Балықтың инвазиялық аурулары – балық өнімділігін тежейтін басты фактор. Сондықтан балық өсетін су қоймаларында ихтиопаразитологиялық жағдайды дер кезінде айқындап, табылған ауру түріне қарсы күрес жолдарын ұйымдастыру өте маңызды. Елімізде балық ресурстарына бай ірілі-ұсақты 48 262 көл мен 85 мың өзен бар. Олардың жалпы аумағы 7,5 млн гектар шамасында.
Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қазіргі жүйесі балықтар мен басқа да су жануарларының эпизоотиясының ерекшеліктерін, соның ішінде олардың ауруын диагностикалауды, алдын алуды және емдеуді толық қамтымайтынын атап өткен жөн. Мысалы, биыл мамырда белгілі болғандай, Астана қаласында 100-ден аса өндірістік орын санитарлық қадағалаудан өтпеген өнімдерді саудаға салыпты. Кейбір зертханаларда зерттеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Сауда орындарына түскен балықтар аудандық зертханаларда тексерілмейді, себебі ауланған балық ол жерге жетпейді, ал жете қалғанның өзінде тексеретін маман да жоқ.
Балықтарда балаңқұрт кезінде тіршілік ететін кейбір паразиттер адам ағзасына немесе етқоректі жануарға түсіп, ауру тудыруы мүмкін. Республикалық ветеринарлық зертхананың ихтиопаразитарлық және ғылыми экспедициялардың зерттеуімен елімізде адам мен етқоректілерге қауіпті 13 инвазиялық ауру анықталған. Олар – описторхоз, меторхоз, анизакидоз, контрацекоз, порроцекоз, эустронгилидоз, апофаллоз, гнатостомоз, эхинохазмоз, метагонимоз, диоктофимоз, дифиллоботриоз, псевдамфистомоз.
Каспий теңізінде және Жайық, Қиғаш өзендерінде паразиттің 28 түрімен залалданған балықтар анықталды. Тексеру барысында балықтардың ішінде адам мен етқоректілердің денсаулығына өте қауіпті анизакис, порроцекум, контрацекум, эустронгилидес және описторхис балаңқұрттарымен зақымданған балықтар бары дәлелденді. Анизакидоздар (анизакис, порроцекум, контрацекум) қоздырғышының балаңқұрттары каспийлік, долгиндік пен үлкен көзді майшабақ, беріш, көксерке, ақмарқа, қылышта, жайында, теңіз көксеркесінде, парсы және орыс бекіресінде, шоқыр, табан, балпан, қаракөз, шабақ, тікенді балық, айнакөз, көктыран, кутум және алабұғада табылды. Анизакидоз Каспийде ғана табылып тұрған жоқ, шетелдерден келетін балықтарда да жиі кездесіп жатады.
Ғылыми экспедициялардың дерегінде эустронгилидоз қоздырғышы – Жайық, Қиғаш, Марқакөл, Балқашта, анизакидоз – Жайық, Қиғаш, Бұқтырма су қоймасында, контрацекоз – Арал, Сырдария, Бұқтырма су қоймасында, Іле, Шу, Талас, Балқаш, Алакөл, Билікөлде, порроцекоз – Жайық, Сырдарияда, гнатостомоз – Аралда, диоктофимоз – Сырдария және Аралда, апофаллоз, метагонимоз, псевдамфистомоз, эхинохазмоз, дифиллоботриоз қоздырғыштары Каспийде тіркелгені баяндалған.
Бізде описторхоздың бірнеше табиғи ошағы қалыптасқан. Ертіс өзенінің алқабы гельминтоздың ірі ордасы екен. Табиғи ошақ санатына Қарағанды су қоймасынан бастап, Қорғалжын көлдеріне дейін созылып жатқан Нұра өзені, оған қосылатын Шолақ, Көктал, Шалқар, Есей, Жәнібек-Шалқар, Сұлтангелді, Біртабан сияқты көлдер жатады. Сондай-ақ Шідерті, Сілеті, Ырғыз, Торғай, Сарысу өзендері мен көктемде суы қосылатын көлдерде, Құланөтпес, Есіл өзендерінде, Шығанақ-Шідерті алабындағы көлдерде, Торғай-Шалқартеңіз алабындағы, Ырғыз, Ұлы-Жыланшық, Қабырға-Торғай алабындағы өзендерінде, Сары-Қопа-Тобыл алабындағы көлінде, Қарасөл көлінде, Байқоңыр, Ойыл, Қамысақты өзендерінде описторхоздың табиғи ошақтары анықталған.
Осы аурулардың адамдар арасында таралуына себепші болып отырған төмендегі мәселелерге тоқталайық. Біріншіден, арнаулы сату орындарынан басқа жерлерде (базарлардың және дүкендердің жанында, көшелерде) зертханадан өтпеген балықтар жиі сатылады. Екіншіден, сатылымдағы балық қандай су қоймаларынан ауланғаны белгісіз, өйткені көбіне қолдарында ветеринарлық құжат болмайды. Үшіншіден, базардағы зертханалардың көпшілігі жекеменшік қолда, сондықтан балықтарды зерттеу жұмыстарының сапасын қадағалау қиындық тудырады. Төртіншіден, балық өңдеумен айналысатын адамдар алдын алу шараларын сақтауға тиісті, оның ішінде шикі балықтың тартылған етінің және балықтың шикі өнімдерінің дәмін татуға болмайды, уақытында қалдықтарды залалсыздандыру керек. Бесіншіден, балықтың қалдығын көлге және қоқыс төгетін жерге тастауға, шикі балық пен қалдықтарын үй жануарларына беруге болмайды.
Жалпы, қауіпсіздік және санитарлық нормалардың талаптарына сәйкес зертхананың зерттеу нәтижесінде адам денсаулығына және етқоректілерге қауіпті тірі балаңқұрттары (метацеркарийлері) анықталса, балық пен өңделген өнімдерін сатуға тыйым салынады. Мұндай өнімдер «шартты жарамды» немесе «жарамсыз» санатына ауыстырылады. «Шартты жарамды» балықты тұздау, тоңазыту, ыстау немесе консервілеу жолымен өңдеуден өткізгеннен кейін ғана қолдануға болады.
Тұздау кезінде балық етінде тұздың массалық бөлігін 14%-ға жеткізе отырып (яғни 1 кг балық салмағына 140 грамм тұз, тұздаудың бірінші күнінен бастап +1, +2ºС температурада), тұздықтың тығыздығы 1,20 болуы керек. 10, 25 см-ге дейінгі ұсақ балықтарды – 21, ал 25 см-ден жоғары ірі балықтарды 40 тәулік тұздықта ұстау қажет.
Сәдібек ТОҚПАН,
ветеринария ғылымдарының кандидаты