Балғындардың күлкісі мен қуанышы

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тұрар Рысқұлов саябағында «Сиқырлы кітап» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Балғындардың күлкісі мен қуанышына толы іс-шараға жүздеген бала мен ата-ана қатысты.

Мерекелік шара «Жазғы бақ» хореографиялық композициясымен ашылып, балаларды жаз мезгілінің жарқын әлеміне жетеледі. Сахна төріне шыққан Жайдарлы жаз кейіпкері бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, оларға сиқырлы кітап сыйлады. Осылайша қызықты ертегілер әлеміне саяхат басталды.

Бағдарлама барысында әлеуметтік желілердің танымал кейіпкерлері – Instagram, TikTok және YouTube көрініс беріп, балалармен түрлі ойындар өткізіп, көңілді атмосфера сыйлады. Мерекеде Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, балаларға ізгі тілегін жеткізді.
Шараның басты ерекшелігі – «Жанды ертегілер кітабының» беттері арқылы ертегі әлеміне саяхат жасау болды. Жасанды интеллект Джиминидің көмегімен ашылған сиқырлы кітап балаларды сүйікті кейіпкерлерімен жүздестірді. Аладдин, Жасмин мен Джинннің қатысуымен өткен «Тәттілер кеші» би-интерактиві балалардың ерекше ықыласына бөленді.
Сондай-ақ көрермендер «Карамельдер» биін, «Бақытты балалық» әнін, «Гавайские приключения» хореографиялық қойылымын, Лило мен Стичтің қатысуымен өткен қызықты ойындарды тамашалады. Балалар «Теңіз толқиды» ойынына белсенді қатысып, көтеріңкі көңіл күйге бөленді.
Мерекенің келесі бөлімінде ұлттық құндылықтар дәріптелді. «Жайлауда», «Қарлығаштар» және «Киіз басу» хореографиялық композициялары арқылы туған жердің сұлулығы, халқымыздың салт-дәстүрі мен еңбекқорлығы насихатталды. Али мен Айя кейіпкерлері балаларды Отанды сүюге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және отбасын бағалауға шақырды.
Шара соңында барлық қатысушылардың қатысуымен мерекелік флешмоб ұйымдастырылып, үлкен естелік селфи түсірілді. Алтын конфеттилер шашылып, балаларға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлаған мереке жарқын финалмен аяқталды.
Балалардың шат күлкісі мен қуанышы мерекенің басты сәніне айналған бұл күн әр бүлдіршіннің жадында ерекше әсерлі сәт ретінде сақталары сөзсіз.
Comments (0)
Add Comment