егізді қатарынан дүниеге әкелгенін ескеріп Тараз қаласынан пәтер берсе деді.
— Элмирамнан қалған аманат қамқорымды ешкімге жәутеңдетпей өсіріп, жетілдірсем деген арманым бар. Жаста келіп қалды ғой. Сонда да болса қамкөңіл Қаламқасымның жайы алаңдатады. Әйтпесе, жетпей жатқан ештеңе жоқ, үйде, жайда бәрі бар. «Сұраншақ кемпір екен» десе дер, дегенмен жоғарыда отырғандар менің осы өтінішімді ескерсе екен!-деді қоштасарда Райкүл апа.
Менің ойыма қазақтың «өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше…» деген мәтелі оралды. Себебі бар ғұмырын балаларына арнаған Райкүл ананы осындай өтініш жасауға тұлдыр жетім жиен немересі Қаламқастың тағдыры мәжбүрлеп отырғанын түсіндім. Шіркін, жоғарыда отырғандар да осылай түсініп, қамқор қолын созса нұр үстіне нұр болар еді-ау.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан  Журналистер одағының  мүшесі.

Comments (0)
Add Comment