Баланың сурет салғанына қарап нені анықтауға болады?

Балалар қолдарына қарандаш алып, қуана сурет салғанды ұнатады. Сурет, бұл – баланың өз бетімен айналысатын алғашқы көркем өнері. Түрлі түсті қаламның көмегімен кескіндерді бейнелеу арқылы ол жан-жақты дамып, әлемді таниды.

Кішкентай бүлдіршін салған суретке назар аударыңызшы. Шималанған сызықтар, түрлі пішіндердің астарында көп жайттың жатуы мүмкін. Көзі қырағы ата-ана оны байқамай қоймайды.

Бала салған сурет арқылы өзінің ішінде жатқан ойын, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімдерін білдіреді. Сондықтан болар, психологтар бала салған суретті назарға алады. Мамандардың айтуынша, бейнені сараптай отырып, оның психологиялық даму ерекшелігін, жан дүниесі нені қалайтынын, дәл қазір көңіл күйі қандай дәрежеде екенін білуге болады екен.

Әдетте, сурет басқа диагностикалық әдістерге қосымша және өздігінен ешқашан диагноздық негіз бола алмайды. Кескін баланың қалай және не туралы ойлайтынын, бір нәрсені қалай елестететінін, не сезінетінін және проблема қай жерде болуы мүмкін екенін түсінуге көмектеседі.

Неге назар аудару керек?

Баланың салған суретіне қарасаңызшы. Суретпен бала не айтқысы келді? Не ойлайды және нені армандайды? Неден қорқады? Әлемді қалай көреді?

3-4 жасқа дейін балалар қарандаш пен маркерді енді-енді игере бастайды. Алғашқы шедеврінде таяқшалар мен шеңберлерді бейнелейді. Бірақ 5-7 жастағы баланың суретінен оның ішкі әлемін толық көруге болады екен.

Десе де, мамандардың пікірінше, бір емес, бірнеше суретті қарағаныңыз абзал. Себебі әр суретті салаларда бала әр түрлі эмоцияны бастан кешуі мүмкін.

Суреттерден нені оқуға болады?

Психологтар кейбір суреттер арқылы бала үшін маңызды жайттар  – отбасы және оның ішіндегі қарым-қатынас, өзін және әлемді қалай көретіні туралы білуге болады деседі.

Отбасының суреті

Балалар көбінесе әкесі мен анасын, ата мен әжесін, бауырларын салады.

Отбасына баланың көзімен қарайық:

Бала кімнің суретін салды? Егер барлық отбасы мүшелері жиналса, ол жақсы. Бірақ кейде, мысалы, бір балалар «отбасым» деп мысық және теледидарды салады.

Отбасы мүшелерінің көңіл-күйін, ұядағы берекенің бейнесін баланың суретіне қарап-ақ білуге болады.

Суреттегі адамдардың бойы мен көлемі көп нәрсені айқындайды. Мысалы, әкесі анасынан биік тұруы мүмкін. Бұл суретті екі қырынан қарастыруға болады. Шынайы өмірде әкесінің бойы биік болуы мүмкін, әлде бұл отбасын кім басқаратынын көрсетеді.

Пішіндер парақта қалай орналасқан? Егер бүкіл отбасы бірге, ал бір адам бөлек немесе алыста бейнеленсе, онда бұл отбасындағы көріністі көрсетеді. Мысалы, әкесі жеке тұр делік. Бұл жағдайда әкесі жұмыс бабымен іссапарға кеткен болуы мүмкін, не болмаса әкесі баласына көп көңіл бөлмейтіндігін көрсетеді.

 

Өзіне ұқсайтын ұлды (қызды) салу

Өзіне ұқсайтын адамның суретін талдаған да қызық. Бала өзін қалай көреді? Нені армандап, кім болғысы келеді?

Баланың өзін қалай бейнелегеніне, дене мүшелері мен киіміне қараңызшы.

Көп адамдардың арасында өзін қалай салған? Егер кішкентай және қағаздың шет жағында салса, көпшілік ортаға кіріп кетуінде, адамдармен тіл табысуында қиындықтар бар екені туралы сигнал береді.

Балабақша немесе мектептің суреті

Жағдайды бейнелейтін суреттер – балаңыздың балабақшада, мектепте немесе дәрігер алдында өзін қалай сезінетінін дәл көрсететін сигнал. Балалар әдетте қандай сезімде екендігін ашып айта алмайды, ал салған сурет арқылы ішкі дүниесін түсінуге мүмкіндік туады.

Баладан суретте өзін тауып, қандай сезімде, қаншалықты көңілді екенін сұраңыз.

Суретте басқа адамдар – достары, тәрбиеші мен мұғалімдер не істеп жатқанын сұраңыз.

Көңілден таса қылуға болмайтын жайттар:

Баланың қалай сурет салатынына назар аударыңыз

– Қарындашты өте әлсіз басу, сызықтардың бұлыңғырлығы, ал 5-6 жастан асқан балаларда тұйық сызықтың ішіндегі аймақты көлеңкелей алмау («бояу») (көлеңкелеу контур аймағынан әлдеқайда асып түседі немесе контурға айтарлықтай жетпейді).

Бұл нені білдіреді? Бұл көріністер неврологиялық бұзылулар, көру немесе тірек-қимыл аппаратының, ұсақ моториканың бұзылуы туралы айтуы мүмкін. Педиатр мен невропатологқа көрсеткен абзал.

– Суретте адамның ішкі органдары салынған. Әрине, ханшайымның немесе ханзаданың боялған жүрегі есепке алынбайды. Бірақ егер бала көбінесе ішкі ағзаларды егжей-тегжейлі бейнелесе, онда психиатрмен кеңесу керек.

– Дене бөліктерінің бөлінуі: қолдар мен аяқтар денеге қосылмаған, дене бөліктері бір-бірімен байланыспаған немесе бала адамның тұтас суретін сала алмайды.

Бұл нені білдіреді? Бұл жүйке жүйесінде ауытқулар барын немесе психикасының бұзылғанын көрсетуі мүмкін. Балалар психологына апарған жөн.

– Стереотиптік сызбалар: бір сурет бірнеше рет қайталанады, элементтері, түстері, парақта орналасуы бірдей.

Бұл нені білдіреді? Бұл психологиялық бұзылулардың белгісі болуы мүмкін. Мысалы, бала үшін бір нәрсе өте маңызды, ол қандай да бір жағдайды қабылдай алмай жүргендігін көрсетеді. Психологтың кеңесіне жазылған абзал.

The small girl draws pencils with mother lying on a floor

– Суреттерде адамдар мен жануарлар мүлдем жоқ: бала тек жансыз заттарды салады.

Бұнымен не айтқысы келді? Бұл қоғамда қарым-қатынас орнатудағы қиындықтардың белгісі немесе аутизм спектрі сияқты неврологиялық бұзылулардың көрінісі болуы мүмкін. Невропатолог және балалар психологымен кеңескен жөн.

– Агрессияға қатты назар аудару – жануарлардағы үлкен тістер, қару-жарақ, жарылыстардың бейнелері, зардап шеккен адамдар мен жануарлар, қираған ғимараттар. Суреттердегі қара және қызыл заттардың көп болуы.

Бұл нені білдіреді? Бұл балада қатты қорқыныш пен жасырын (немесе ашық) агрессияны, оның басынан өткерген зорлық-зомбылықты және оның қатты әсер еткен жағдайының немесе жаңалықтарының ізін білдіретін белгі. Балаңызбен сөйлесіңіз, ол неге дәл осы суретті салғанын сұраңыз. Ол сурет салғаннан кейін өзін қалай сезінді? Қорқыныш әлде ашу сезімі болды ма? Бұл жағдайда да психологқа барған дұрыс.

– Адамдардағы жарақаттар: кейде суреттер баланың айтуға қорқатын физикалық ауруларын көрсетеді. Суреттердегі адамдардың немесе жануарлардың жарақаттанған жеріне қараңыз. Мүмкін бала дәл сол жерін ауыртып алған болар?

– Сурет салудан бас тарту. Әдетте балалар қолынан келетін кез келген істі қуана жасайды. Егер қандай да бір себептермен сурет салу қиын болса, онда бұл жасырын проблемалардың көрсеткіші болуы мүмкін.

Бұл нені білдіреді? Мүмкін, баланың ұсақ моторикасы дамымаған және сурет салу өте қиын болар (бұл жағдайда балалар невропатологымен кеңесу керек). Сурет салудан бас тарту психологиялық проблемалардың көрсеткіші болуы мүмкін – бала қателесуден қорқады. Мүмкін бала қиын жағдайды бастап өткеріп, өз сезімін көрсетуден жасқанады. Бұл кезде балалар психологына жүгінген жөн.

– Жалпы, сызбаларға назар аударыңыз. Егер түстер өзгеріп, суреттің мағынасын түсінбесеңіз, психолог маманнан сұрауға ұялмаңыз. Балаңыз салған сурет – оның ішкі дүниесінің айнасы.

Балаңызбен оның суреттері туралы жиі сөйлесіңіз. Бұл өзара қарым-қатынастың жақсы көрінісі. Сіз сурет арқылы балаңызды не мазалап, нені армандайтынын біле аласыз.

«Кімді және нені салдың? Неге бұл түсті таңдадын? Неге бұл адамды мына жерде салдың? Суреттегі адамдар не істеп жүр?» деген сияқты түрлі сұрақ қоюдан ұялмаңыз.

Кейде бала бір нәрсені тікелей айта алмайды. Бірақ балаңызды мазалап жүрген мәселелерді салған суретіне қарап отырып білуге болады.

Бір сөзбен айтқанда, бала салған суреттерден оның сезімін көруге болады.

 

https://turkystan.kz/article/202163-balanyn-suret-salganyna-karap-neni-anyktauga-bolady/

Comments (0)
Add Comment