Балабақшадағы тәрбиешілердің кәсібилігі қадағалана ма?

Соңғы жылдары мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде қызметкерлер арасындағы жанжалдар мен бүлдіршіндерге деген әлімжеттік көбейді.

Теміртау қаласы “Әдемі” балабақшасында 30 қаңтарда болған тәрбиеші мен медбикенің жанжалы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл жерге балаларын тәрбиелеуге берген ата-аналардың жан айқайы жарияланған инстаграм желісіндегі жазбада олар жергілікті билік органдарынан көмек сұрайды.

Сол балабақшада балалары тәрбиеленіп жатқан Илона Суслованың Newsroom тілшісіне берген сұқбатында, мұндай жағдай балалардың көзінше болғанын жеткізді.

“Видеода көріп тұрғандарыңыздай, медбикенің тәрбиешіге қол көтеруі алғаш рет емес. Бұған дейін де оның қызметкерлермен, ата-аналармен ұрыстары жиі болатын”, – деді Суслова.

Ата-аналардың айтуынша, бұл төбелес медбике тәрбиешіні келесі бөлмеге шығармай қойғанда басталған.

“Менің қазіргі мақсатым – бұл медбикенің балалармен жұмыс істейтін мекемелердің ешбіріне жұмысқа алмайтындай, қызметтен кетуін талап ету”, – дейді шағымданушы ана.

Желіден анықтаған деректерге сүйенсек, қазір бұл балабақшада 31 қаңтардағы ата-аналардың шағымымен тәрбиеші жұмысын тоқтатқан. Ал, медицина қызметкері уақытша демалысқа жіберілген.

Осыған ұқсас жағдай өзге де балабақша не арнайы мекемелерде болады. Мысалы, 17 қаңтарда Астана қаласындағы “Балам-ай” инклюзивті білім беру ұйымында ерекше күтімді қажет ететін балаға қысым көрсетілгені анықталды. Бұл туралы ақпарат алу мақсатында, Newsroom тілшісі балабақшаның өзіне хабарласты. Алайда, олар бұл іс бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын айтып, сұхбат беруден бас тартты.

Балаларға жасалып жатқан мұндай әрекеттерге қатысты құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. M.Narikbayev атындағы KAZGUU профессоры, құқықтанушы Ердос Хамзин де мұндай әрекеттердің қоғам назарынан тыс қалмауы керек екенін айтады.

“ҚР бала құқықтары туралы 2002 жылы қабылданған 345-баптың II тармағына сәйкес, психикалық және физикалық дамуында ерекшеліктері бар балаларға ерекше мұқият көңіл бөлінуі керек”, – деді Хамзин.

ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметкері Newsroom тілшісіне қаңтардың 17-сі Астана қаласында болған оқиға бойынша тәрбиеші жұмыстан босатылып, балабақшаға байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

“Елімізде 2011 жылы балаларды толықтай мектепке дейінгі біліммен қамту мақсатында, балабақшаларды лицензиялау жұмысы тоқтатылды. Алайда, 2020 жылы қазіргі Оқу ағарту министрлігі бұл қаулыны қайта енгізуге әрекеттенсе де, көптеген ұйымдар мен “Атамекен” ҰКП да қарсылық танытқан. Енді тек 2024 жылы балабақшаларды лицензиялау заң жобасы қайта іске қосылуы мүмкін”, – деді уәкілдік қызметкері Александр Ляхов.

Бала психологтары мұндай жағдай бүлдіршіндердің психологиясына әр деңгейде әсер ететінін айтады.

“Осындай оқиғалардың залалы бала бойындағы сенімсіздікке алып келеді”,– дейді бала психологы, “UGAI school” білімге дейінгі жетілдіру мектебінің негізін қалаушы Жайна Толқын.

“Тәрбиешілерді жұмысқа алар кезде оның психологиясы мен денсаулығына байланысты  құжаттарды талап ету қажет. Алайда, көп тәрбиешілер балаларға қысым көрсетуді күнделікті нәрсе ретінде қабылдауы мүмкін”, – дейді психолог өз сөзінде.

Оқу ағарту министрлігі өкілінің айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қызметкерлерді қабылдау арнайы бекітілген конкурстық негізде өтеді.

“Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңына сәйкес, кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде педагог өзінің кәсіби шеберлігін, зерттеу, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге, оның ішінде біліктілік санатының деңгейін кемінде 3 жылда бір рет растауға міндетті”, – делінген министрлік ақпаратында.

Айта кетейік, Астана қаласы Полиция департаменті Newsroom тілшісіне соңғы 2 жылдағы балабақшалардағы құқықбұзушылық статистикасын беруден жалтарды.

https://turkystan.kz/article/214055-balabakshadagy-terbieshilerdin-kesibiligi-kadagalana-ma/

Comments (0)
Add Comment