Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен VIII шақырылған қалалық мәслихаттың төртінші сессиясы өтті. Жиынды ашқан мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай әуелі депутаттарды күн тәртібімен таныстырды.
Бұдан кейін сөз алған Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру туралы баяндады.
– Ағымдағы жылдың жаз айларында білім алушыларды жазғы демалыспен қамту, оның ішінде оларды сауықтыру бойынша жергілікті бюджет есебінен қаражат көзі қарастырылып, білім бөлімі тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Дәлірек айтатын болсам, 5 маусымнан бастап 14819 баланың жазғы демалысы мектеп жанындағы демалыс алаңдарында ұйымдастырылып және қала сыртындағы балаларды сауықтыру лагерьлерінде 764 баланы қамтып үлгердік. Бөлімге қарасты 62 білім мекемесінің жанынан лагерьлер ашылып, бірінші кезең – 5-16 маусым аралығында, екінші кезең 19-30 маусым күндері аралығында жұмыс жасайды. Бірінші кезеңдегі 14819 баланың ішінде 8547-сі бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр, – деді Раушан Пернешқызы.
Келесі кезекте сөз алған қалалық мәслихат депутаты Эльмира Абдинова «Білім беру ұйымдарында балалардың демалысы мен сауықтырылуын қамтамасыз ету іс-шараларының орындалу барысы туралы» туындаған мәселелерді тілге тиек етті.
– Білім беру ұйымдарында балалардың демалысы мен сауықтырылуын қамтамасыз ету іс-шараларының орындалу барысын зерделеуде қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы мектеп жанындағы және қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінің жұмысымен танысты. 14 мектеп және қала сыртындағы «Берікқара» лагерьлерінің жұмысын көзбен көрдік. Жылдағыдай биыл да әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасы балаларының жағдайы ескеріліп, сонымен қатар білім озаттары мектеп жанындағы лагерьлерде тегін демалуына мүмкіндік қарастырылған, – деді халық қалаулысы.
Сондай-ақ сессия барысында күн тәртібіне сәйкес, 2022 жылғы қалалық бюджеттің атқарылу есебі, қаланың бірқатар құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау, мүгедектігі бар балаларды жеке оқыту, шаһар бойынша шетелдіктер үшін ағымдағы жылға арналған туристік жарна мөлшері, сонымен қатар жер учаскелеріне құқық беру жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы шешімдер қабылданды.
Тараз қаласының әкімдігі