Баланың тегі ретінде әкесін емес, анасын жаздыруға бола ма?

Қазақстанда әйелдер әкесінің орнына балаға өзінің тегін беретін жағдайлар жиі кездеседі. Бұл мәлімет бойынша, әкесінің тегі көрсетілетін орында анасының тегі көрсетіледі. Мұндай жағдайлар туралы Түрксіб аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Жанна Дүйсембаева айтып берді деп хабарлады turkystan.kz.

Маманның айтуынша, баланың туылуын мемлекеттік тіркеу «неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінде қарастырылған.

«Тіркеуге медициналық куәлік немесе босану фактісін анықтау туралы сот шешімі негіз болады. Ол жерде неке қию туралы куәлік негізінде ата-аналар туралы дерек енгізіледі. Сонымен қатар баланың тегіне ата-анасының немесе анасының тегі беріледі. Сондай-ақ егер орыс тіліндегі нұсқасында тегі «Мұхамеджанов» деп жазылса, қазақ тіліне тән емес -ов, -ев аффикстерін алып тастап, -ұлы немесе -қызы деп өзгертуге болады», – деді Дүйсембаева.

ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінің 63-бабына сәйкес бала есімін, әкесінің атын және тегін алуға құқылы.

«Балаға әке атын беру тәртібі еліміздің заңнамасына сәйкес белгіленеді. Біздің заңнамада «ананың аты» деген түсінік жоқ, «әкесінің аты» деген жерге анасын жаза алмаймыз. Сонымен қатар қазір көбіне әкесінің аты көрсетілмейді, алынып тасталады және баланың тегі ретінде пайдаланылады», – деді Түрксіб ауданының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы.

Айта кетейік, маманның айтуынша, қазір  балаға қос есім беруге тыйым салынбаған.

Comments (0)
Add Comment